«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастармен жұмыста не жетіспейді ?

0 109

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының алдағы кезекті сессиясында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселесі қаралады. Соған дайындық аясында депутаттар қаладағы бірқатар аула клубтары мен коворкинг орталықтары жұмысымен танысып шықты. Нысандарды аралау барысында түйткілдер мен шешуді қажет ететін мәселелер анықталды.

АУЛА КЛУБТАРЫНЫҢ САНЫ ҚЫСҚАРАДЫ

Бүгіндері елордада жиырма аула клубы жұмыс істеп жатыр. Алайда болашақта олардың саны он сегізге дейін қысқармақ. «Санитарлық және өрт сөндіру талаптарына сәйкес келмейтін аула клубтарын жабамыз. Жабылатын нысандарға баратын балаларды, үйірме жетекшілерін, ұстаздар мен жаттықтырушыларды жақын маңдағы басқа клубтарға ауыстырамыз. Басқаша айтқанда, аула клубтарын біріктіреміз» дейді мұның себебі жайлы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.
Аула клубтарының көп­шілігі жертөлелерде орналасқан. Соның үшеуінің ғимараты ғана аталмыш мекеменің балансында тұр. Жертөлелердің кейбірінің иесі болса, бірнешеуінің иесі мүлде анықталмаған. Яғни не анда, не мұнда жоқ. Сондықтан жөндеу жұмыстарын істеуге қажет болғанда қиындықтар туып жатады. Осы жұмыстарға қалалық мәслихат депутаттарының көмегі тиіп, Қайырлы Тәукен мен Мирас Шекенов жөндеуге жәрдемдескен екен.

БІРІНШІ МӘСЕЛЕ – БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жалпы, депутаттар аула клубтарын жертөлелерден шығарып, бұл нысандарға дұрыс ғимарат беру керек деп есептейді. Себебі жеткіншектердің денсаулығына, әсіресе, қыз балаларға мұндағы жағдай кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. «Бірінші мәселе – балалар денсаулығы. Қазір заман жақсы жағына өзгерді. Бұрынырақта жағдай бүгінгіге қарағанда әлдеқайда төмен болды. Лайық ғимараттар болмады. Сондықтан аула клубтарын жертөлелерден ашуға мәжбүр едік. Енді жағдайымыз түзелді ғой. Балаларға арналған клубтарды жақсы-жақсы ғимараттарға көшіруге болады» дейді қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов.
Депутаттар барған аула клубтарының бірі «Жас қанат» аталады. Шығармашылық және спорттық бағытта жұмыс істейтін бұл клубқа 300-дей бала барады. Үйірмелердің бәрі тегін. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мұнда қызығушылықтарына сай әртүрлі нәрселерді үйренеді.
– Бізде сегіз спорттық және бес шығармашылық, жалпы алғанда он үш үйірме жұмыс істейді. Соның ішінде бейнелеу өнері, домбыра, хореография, техникалық модельдеу, шахмат, каратэ, дзюдо, қазақ күресі, еркін күрес, бокс, қоян-­қолтық ұрыс, йога, бодибилдинг үйір­мелері бар, – дейді клуб жетекшісі Руслан Жанболатұлы.

ҰСТАЗ ЖАЛАҚЫСЫ – 37 МЫҢ ТЕҢГЕ…

Депутаттар бірқатар үйірмелер жұмысымен танысқанда техникалық модельдеу үйірмесі келесі жылы келетін Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап үлкен жұмысты бастағанын көрді. Балалар сол заман көрінісін әкелетін кешенді қолдан жасап жатыр.
«Маусымға қарай үйірмеге күнделікті 18-25 баладан келеді. Қалада мұндай үйірме жоқ десе де болады. Оқушылар сарайында біздікіне ұқсас робототехника мен бастапқы модельдеу үйірмелері ғана жұмыс істейді» деген үйірме жетекшісі Еркен Мавлюдов жалақы мәселесін де айта кетті. «Қолға алатын жалақым – 37 мың теңге. Запастағы әскери офицер ретінде зейнетақы алмасам, мұндай жалақыға жұмыс істеуге келіспес едім» дейді ол.
Депутат Ақылбек Күріш­баев қосымша табыс болмаса, мұндай жалақыға жұмыс істеу расымен мүмкін емес екенін атап өтіп, мектеп мұ­ғалімдерінің жалақысы кө­теріліп жатқанын айтып, мұн­да қалай екенін сұрады. Бұған «Біз білім жүйесіне жат­паймыз» деген жауапты алды.
– Әкімдік мемлекеттік тапсырысты орналастырады. Мұны ұтып алған қызметті жеткізуші тиісті үйірме ұстаздарын жалдап, жалақы көлемін белгілейді. Негізі, ең төменгі жалақы – 42 мың теңге. Әртүрлі салықтарды ұстағанда, қолға 37 мың теңге тиеді, – деп түсіндірді мұны «Астана жастары» орталығының жетекшілері.
Мұны естіген депутаттар болашақта ұстаздармен келісімшарт жасалғанда оған жалақының белгілі бір мөлшерін нақты белгілеу керектігін, ұстаз сол белгіленген сомадан кем алмау қажеттігін айтты. Жалпы алғанда, экономикалық мәселе рет­теуді қажет ететінін атап өтті. Себебі аула клубтарының жұмысы ешқандай заңмен реттелмеген. Депутат Қарақат Абден жөндеу жұмыстарына кәсіпкерлерді тартуды ұсынды. Бұл жұмыс қолға алынған да екен. «Жас қанаттың» бір бөлмесі скауттық орталыққа жалға берілген. Аталмыш орталық жал құнын төлеп отырып, балаларды тегін оқы­тады.

Аула клубын аралағанда депутаттар балалардың домбыра шертісіне тәнті болып, боксты қалай меңгергендерін тамашалады. Домбыра үйірмесі аптасына төрт рет екі сағаттан өтеді. Оған жеті жастан бастап күнделікті жиырма бала қатысады. «Бір баланы домбыра үйретуге жарты жыл-бір жылға дейін уақыт кетеді» дейді үйірме жетекшісі Жанат Әбдіқа­дырұлы.

ТАР ҒИМАРАТТА – ТОҒЫЗ ҮЙІРМЕ

«Шағала» аула клубы жаңа оқу жылы басталғанда жұмысын жандандырыпты. Жазғы каникул кезінде балалар да, ұстаздар да демалыста болды. Депутаттар клубқа кіргенде құр линолеум төселген еденде би үйреніп жатқан қыз балаларды көріп, хореография үйірмесінің жетекшісіне бірден ескерту жасады. «Еден суық қой, неге кілем төсемегенсіздер?» деді Қарақат Абден. Бұл клубтың жағдайы орташа деңгейде. Клуб жетекшісі Айнар Қанатқызының айтуынша, нысанға150 бала барады. Тоғыз үйірме жұмыс істейді. Осы үйірмелерге қоса ата-аналардың тарапынан ағылшын тілін үйрену және математика үйірмелерін ашу туралы өтініш бар екен. Алайда екі-ақ бөлмесі бар клубтың оған жағдайы келмейді.
Аула клубы басшылығы мен жертөле иесі арасында түсініспеушіліктер бар боп шықты. Біздің түсінгеніміз, бұған да көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар барады. Ақылы негізде балалар қабылданатын болса, бұл жағдай тұрмысы төмен отбасыларға ауырлық түсіреді. Яғни олардың саны азаяды. Мәселе сол клубтың тарлығына тіреліп отыр.
Жалпы, қалада аула клубтарының жетіспеушілігі байқалады. Депутаттардың сөзінен, әсіресе, оларды тұрғын алаптарда қосымша ашу керектігін түсіндік. Мирас Шекенов «Ильинка» тұрғын алабында осындай клуб ашу мәселесін көтергеніне бірнеше жылдың жүзі болғанын айтады. Енді мұның шешімін аталмыш тұрғын алапта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен байланыстырып отыр. Депутат кешен ашылғанда, оның екі-үш бөлмесін аула клубтарына беру керек деп есептейді.

КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҚТАРЫ: КЛИЕНТ АЗ, АЙЛЫҚ ТӨЛЕМ ҚЫМБАТ

Депутаттар коворкинг ор­талықтарын аралағанда оларға келетін адамдардың аздығына, орын үшін алынатын айлық төлемнің қымбаттығына назар аударды. Ал аталмыш орталықтардың безендірілуі бірінен-бірі өтеді. Жабдықталуы да биік деңгейде. Мәселен, «I Hab» аталатын коворкинг орталығына күніне 15-20 адам ғана келеді. Айлық төлем – 40 мың теңге. Студенттерге жеңілдік жасалып, 25 мың теңгені құрайды. Депутат Рамзия Өмірбаева клиенттерді көбейту үшін жарнама жұмысын күшейтіп, төлемақыны түсіру керектігін ұсынды. Аталмыш орталық таңғы 09.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ клиент жұмысын аяқтауды үлгермесе, күзетшімен сағат 22.00-ге дейін қалуына болады.
«IQ» коворгинг орталығының, тіпті сегіз адамға арналған капсулалық қонақ үйі бар екен. Бонусы бар адам болса, мұнда түнеп шығу құны – 5 мың теңге. Клиентке сонда қона жатып, жұмыс істеуге болады. Ал бір күндік жұмысқа 3 мың теңге төленеді. Айлық төлем 42 мың теңгені құрайды. Қазір мұнда күніне 50-70 адамнан келеді.
«Аstana Hub» коворкинг орталығы былтыр жұмысын бастады. Төрт қабаттан тұратын, атшаптырым аумақты алып отырған нысан стартап-жобаларды қолдау үшін ашылған. Қазір мұнда 150-ден астам жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Орталық жұмысын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі үйлестіріп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды