«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жат ағымның кетпеңіз жетегінде…

0 171

Бүгінгі таңда көптеген елдерді алаңдатып отырған мәселе – діни экстремизм мен терроризм. Әсіресе, жастардың жат ағымның ықпалына түсуінің алдын алу – күн тәртібіндегі бас­ты мәселе. Тұрақты діни ахуалды қалыптастыру мақсатында құрылған «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» деструктивті, псевдодіни ағымдар туралы шынайы ақпараттар таралуымен және олардың ықпалынан зардап шеккендерге көмек көрсету мәселелерімен айналысады.

Дін проблемаларын зерттеу орталығында қайта бейімделу про­цесінен өтіп жатқан азаматтың бірі – Сырымбет Жүнісов. Ол – 2013 жылы жат ағымның жетегінде топ құрып, елорданың адам көп жүретін бірнеше жерінде жарылыс ұйымдастырмақ болғандардың бірі. Еліміздің құқық қорғау органдары тез арада іске кірісіп, топты құрықтап үлгермегенде астанамызда салдары көп қайғылы оқиға орын алары мүмкін еді. Жайбарақат жүрген жұртты жарып жібермек болғандар алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге сотталды. Бүгінде жазасын өтеп шыққан азамат дәстүрлі исламға оралып, ханафи мәзхабына бет бұрды. Үйде қазақы салтты ұстанамыз дейді. Адал еңбек етіп, нәсібін тауып жүрген азаматтың қоғамға сіңісіп, қалып­қа түссем деген ізгі ниеті бар.
– Сіздің осы жолға түсуіңізге себеп болған не жағдай?
– 2001 жылы намаз оқи бастадым. Жалындап тұрған кезіміз. Ақиқат іздейсің, ізденіс болған жерде уағыздар тыңдайсың. Ол кезде аудиокассеталар бар еді ғой, Назратулла, Ділмұрат деген уағыз­шылар шықты, солардың дағуасын тыңдай бастадық. Радикалды ұйым құру, жиһад жасау деген ойға кеттік. Дұрыс түсінбеуімізге уағыздар себеп болды. Кафирлердің дүниесі халал дейді. Сол себеппен кафирлердің дүние­сін алып қоюды мақсат еттік. Сауаттың жоқтығы, діни білімсіздіктен жиһадтың не екенін білмедік.
– Ол кезде мешітке келмеуші ме едіңіз?
– Мешітке келгенде намаз оқып кете беретінбіз, тоқсаныншы жылдардың аяғы болатын, ол кезде мешітте дағуа жүрген жоқ, уағыз аз болатын, дін танитын адам санау­лы болды, мемлекет тарапынан да дінге көңіл бөлінбеген кез. Оның үстіне жас кезімізде бұзық болдық, дұрыс арнаны таппадық па…
– Қандай отбасында өстіңіз?
– Қазақы тәрбиеде өстім, Павлодар облысында қазақ мектебі болмай орысша оқыдық, бірақ, үйдегі тәрбие қазақша болды. Нағашыларым намаз оқитын адамдар еді.
– Топта басшы болдыңыз ба?
– Мен топқа соңғы жағында кірдім.
– Қасыңыздағылар қазір қайда?
– Сол кезде топта бірге болғандардың үшеуі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр, оларға он жылға бас бостандығынан айыру үкімі кесілген болатын. Үшеуі жазасын өтеп шықты.
– Олармен байланыста емес шығарсыз?
– Жоқ. Байланысым жоқ. Ондай ойдан аулақпын.
– Қателестім деп отырсыз, дінге қатысты, жалпы өмірге деген көзқарасыңызды сол түзеу мекемесінде отырған кезде өзгерте бастадыңыз ба? Бұл бағытта тео­логтар жұмыс жасаған шығар?
– Ол жер – адамның рухын басатын, жүрегіне із қалдыратын жер, жазаңды өтеп жатқан кезде ұзақ ойланасың. Дұрыс бағыт табуға теологтардың да әсері болды. Әрине, басқа да дәлелдер табасың, өзің ойланып-толғанып сұрыптайсың, біртіндеп сол ойларыңды жүйелей бастайсың. Адам өзінің басына түскен кезде, себеп болған кезде ойланады.
– Сонда мұндағы елге жарылыс жасап, одан әрі Сирия асып, соғысқа бармақшы болдыңыздар ма?
– Көптеген елде қырғи-қабақ соғыс өршіген, мазасыз кез болатын, біздің Солтүстік Кавказдағы соғысқа қатысу туралы жоспарымыз болды, оны азаматтық борышымыз, нағыз жігіттің міндеті деп түсінгеніміз де бар.
– Неше балаңыз бар?
– Екі қызым бар.
– Сіз темір тордың ар жағында жатқанда әйеліңіз алты жыл бойы күтті ме?
– Күтті. Отбасыма да қиын болды сол кездер.
– Сіз кеткенде қыздарыңыз нешеде еді?
– Үлкені 5-сыныпта, кішісі
2-сыныпта болатын.
– Кішкентай болған екен, қыз­дарыңыздың ерекше сүйкімді кездеріне куә бола алмапсыз…
– Иә, сол жері… Қалай өскенін… Кішкентай кездерінде шынымен де ерекше сүйкімді, қылықтары қызық болатын, қыздарымның кішкенесіндегі қылықтары есімде ғой… Келсем, сәби кездегідей емес, ересек тартып өсіп кеткен, басқаша.
– Балаларыңыз интернеттен жиһадшылар туралы мағлұмат іздемей ме?
– Қыз балалар ғой, оларға қажеті жоқ деп есептеймін, өзім дін жолында болсам да әйелім де, қыз­дарым да намаз оқымайды. Қыз­дарым студент, колледжде оқып жатыр, өмірге жаңаша көзқараспен қарайды.
– Сіз дін жолындағы адам ретінде және әке ретінде оларға намаз оқыңдар деп өз пікіріңізді таңбайсыз ба?
– Жоқ, мен оларға құлшылық етіңдер деп басында айттым, қазір ештеңе демеймін, қабылдаса Алланың қалауымен, қабылдамаса тағы… Алланың қолында.
– Алты жыл әжептәуір уақыт, темір тор ішінде өткен есіл уақытыңызға ішіңіз ашитын шығар…
– Бұл маған сынақ болды, қаншама қиыншылықтар бастан өтті, отбасым да қиналды. Босқа өткен уақыт, өкінесің, әрине. Әжептәуір уақыт қой… Жас кезіңде болса жарайды дейсің, жиырмадағы жігіт болсаң, алты жылыңды сарп етсең де ары қарай да уақыт бар ғой, иншалла дер едің… Елуден астық…
– Өмірді қайта бастайтын мүмкіндік берілсе қайтер едіңіз?
– Алладан сондай мүмкіндік берілсе 15-17 жастан бастап ақи­қат іздеп, діни сауат алуды таңдар едім, өйткені мен дінге кеш, 40 жастан асқан соң келдім. Біздің ғайбат айтып, жамандық жасауға қақымыз жоқ, адамды жек көруге, оны қандай бір әрекеті бойынша сөгуге біз тиісті емеспіз, өйткені оны біз жаратқан жоқпыз, Алла жаратты. Шыбынның өзіне тиісуге қақымыз жоқ. Құран арқылы көп білімге жол ашылады. Соған анық көзім жетті. Бүкіл жаратылысты тану жолы Ислам арқылы ашылады.
– Құраннан басқа кітаптарды оқисыз ба?
– Әрине, оқымасаң дүние қараңғы. Адам өмір бойы оқып, ізденісте болуы керек деп есептеймін.
– Егер сіздерді сол кезде құқық қорғау орындары қолға түсірмесе шынымен де жас астананың адам көп жүретін жерін жарып жіберулеріңіз мүмкін еді, жазықсыз қанша адамның өмірі қиылар еді…
– Мен кейін ойлана келіп, Алла бізді түрме арқылы бір жаманшылықтан, тіпті одан да үлкен қасіреттен қорғап алып қалғаны деген тұжырымға келдім. «Әр істің қайыры бар» деген сөз ойыма оралады.
– Қазір енді бостандыққа шықтыңыз, өмірді қайта бастадыңыз, қоғам сізді қалай қабылдауда?
– Қиын ғой. Қоғамның сені түсінуі оңай емес, сондай жағдайды бастан кешкеннен кейін қателігіңді сезініп, қоғамға өзің бейімделіп, оған кіру, одан бөлінбеу мақсаты болады. Бірақ, қоғамның сотталып келгендерге көзқарасы басқа. Дегенмен, бәріне де шүкір деймін.
– Осы «Дін проблемаларын зерттеу орталығымен» байланысып жатқаныңызға қанша уақыт? Жиі келіп тұруыңызға қарағанда өзіңіз бейілді көрінесіз.
– Орталықпен байланыс орнатқаныма бір жылдан асты. Бұл жерде түсінік жұмыстарын жүргізу, қоғамға қайта бейімдеу жолға қойылған. Әрине, өз қалауыммен келемін, егер ішкі қарсылық болса, бұл жерге келмес едім ғой.
– Біздің оқырмандарымыз арасында жастар да бар, оларға өз тарапыңыздан не айтар едіңіз?
– Менің осылай жаза басуым­дағы басты қателігім – теріс көзқарастан басталды. Арнайы, сауатты діни білім болмағаннан кейін әр нәрсеге еліктейсің, нақты діни уағыз алмағаннан, діни білім жеткіліксіз болғаннан шатасып қаласың. Ол кезде қажетті ақпарат аз болды десек, қазір керісінше ақпарат көп, халық ақпарат тасқынының астында қалды, интернет бар… тек дұрыс арнаны таңдау керек. Менің ақиқат іздеген жандарға айтарым, діни сауатты басқа жерден іздемеу керек, діни орталықтар, мешіттерден сұраңыздар. Еліктеп кетудің зардабын шеккен адам ретінде айтарым – осы. Басқа адамдарға сабақ болсын, мұндайға бармасын, ойлансын деген ниет біздікі. Ойланбай жүргендерге ой саларлық себеп болайық дедік Алланың қалауымен. Мүмкін, адасуы мүмкін адамдар біз арқылы ойланар…

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды