«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жасыл» стартаптар жарысы

0 43

Экологиялық мәселелер балаларды да қатты алаңдатады. Олардың осы бағыттағы ізденісін қолдау мақсатында Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясы үш жылдан бері «3.2.1. Старт!» республикалық эко-стартаптар байқауын өткізіп келеді.

Жарыстың жеңімпаздарына берілетін жүлде де қомақты. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған бір немесе бірнеше жобаға 3 млн теңге беріледі.
– Біз жеңімпаздың жүлдесін ақшалай түрде қолдарына ұстатпаймыз. Мамандарымыз жобаның әр сатысын баламен бірге бақылап, керекті ресурстарды шетінен беріп отырады. Осылайша идеялардың сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етеміз, – дейді CCI Kazakhstan компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Әлима Исембаева.
Биылғы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 143 ұсыныс келіп түскен. Жас қазақстандықтар пластикті қайта өңдеуге арналған қондырғыны жасау, полиэтилен пакеттерден әшекей бұйымдар өндіру, пластикалық бөтелкелерден жиһаз шығару, қолданылған картридж­дің бояуын киім дизайнында пайдалану, баннерлерден дизайнерлік сөмкелер тігу секілді идея­ларын ұсыныпты. Солардың арасынан Да­нияр Бакимовтың Rocket Plastic жо­басы үздік деп танылды. Ол пластик заттарды қайта өңдеу­ге арналған құрылғы жасап шығарған. Аппарат төрт станоктан тұрады: оның бірі плас­тиктерді майдалап тураса, қалған үшеуі соларды балқытып, пішіндейді. Бүгінде еліміз бойынша төрт жерде – Алматыда, Қызылордада, Қарағандыда және Рудныйда бұл құрылғылар жұмыс істеп тұр. Жас өнертапқыш болашақта Нұр-Сұлтан қаласында да шеберхана ашқысы келетінін айтты.
Екінші жеңімпаз ретінде жас өнертапқыш Тимур Коробейниковтің Ecopoof жобасы таңдалды.
– Мұндай эко-пуфиктердің жасалу технологиясы өте қарапайым. Бастапқыда біз оларды бір-біріне кигізілген бос бөтелкелерді топтау арқылы жасасақ, кейін бөтелкелерді таспа етіп кесіп, соларды орындық қаңқасының сыртынан орау арқылы құрастыруға көштік. Бір пуфикті жасауға, көлеміне байланысты, 18-70 бөтелке кетеді. Олар сал­мағы жеңіл әрі бұрышы болма­ғандықтан, балалы үйлерге қою­­ға өте ыңғайлы, – дейді жоба авторы.
Биыл­ғы күзде «3.2.1. Старт!» экологиялық жобалар байқауының төртінші маусымы басталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды