«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастарға қанат бітірді

0 32

Елордадағы Ұлттық музейде «Мен жастарға сенемін» атты жас таланттардың шығармашылық басқосуы болды.

Арқалы ақын Мағжан Жұмабаев өткен ғасыр басында жастарға «Мен жастарға сенемін» деп рухты өлең арнаған еді. Осы өлеңді ұран етіп алған мәні бар шара «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Кездесуге Астана мен Қарағанды қаласының бірқатар жоғары оқу орындары мен колледждерінен жиналған дарынды жастар бас қосып, өздерінің өнерлерін көрсетті.
Басқосудың ашылуында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин әсерлі кездесудің маңызына тоқталды.
«Жастар – кез келген елдің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғау­шы күші. Сондықтан ел тірегі жастар деп айтамыз. Қазіргі жастар – білікті, рухани әлемі бай, ой-сезімі сергек, жаңашыл» деді ол.
Кездесуді өнерлі жастардың ән-күйі мен биі думанды мерекеге айналдырды. Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Даяна Рахмет, Рустам Карев, Жанна Наурызбаева, Айнұр Әшімова, Эдвард Гаранин секілді дарынды бишілері «Жастар вальсі» биін тарту етті. Бұл – қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың бірнеше әуеніне негізделіп жасалған дүние. Биші жастардың бәрі Ресей, Латвия, Қытайдағы бірнеше халықаралық би байқауларының лауреаты атанған.
Сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетіндегі тамаша актриса Меруерт Өтекешеваның шеберханасында оқитын студенттер «Мен қазақпын» деген композиция қойды. Еуразия гуманитарлық институты студенттерінің домбырашылар тобы қазақ күйлерінен попурри орындады. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жас әншісі Ерзат Жұмабеков Иса Байзақовтың «Желдірмесін» желдіртті. Қысқасы, шуаққа толы басқосу жастарға қанат бітіріп, тың күш берді деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды