«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ­ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, барометрі. Сол себептен елімізде биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Бұл жай ғана ресми іс-шаралар өткізіп, алуан түрлі жарнамалардың, құрғақ сөздердің жылы емес, нақты жүзеге асырылған ізгілікті істердің мезгілі болғанын қалаймыз. Мінеки, Жастар жылы дәл ортасынан асып барады. Бірақ мемлекет шын мәнінде миллиондаған жастардың қоғамдағы ең өзекті, түйткілді мәселелерін шешуге қажетті қадамдар жасады ма? Бұған баға беруге әлі ертерек. Десек те, жастарға қатысты бірер мәселелер биыл шешіледі деген үміт зор.

0 25

Демографиялық іркілістің жағымсыз әсері

Қазақстанның жастары қазір өтпелі кезеңге ауыс­ты. Біз сонау 1990 жылдар­дағы демографиялық іркілістің жағымсыз әсерін сезініп отырмыз. Соңғы жылдары сәбилердің тууы азайғандықтан, олардың саны үштен біріне кем екені байқалады. Мұндай жағдай 1987-1999 жылдар аралығында болғаны мәлім. Егер де табиғи өсім 1991 жылғы деңгейде сақталған болса, онда жас азаматтардың саны шамамен 1,7 млн адамға көп болар еді. Қалыптасу үдерісін қолдау және жеделдету үшін мемлекет жастарға көлемді инвестиция салу қажеттігін түсініп отыр. Алайда бұл бір-екі жылдың еншісіндегі іс емес. Оған кем дегенде 5 жыл уақыт керек.
Елімізде соңғы 25 жылдан астам уақыт ішінде жаңарулар мен реформалар үздіксіз жүргізіліп келеді. Мінеки, биыл сол реформалардың жаңа деңгейге көтерілгені анық байқалуда. Соңғы жылдары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған үшінші модернизация, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары, төртінші өнеркәсіптік төңкеріс туралы Жолдау, 5 әлеуметтік бастама қоғамдық сананы жетілдіру үдерісін ширатудың іргетасын қалады.

Жастар саны азайды. Неге?

Осыған орай, жастардың әлеуметтік бейнесіне талдау жасайық. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 3,9 млн адамды құрайды. Халық құрылымындағы үлесі – 21 пайыз. Соңғы 5 жылда Қазақстан жастарының саны 393 мың адамға (2014 жылы 4293 мың адамнан – 2018 жылы 3900 мың адамға) азайыпты. Алайда БҰҰ-ның даму бағдарламасының бағалауы бойынша Қазақстан халқының көп бөлігін жастар құрайды. Демографиялық болжамдарға қарасақ, 2030 жылы еңбекке жарамды жастағы (16-62 жас) халықтың үлесі 60 пайызға жуықтайды. Мұндай жағдайда жастардың сапалы білім алуы мен дағдысын дамытуға жеткілікті инвестиция сала отырып, мемлекет демографиялық өсімді тиімді пайдалана алатындығы айтылған.
Демограф мамандардың есептеуінше, 2019-2025 жылдары оқуын тә­­мамдаған соң еңбек на­ры­ғына 1,7 млн жастар шығады. Жастар санының кемуі 2022 жылға дейін созылып, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,5 млн адамға жетеді. Атап айтарлығы, жастар санының кемуіне бірнеше факторлар ықпал етуде. Біріншіден, жастар арасында туудың төмендеуіне кешірек некелесудің де әсері зор. Жас отбасылар арасында ажырасу деңгейі де артқан. Мәселен, ажырасқан жігіттердің үлесі 3-тен 4 пайызға, ал қыз­дардікі 3,3-тен 5 пайыз­ға өсіпті. Социологиялық зерттеулер көрсеткендей, ажырасудың негізгі себебі қаржылық және тұрғын үй мәселелері, ерлі-зайып­тылардың бір-біріне се­нім­сіздігі, балаларының болмауы, зиянды әдеттер (маскүнем­дік, шылым шегу және ойын­құмарлық), жұбайлардың қарым-қатынасына ата-аналарының араласуы болып табылады.

Қоғамнан оқшауланған жастар

Елдегі жастар санының азаюына бүгінгі таңдағы көші-қон мәселесі де әсер етуде. Мысалға, 2014-2017 жылдар аралығында жастар көші-қонында жағымсыз сальдо байқалды. Жыл сайын Қазақстаннан 7 мың­нан астам жастар (24-28 жас­тағы) сыртқа кетеді екен. Сол жастардың 90,1 пайызын ТМД елдеріне аттанғандар құрайды. Шындығына келсек, жастардың бәрі жаңа заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алмайды. Қиындыққа төзбейтін және заманның ағымына ілесе алмайтын – NEET-жастар (оқу оқымайтын, жұмыссыз, өзін-өзі дамытпайтын) пайда болды. Бұл жердегі мәселе мүмкіндіктердің жоқтығында емес, жастардың қоғамнан оқшаулануында жатыр.
Мінеки, осынау өліара шақта мемлекет жастардың санасын өсіріп, белсенді өмір сүруге құлшындыру мақсатында аса ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бір ғана мысал. Өңірлердегі NEET-жастардың деңгейін төмендету үшін пессимист жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік белсенділігін арттырудың жол картасы бекітілді. 18-29 жас аралығындағы NEET-жастарға арналған жол картасы 30 іс-шаралардан тұрады. Ма­мандар жастардың 8 сана­тымен (ауыл жастары, мүм­кіндігі шектеулі жас­тар, жұмыссыз жастар, орта білі­мі бар, табысы аз жас­тар, жұмыс өтілі жоқ, бірақ білімі бар жастар, сәбилері көп жас аналар, асо­циалды жастар) жұмыс істейді. Аталған іс-­шаралар NEET-жастардың деңгейін, жұмыс­сыздық пен жастар арасын­дағы әлеуметтік қайшы­лықтарды барынша төмен­детуге мүмкіндік береді.

Елорда жастарының қандай мәселесі шешілді?

Енді елордамызда іске асырылып жатқан бірер іс-шараларға тоқталайық. Астаналық жастар саясаты жөніндегі құзырлы мекеме бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, «Астана жастары» комму­налдық мемлекеттік мекемесінің шеңберінде ел­ордалық жастар ресурс ор­талығы құрылғаны мәлім. Осы орталықтың жұмысын жандандыру үшін қала орталығындағы Жастар сарайы толықтай пайдалануға бе­рілді. Атап айтарлығы, бұл сарайдың базасы өте үлкен. Ол жерде барлық ба­ғыттағы дамуға мүмкіндік беретін салалық қызметтер топтастырылған. Елорда жастары осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда.
Бас қалада жастар үшін ең түйткілді мәселенің бірі – жұмыссыздық пен баспанаға қол жеткізу. «Астана жастары» ресурстық орталығы жұмыссыздықты жою мақсатында екі үлкен шара өткізді. Оның бірі – 1 сәуірде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де өткізілген жастар жәрмеңкесі. Бұл жиында жұмыссыз жастарға 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ұсынылды. Жәрмеңкеге жиылған 1 мыңнан аса елордалық жастарға 150 жұмыс беру­ші мекемелер ұсыныс жасады. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті, «Цесна-Астық», «Нұрбанк» АҚ, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС сияқты ірі-ірі мекемелер бар. Айтпақшы, мұндай өте тиімді іс-шаралар әр тоқсан сайын бір рет өт­кізіледі. Тұрақты жәрмеңкелер жастардың өзіне қолайлы жұмыс табуына, ал мекемелерге білікті кадрды таңдауына көмектеседі. Бір қуанарлығы, қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ жұмысқа орналастыру және кәсіби біліктілікті көтеру бөлімі жастарға жұмыс іздеуде әлеуметтік желілерді белсенді әрі тиімді пайдаланып отыр. Олардың парақшалары мыналар: https://vk.com/jobastanakz; https://www.instagram.com/job_astana_zhastary/; https://www.facebook.com/zhastar.job/.
Сонымен қатар, «Астана жастары» «Үш күнде маман атану» атты жобаны жүзеге асыруда. Маусым айының басында іске қосылған жоба жыл соңына дейін жалғасады. Айына екі рет әртүрлі мамандықтар бойынша тегін тренингтер өткізіледі. Атап айтсақ, жұмыссыз жастарға ас пісіруші, тырнақ бояушы, графикалық дизайнер, СММ-менеджер, фоторепортер және т.б. мамандықтар бойынша дәріс оқылады. Жобаның алғашқы шарасы – көпбалалы аналарды тырнақ бояу өнеріне үйрету. Жыл соңына дейін аталған орталық 200 адамды оқытуды жоспарлап қойыпты. Ал жұмыс істейтін жастардың баспана мәселесін оң шешу үшін Үкімет жыл соңына дейін елордада 1 мыңнан аса жалға берілетін пәтерлерді тұрғызатыны мәлім болды.
Бүгінде «Астана жастары» елордада аулалық клубтарды, сонымен қатар волонтерлік жұмысты үйлестіріп отыр.
Бір сөзбен айтсақ, Жас­тар жылы – бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Қазақстан қоғамын, әсіресе жастардың санасын жетілдіру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы атқарылған ауқымды жұмыс­тардың шарықтау шегі. Жастар жылының бас­ты ұраны «Жастар – экономика мен әлеу­меттік дамудың қозғаушы күші» болмақ. Демек, мемлекет жастарға лайықты қолдау көрсетіп келеді. Ендігі кезекте сол жастарға өзінің қарым-қабілетін шыңдай отырып, дамудың жаңа кезеңіне өткен Қазақстанның бүгіні мен келешегі үшін аянбай тер төгетін уақыт келгенін әрқайсымыз жан-жүрегімізбен сезіне білуге тиіспіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды