«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жасыл желекке кім жауапты?

0 52

Кеше өткен қалалық мәслихаттың Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында Астананы санитарлық тазалауға және абаттандыруға бағытталған бюджет қаражатын тиімді жұмсалуын бақылау және аудиторлық іс-шараларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Бұл тарапта қалыптасып отырған жағдаймен Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш таныстырды.

Оның айтуынша, қаланы абаттандыру ережелерінде жетілдіретін тұстар бар. Соның ішінде аталған ережелерді жүзеге асыратын құжаттар жоқ және тиісті бақылауды жүргізу үшін мемлекеттік органдардың атқаратын қызметі белгіленбеген. Қалада біраз көше мен нысан да балансқа алынбай қалған. Мәселен, Алматы ауданында – 369, Сарыарқада – 72, Есілде 35 көше мен нысан еш жерге тіркеуге алынбаған. Аудан әкімдіктері жасыл желекті есепке алуды да жүргізбейді.
Осы тұрғыда отырысқа қатысқан қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов баяндамашыға сауал тастады. «Қалада үш ауданның әкімдіктері, Табиғи ресурс­тер және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бар. Менің білгім келетіні, жасыл желекті түгендеумен қай мемлекеттік орган айналысады? Екі-үш жылда бір осы мәселе алдымыздан шығады да тұрады. Сонда бюджеттен осы жұмысқа қаржы сұралады. Мынадан кейін түгендеу мүлде жүргізілмеген немесе басталып барып аяғына дейін жеткізілмеген деген ой туады. Егер түгендеу жүргізілсе, оның қорытындылары неге аудандардың әкімдіктеріне жеткізілмеген?» деді ол.
Бұл сұраққа Табиғи ресурс­тер және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Исаев жауап берді. Оның сөзінше, былтыр отындық бұталарды түгендеу Алматы және Есіл аудандарында атқарылған. Ал Сарыарқа ауданында түгендеу 2014 жылы жасалды. Алайда тиісті базаны әзірлеу созылып кеткен. Алдағы бір-екі аптада бұл мәліметтер базаға енгізіледі.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының әкімдері, сәйкесінше, Әділбек Сәрсембаев, Арман Тұрлыбек, Төлеген Закарьянов есеп берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды