«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жасындай жарқ еткен ғұмыр

Астана Денис Тенмен қоштасты

0 103

Өткен сенбіде Алматыда қалың ел мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, жасындай жарқ еткен ғұмыр иесі Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Дәл сол күні елордадағы «Барыс-Арена» мұз сарайына даңқты спортшымен қоштасу рәсіміне қоғам қайраткерлері мен танымал спортшылар жиналып, қапияда мерт болған ұлан жайындағы естеліктерімен бөлісті.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев спортшымен қош­тасу рәсімінде мұндай ауыр жағдайда Денистің жақындарына көңіл айтуға сөз табу да қиын екендігін жеткізді. «Бұл үлкен қайғы және барлығымыз үшін сабақ болды. Мұндай қателікке енді жол бермеу керек. Қош бол және бізді кешір, Денис» деді министр. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та талантты жастың туғандарына көңіл айтты.
Қоштасуға келген Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик Денис Теннің өлімін Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін орны толмас қайғы деп бағалады. Елші Денистің азаттық үшін күрескен танымал корей генералы Мин Гын Хоның ұрпағы екендігін көпшілікке жеткізді. Сондай-ақ, мұз айдынының мұзбалағымен қоштасуға Қазақстандағы Жапония елшісі Итиро Кавабата да келіп, ол өз елі атынан Денис Теннің отбасына және барша Қазақстан халқына көңіл білдірді.

«Біздің халқымыз Денистің қос мемлекет арасындағы достық байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұл Жапония азаматтарына ауыр тиді. Денис Теннің ғажайып өнері, жарқын келбеті есімізде мәңгі қалады» деді елші.
Одан кейін Денистің қазасына байланысты боксшы Данияр Елеусінов пен конькимен жүгіру спорты бойынша Әлем кубогы (1995) кезеңінің жеңімпазы болған Вадим Шакшабаев жандары егіліп сөз сөйледі. Елорда жұртшылығы жүйрік спортшы, жүзі жылы, жайдары Денисті соңғы сапарға қимастықпен шығарып салды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды