«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе…»

0 18

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «Жастар жылы» аясында «Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе…» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Биылғы «Жастар жылы» аясында елімізде көптеген тағылымдық шаралар қолға алынғаны мәлім. Соның бірі ретінде осы өтіп отырған республикалық жас ақындар айтысын айтуға болады. Айтулы шараның шымылдығын аталған оқу ордасының проректоры, белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы ашып, айтысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, қазақтың ұлы сөз өнерінің жастарға рухани құндылық ретінде серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ айтысқа демеуші болған рес­публикалық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантайқызы да ізгі лебізін білдірді. Шараны айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин жүргізді.
Айтысқа еліміздің әр өңірінен он алты ақын келіп қатысты. Олардың бәрі де – өздері өскен аймақтан суырылып шыққан таланттар. Ақындардың дайындықтары мығым. Қара сөзге келгенде қамшы салдырмады. Мәселен, Семейден келген ақын Айшолпан Тілеутай «17 жасқа тол­ған қызың келді, 17 кереметің шыққан жерден» десе, Абдрауф Орал алаш арыс­тары туралы айта келіп, «Ағаштың мамандығын оқыса да, Алаштың аман­дығын ойлап өткен» деп Әлихан атамызды әсерлі жеткізе білді. Алматылық Жақсылық Алуажанов «Бұқараның алдында сөйлеп көрейін, жас болсам да» деп шуаққа толы шумақтарын төгілтті.
Шын мәнінде, жас ақындар көрермен қауымға жастық шақ шынымен де көк семсердің жүзі екенін анық көрсетті.
Осындай шашасына шаң тимес жүйріктерге баға беру қазылар құрамына оңай түспеді. Қазылар алқасының төрағасы, профессор Аманжол Әлтай қорытынды сөзінде айтыстың ерекшелігіне тоқталып, жас ақындардың кейбіріне майталман айтыскерлерге қойылатын жоғары талапты қоя алмағанын жасырмады.
Сонымен бас бәйге – 500 мың теңге астаналық мектептің мұғалімі, ақын Нартай Тілеубердіге бұйырды. Бірінші орынды хакім Абай атамыздың елінен келген Айшолпан Тілеутай иеленді. Екінші орынды елордалық Ержеңіс Әбді мен алматылық Жақсылық Алуажанов бөлісті. Үшінші орынды үш ақын: Мәрес Байрон, Мұхамеджан Мансұр, Абдрауф Орал алды. Сондай-ақ әр қатысушы айтыскерге Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының Ерлан Сыдықовтың «Алғыс хаты» мен «Сенім» студенттер кәсіподағы атынан ақшалай сыйлық тапсырылды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды