«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастарға үш күнде кәсіп үйретеді

0 21

Елордада жұмыссыз жастарды сұраныстағы кәсіптерге үйрететін «Үш күнде маман атану» жобасы іске қосылды.

Аталған жоба аясында 18 бен 29 аралығындағы жұмысы жоқ жастар бүгінгі таңдағы нарықта сұранысқа ие кәсіп түрлері, атап айтсақ, аспаз, маникюр шебері, шаштараз, макияж шебері, графикалық дизайнер, SMM менеджері және фототілші болудың қыр-сырларын үйренеді.
– Маусым айынан бері ұйым­дастырылып жатқан бұл жоба жыл соңына дейін жалғасады. Онда айына екі рет жоғарыда аталған кәсіп түрлері бойынша тегін оқыту бағдарламалары қамтылады. Осы уақытқа дейін бір іс-шараны өткізіп үлгердік. Онда елордада тұратын көпбалалы аналарды маникюр өнеріне оқыттық. Неге біз мұндай кәсіптерді таңдадық? Өйткені қазіргі күні жоғары білімді талап ететін мамандықтардан гөрі қандай да бір кәсіпті меңгерген тиімдірек болып тұр. Мәселен, кірпік не тырнақ әрлейтін адамдар мемлекеттік қызметкерлерге қарағанда әлдеқайда көбірек табыс табатыны жасырын емес, – дейді «Астана жастары» ресурстық орталығының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.
Айта кетейік, жоба шеңберінде тегін шеберлік сыныптары да өткізіліп тұрады. Мысалы, 10-11 шілде аралығында кванттық психолог Балдырған Скакова жоба қатысушыларына арнап өзін-өзі бағалау және ақша тақырыптарына қатысты тренингтер жүргізеді.
Жыл соңына дейін «Үш күнде маман атану» жобасына 200-дей елордалық жас қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген әрі жасы 29-ға дейінгі кез келген азамат 57-01-42 телефон нөмірі арқылы ресурстық орталыққа хабарласып, аталған жобаның қатысушысы бола алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды