«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жатақханалар жайлаған аймаққа айналмасын

0 43

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев халық көбірек шоғырланған оңтүстік-шығыс ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті. №74 мектеп-гимназиясында өткен жиында «алматылықтар» әкімнің баяндамасын тыңдап, оған тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

Оң жағалауда тұрып, сол жағалауда жұмыс істейтіндер автобустардың нашар жүретініне ренжулі. Аудан ақсақалы: «Сол жағалауға баратын автобустар аз, тек №21 бағыттағы автобус жақсы жүреді. Ал №50 кімге жұмыс істеп жүргенін білмеймін. 5-6 адамды мінгізіп алып, әрі-бері тасиды. Экспресс-маршрут билет бермейді, ал оның ақшасы қайда кетіп жатыр? Халыққа игі істер жасап-ақ жатырсыз­дар. Бірақ оның барлығын осындай жайттар бұзады» деді. Сондай-ақ, аялдамалар жайы да айтылды. Әкім Жолаушылар көлігі басқармасының өкіліне бір жылдан бері уәде етілген аялдамалар мен автобустарды осы жылдан қалдырмай шешуге тапсырды.
Келесі болып микрофон алдына шыққан аудан тұрғыны әкімнің ұялы телефон нөмірін сұрады. Әділбек Сәрсембаев өтінішті жерде қалдырмай, телефон нөмірін жалпақ жұрт­қа жариялады. Сол сәтте аудан тұрғыны әкімнің қалта телефонына қоңырау шалып, берілген нөмірдің дұрыстығына көз жеткізді. Біз Алматы ауданы тұрғындары үшін Әділбек Сәрсембаевтың нөмірін жария­лаймыз: 8 (777) 001 25 78.
Оңтүстік-шығыс ықшам ауданының тұрғыны жол бойында қаптап тұрған көліктердің жайы туралы айтты. Оның айтуынша, істен шыққан, ескі-құсқы көліктерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Әсіресе, М.Жұмабаев аялдамасындағы техникалық қызмет стансаларында ондай көліктердің саны өте көп екен. Ә.Сәрсембаев ауданның полиция бөліміне бір айдан астам уақыт тапжылмай тұрған көліктер болса, иелерін анықтап, айыппұл салуға тапсырма берді.
Сондай-ақ, қала тұрғыны оңтүстік-шығыс ауданының «геттоға» айналып бара жатқанын жеткізді. «Өздеріңіз білесіздер, бұл ауданда коттедж соғып алғандардың жағдайы жақсы. Өздері тұрып жатқан ауланы күтіп ұстауға ауқаты жетеді. Бірақ, керісінше, олар барақтар мен «қоралардың» санын көбейтіп жатыр. Жатақханалар ортақ инженерлік желіге тартылғандықтан, кешке қарай тұрғын үйлердегі су қысымы азаяды» деген ол қала көркіне нұқсан келтіріп тұрған жатақханаларды тексеруді өтінді. Әділбек Сәрсембаев: «Бұл мәселені дұрыс қозғап отырсыз. Біздің мәлімет бойынша, Алматы ауданының өзінде заңсыз салынған 200-ге тарта жатақхана бар. Оларды табыс көзіне айналдырып үлгергендер міндетті түрде жазаланады» деп ашық айтты. Аудан әкімі Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Жер қатынастары басқармасы бірігіп, мән-жайды анықтап, істі сотқа жіберу керектігін баса айтты. Себебі жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілгендей, жатақханалардың орны тұрғын үй құрылысына арналған.
«Мұндай жағдайларды әкім­дікке, менің орынбасарыма хабарлап отыруларыңызды сұраймын. Бұл тек жатақханаларға қатысты емес, қоғамдық тамақтану орындары, техникалық қызмет стансалары және басқа да нысандарда осындай құқық бұзушылық кездесіп жатады. Былтыр полициямен бірігіп, Балқантау көшесінде рейд ұйымдастырған болатынбыз. Нәтижесінде көшеде ашықтан-ашық құрылыс материалдарын сатып отырғандар ұсталды» деді Алматы ауданының әкімі.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды