«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастарға жалға баспана беріледі

0 87

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 29 жасқа дейінгі азаматтарға 16 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында пәтер салуды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға орай жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға баспана берілетін болды.

Ол туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлім етті.

Мемлекет басшысы жастарға арнап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әрқайсында жыл сайын кемінде 1000 пәтерден салуды міндеттеді. Ереже бойынша жалдамалы пәтер иеленуге ниет еткендер аталған қалаларда кемі 2 жыл тұруы тиіс. Және жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Сондай-ақ үміткерлердің бастапқы жарнаны жинауға қызығушылығы оянуы үшін банктерде жеке есепшоты болуы шарт.
– Жобаның мақсаты – жастарды баспаналы болуға ынталандыру, қолдау көрсету. Жалдамалы пәтер алғысы келетін азаматтың қызметтегі жетістіктерін растайтын құжаттары ұсынылса қосымша жеңілдіктер беріледі. Ал отбасын құрып, баласы болса, арнайы бағалар қарастырылған, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында.
Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта республикамызда 14-29 жас аралығында 4 миллионға жуық жас бар. Оның 245 мыңы – Нұр-Сұлтан қаласында, 700 мыңы – Алматы қаласында, 260 мыңы Шымкент қаласында тұрады. Осы үш қалада үш жылда 9 мың пәтер тапсырылады деп жоспарланып отыр. Пәтерлер 5 жылға жалға беріледі. Олардың жалға беру ақысы айына 10-12 мың теңгені құрайды. Бұл есепке коммуналдық төлемдер кірмейді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 21 миллиард теңге бөлінді.
– Қазіргі уақытта осы пәтерлердің конкурстық құжаттары дайындалып жатыр. Жоспар бойынша қараша айынан бастап құжаттар қабылданады. Ол үшін арнайы бір жерге барып кезекке тұрудың қажеті жоқ. Құжаттарды қабылдау Smart Astana платформасында толығымен электронды түрде ұйымдастырылады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму істері басқармасының бөлім басшысы Талғат Рахманберді.
Жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңі 2021 жылға дейін жұмыс істейді. Одан кейін бағдарламаны жетілдіру және оны еліміздегі басқа қалаларда да жалғастыру шаралары жүзеге асырылады. Үкіметтен пәтер жалға берілген мерзім ішінде жастардың өздерінің жеке баспаналары үшін тиісті қаржыны жинап алуға мүмкіндігі бар.
Жалға берілетін үйлерді бөлу кезінде жас отбасыларға, нарықта неғұрылым сұранысқа ие 100 мамандық иелеріне, жас кәсіпкерлерге, бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне басымдық беріледі. Жалдамалы баспанаға ие болу үшін қажет құжаттар тізімі министрліктің сайтында көрсетілген.
Ереже бойынша негізгі талаптардың бірі – өтініш берушінің табыс көзі 40 АЕК-тен төмен болмауы керек. Бұл – шамамен 101 мың теңге. Өйткені үй иеленуші жалдамалы пәтердің ақысы мен коммуналдық қызмет төлемдерінен басқа, табысының белгілі бір бөлігін ай са­йын екінші деңгейлі банктерде депозит жинақтау үшін де салып отыруы керек. Жоғарыдағы есепке сүйенсек, осы бес жыл ішінде 1,5-2 миллион теңге қаражат жиналады. Осы бастапқы жарна үш қаланың үй нарығындағы бағасы 7-8 миллион теңге болатын эконом санаттағы баспаналардың біріне ие болуға жеткілікті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды