«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жатақхана құрылысы қарқын ала ма?

0 26

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев былтыр «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде ел дамуы үшін өзекті мәселелерді қозғап өтіп, олардың шешім жолдарын да көрсеткен.

Біз осы орайда «Жоғары бі­лім алудың қол­­жетімділігі мен сапасын арт­­тырып, студент жастардың жатақханадағы жағда­йын жақсарту» атты үшінші бастамасына тоқталып өтуді жөн көрдік. Үндеу жарияланғалы бергі бір жыл ішінде қандай шаруалар атқарылды? Ал бірер ай бұрын ғана жаңа жұмысына кіріскен Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жатақхана тапшылығын қалай шешпек?
«Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.
Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.
2022 жылдың соңына де­йін студенттерге арнап ке­мінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын» деп Нұрсұлтан Назарбаев былтыр нақты тапсырма берген.

5 жылға – 225 млрд теңге

Елбасы Үндеуін жариялағаннан кейін сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев араға бір апта салып бес әлеуметтік бастама қалай жүзеге асатынын мәлім еткен. Ол кезекті баяндамасында мемлекеттік бюджет есебінен жатақханалар салу үшін 5 жылға кететін шығын 225 млрд теңгені құрайтынын жеткізген болатын.
– Біз түрлі банктермен, жоғары оқу орындарымен, құрылыс компанияларымен, Ұлттық банкпен, Қаржы және Ұлттық экономика министрлігімен бірнеше жиналыс өткіздік. Бәріне ыңғайлы, түсінікті және ашық механизмге келіп отырмыз. ЖОО немесе құ­рылыс компаниясы, әлеумет­тік кәсіптік компания жер болса сол жерге, болмаса әкімшіліктен жер алып не болмаса сатып алып, ең алдымен жатақхананың жобалық-сметалық құжаттама жобасын да­йындауы қажет. Сол жобада қанша жатын орын салынатындығы көрсетіледі. Одан ке­йін министрлік Қаржы орталығымен сол салынатын орындарға келісім жасайды» деген еді министрлік басшысы.
Министрлік ұсынған жобаға сәйкес университет не болмаса құрылыс компаниясы жатақхана салатын болса, пайдалануға берілген күннен бастап белгілі кезеңге дейін ай сайын бір орынға мемлекеттік субсидия төленіп отырады екен. Қазіргі уақытта алдын ала жоба ретінде бір жатын орынға жыл сайын орташа есеппен 200 мың теңге көлемінде 8 жыл бойы мемлекеттік субсидия төленді. Егер осы құрылысты мемлекеттік бюджеттен салсақ, 5 жылдың ішінде 225 млрд теңге жарататын боламыз. Ал ұсынылып отырған механизмге сәйкес мемлекеттен тек қана 29 млрд теңге ғана жұмсалады. Қазіргі есеп бойынша 5 мың орын толығымен 2019 жылы беріледі, – деп ойын аяқтады.

Елордада 88 мың студент бар

Шыны керек, жатақхана тап­шылығынан әсіресе төртінші курс студенттері көбірек зиян шегіп жатады. Соның салдарынан бірнеше жас бірігіп, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатынын жиі көреміз. Мәселен, бір ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы бас-аяғы 32 жатақхана 14 мың студентке ғана шақталыпты. Ал бас қаламызда 88 мың жас білім алып жүр.
– Үш жыл жатақханада тұрдым. Соңғы курсқа жеткенде мен де бөлмемді босатуға мәжбүр болдым. Себебі бізде жоғары курс студенттеріне орын қарастырылмаған. Бұл олқылық кімнің болсын оқу үлгеріміне кері әсерін тигізері сөзсіз, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегі Нұржан Жалғасұлы.
Мұндай жағдай елордалық студенттер арасында жиі кездеседі. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов осы мәселені шешу үшін 17 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі бөлінгенінен хабардар етті.
– Қазір хостелдерге колледж студенттерін орналастыру жөнінде қанатқақты жоба қолға алынды. Бұл үшін айына жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлініп отыр. Бір студентке айына 22 мың теңге бөлінеді, ал студент қалған 5 мың теңгені өзі төлейді. Біріншіден, бұл бизнеске жаңа серпін береді. Екіншіден, колледждердегі 860 студенттің оқу кезінде тұрғын жаймен қамтамасыз ету мәселесі жедел шешіледі. Өйткені жатақхана салынғанша әлі біраз уақыт бар, – деді Бақыт Сұлтанов.

Биыл бас қалада 29 жатақхана беріледі

Жоғары деңгейдегі білім беру жүйесін құру үшін алдымен студенттердің жағдайын қамтамасыз ету керек. Жақында Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин жатақханаларды уақытылы қолданысқа енгізуді тапсырған. «Әкімдер ректорлармен және оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, студент жатақханаларын салу жұмысын жандандырып, жоспарланған нысандарды уақытында тапсыруды қамтамасыз етсін» деп Үкімет басшысы тапсырған.
Отырыс барысында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бас қаламыз­дағы биылғы жоспар 184 пайызға орындалып, Ерлан Сағадиев межелеп кеткен 5 мыңның орнына 9196 орын қолданысқа берілетінін мәлім етті.
– Еліміздің тарихында мұндай көрсеткіш болған емес. Ұзақ уақыт бойы салынған жатақханалардың мақсатты құрылысы жүргізілді. Осыған дейін жылына көп дегенде 2-2,5 мың орын пайдалануға берілетін. Бұл жобаны іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану өз тиімділігін көрсетті, – дейді вице-министр Бибігүл Асылова Үкімет отырысынан кейінгі журналистерге берген сұхбатында.
Бұған қоса 2019 жылдың үшінші тоқсанында басқару колледжінің, «Астана» медициналық университетінің жатақханалары, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жатақханасы қайта жөндеуден өтеді.
Айтарлығы, Нұр-Сұлтан қаласында жатақхана ақысын әкімдік тарапынан субсидиялау тетігі енгізілген. Қазір 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қамтамасыз ететін 43 жоба іске асырылып жатыр. Себебі салынатын жатақханалардың 20-сы кәсіпкерлердің, 24-і оқу орындарының, ал оның ішінде 13-і жекеменшік оқу орындарының бастамасымен жүзеге асады.

Үздік жобалар таңдалады

Білім және ғылым министрлігі еліміздің әр өңіріне талдау жүргізіп, нәтижесінде Қазақстанда 91 мың студент жатақханаға мұқтаж екенін анықтады. Олардың ішінде жоғары оқу орындары бойынша – 68 мың, ал колледждер бойынша – 23 мың. Ал басым бөлігі мынадай қалаларда орналасқан: Алматы қаласы – 31 мың орын, Нұр-Сұлтан қаласы – 17 мың орын, Шымкент қаласы – 8,4 мың орын. Елбасының тапсырмасы бо­йынша осы олқылықтың бәрі 2022 жылға дейін өтелуі тиіс.
Ал өңірлерде жатақханалар құрылысын көбірек жүргізу үшін инвесторлармен кездесулер өткізіледі. Қазір жобаның арнайы сайты іске қосылды. Аталған министрлік инвесторларды кеңінен тарту үшін осы жылдың мамыр-қыркүйек айларында үздік жобалар акциясын өткізеді. Айтпақшы, жатақханаларға кететін жалпы шығын көлемі 152 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба қазір толықтай қаржыландырылыпты.

Төмен стипендияға септесер еді

Сөз орайы келгенде айтарымыз, білім саласында ақсап тұрған тұстарымыз бір ғана жатақханамен шектеліп қалмайды. Студенттер арасында түйіні шешілмеген мәселелердің тағы бірі стипендия жайы болып тұр. Біздегі ЖОО-лар үшін ең жоғары деген президенттік стипендияның мөлшері 20949 теңге болса, колледж жастары небәрі 16759 теңге алады. Бұл жатақханасы жоқ студенттер үшін жүрер жолы мен ішер тамағынан артылмайды. Ал біздегі шәкіртақы әлемнің озық елдеріндегі жағдаймен мүлдем салыстыруға келмейтіні анық. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта жастардың шәкіртақысына да ерекше мән бергені жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды