ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Астана қаласының Жасыл желекті күтіп ұстау және қорғау ережелері жетілдіруді қажет етеді. Қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері осындай шешімге келіп отыр. Кеше өткен аталмыш органның отырысында бұл мәселе көпшілік талқысына шығарылып, біраз сұрақтар туындатқаннан кейін жасыл желекке жауапты астаналық Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына ережені түзеу үшін бір апта уақыт берілді.

Отырысты жүргізіп отырған қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов жауапкершілік мәселесін көтере отырып: «Астананың жасыл белдеуі туралы айтпай-ақ қояйын, Президент саябағына қанша ағаш отырғызылғанын, олардың қаншасы жерсінгенін маған айта аласыздар ма? Бұл саябаққа өзі бардыңыздар ма?

Онда суару құрылғылары жұмыс істемейді. Ағаштардың 50 пайызы қурап кеткен. Осының бәріне кім жауап береді?» деген сұрақтарды бағыттады Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшылығына.

Оның айтуынша, Астана елорда атанғалы мыңдаған ағаш егілді. Олардың қаншасы жапырақ жай­ғанын есепке алу керек. Осы мәсе­лені және оларды күтіп ұстауға жұмсалатын қаржыны, т.б. осы сияқты мәселелерді анықтап алу қажет. Сансызбай Сейітжанұлының сөзінше, Президенттік саябақтың құрылысы жүріп жатқанына да 7 жыл болды. «Ол жердегі ағаштың нақты санын кім айтып береді?» деді Қоғамдық кеңес төрағасы.

Бұған Табиғи ресурстар және та­биғатты пайдалануды реттеу бас­қармасы басшысының орынбасары Сәкен Исаев жауап берді. «Президент саябағының құрылысына Коммуналдық шаруашылық басқармасы тапсырыс берді. Былтыр аталмыш басқарма бесінші көшпелі отырыстан кейін шара қолданып, саябақты пайдалануға беру актісі бойынша тиісті органдармен келісім жасап, нысанды коммуналдық меншікке тапсырды. Биыл бұл мәселе әкімдікте көтерілді. Онда саябақты қалпына келтіру, яғни күрделі жөндеуден өткізу, жасыл желекті санау керектігі айтылды. Бүгінгі күнге бұл саябақ бізге тапсырылған жоқ» дейді ол.

Оның айтуынша, осы жылы бас­қармаға санақ жүргізу үшін қаржы бөлінді. Қазіргі таңда бұл іс аудандарда қолға алынды. Сарыарқа ауданы бойынша санақ аяқталды. Осы ауданда жасыл белдеуді есепке алмағанда 156 мың ағаш бары анықталды. Сәйкес қорытындылар шығарылғаннан кейін Ақпараттық технология орталығы арқылы мәліметтер базасының бірыңғай жүйесі құрылады.

Сансызбай Есілов бұл мәселені тектен-тек көтермегенін жеткізді. Жасыл желекті күтіп ұстау және қорғау ережелерінен жауапкершілікке қатысты нақты ақпарат таба алма­ғанын айтты. «Бұл құжат қаладағы жасыл желекке қатысты туындайтын мәселелердің бәрін реттеуі тиіс. Бірақ ағаш отырғызу жағынан ережелерде шикіліктер жеткілікті» деген Қоғамдық кеңес төрағасы құжатты жетілдіруге бір апта уақыт беруді ұсынды. Оны кеңес мүшелері қолдады.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес отырысында қаладағы учаскелік комиссиялар туралы, шаһардағы көші-қон үдерісін реттеу жөніндегі ережелер мақұлданып, бірқатар құжат жобалары қаралды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған