ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

ZAH_7084

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Талғат РАХМАНБЕРДІМЕН тілдесу барысында жастарды көбінесе жұмыспен қамтылу жөніндегі сұрақтар ерекше қызықтырды.

Арман:

– Астанада жұмыс таба алмай жүрмін. Түйіндеме талап еткен соң, «телефонмен хабарын береміз» дейді де қояды. Көмек көрсете аласыз ба?

– Кеше ғана Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен  бірлесе отырып, осы мәселеге қатысты әлеуметтік жобаны іске қостық. Яғни, кез келген адам  «Орталық базар», «Артем», «Шапағат» және «Әсем» сауда орындарында ашылған жастарды жедел жұмысқа орналастыру пунктіне жақындап, бұйымтайын айтып, сауалнамаға жауап бере алады. Сол күннен қалдырмай, жұмыс іздеушінің түйіндемесін жұмыс берушілерге жібереміз. Ары қарай олар әңгімелесуге шақырылады.

–Бірақ менің арнаулы жоғары білімім жоқ…

– Серіктестеріміз арасында жоғары білімді талап етпейтін 500 бос жұмыс орны бар. Мәселен, құрылысшы көмекшісі, техникалық мамандарға, даяшы, бармен, шаштараз секілді қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне сұраныс бар.

Айман:

Өткен жылы «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне волонтерлер дайындалыпты. Сол курстарға жазылар едім. Биыл да бола ма?

– «Астана жастары» КММ ресурстық орталығы былтыр 200 волонтер дайындады. Осы жылы тағы 300-ін оқыту жоспарда бар. Оны «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен бірігіп іске асырсақ деп отырмыз. Бүгінде көрмені сәтті өткізген басқа елдердің тәжірибесі зерттеліп,    волонтерлік орталық қызметінің тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл жоба шілдеге қарай басталмақ. Волонтерлер көрме аясында ғана емес, қалада өтетін барлық ауқымды шараларды ұйымдастыруға атсалысатын болады.

– Волонтерлер қатарына қосылу үшін қандай талап қойылады? Онда не үйретіледі?

– Туристерге еліміз бен елорда тарихын ағылшын тілінде баяндай алатын деңгейде болуы тиіс.   Ал, біздің тарапымыздан оларға өзін-өзі ұстау әдебін, қарым-қатынас жасаудың қыр-сыры үйретілетін психологиялық тренингтер ұйымдастырылады.

«ЕХРО-2017» үш күн емес, үш айға созылатындықтан, есептеуімізге сәйкес 10 мыңдай волонтер дайындауымыз керек. Негізгі басымдық жоғары және арнайы орта оқу орындарының бірінші, екінші курс студенттеріне беріледі.

Лариса Иванова:

– Балаларымыздың бос уақытының тиімді жұмсалуын қалаймыз. Железнодорожный кентіндегі Қырқыншы станцияда аула клубы қашан ашылады?

– Қазіргі күні бас-аяғы 15 аула клубының тәрбиеленушілері үш мыңнан асады. Ал жазда олардың саны жеті мыңға дейін жетеді. «Железнодорожный» тұрғын алабындағы аула клубы осы жылдың ішінде ашылады. Бұдан бөлек, Алматы ауданында тағы біреуін ашуды көздеп отырмыз.

Мақсат:

–  «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатарына қабылданғым келеді. Жалақысы да жаман емес деп естідім…

– Бұл талпынысыңыз құптарлық екен. «Жасыл ел» қозғалысына былтыр он жыл толды. Оның жас­тар арасында танымалдылығының артқаны қуантады. Студент кезімде мен де осы жасақтың еріктісі болдым. Соның арқасында жақсы жандармен жолықтым, жолдастарым көбейді.

Осы жылы жасақ жұмысшыларын ЭКСПО-қалашықтың құрылысына тартамыз. Мамырдың соңына қарай 500 жас еңбеккерді сол аумақта жұмыспен қамту ойда бар. Жалақы мөлшері жасалған жұмыстың көлеміне байланысты есептеледі. Негізінен 40 мың теңгеден жоғары. Құрылыс жұмыстары кезінде жалақы айына 160 мың теңгеге дейін жетеді.

Өтінімді қалай берейін?

– Өтінімді Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабына жіберуіңізге, не болмаса жеке мәліметтеріңізді біздің басқармаға әкелсеңіз болады.

Валентина Ивановна:

Ұлы Отан соғысы ардагер­леріне қандай қамқорлық жасалады?

–Жеңістің 70 жылдығына орай «Ардагер» жобасын бастадық. Белсенді жастар күніне 2-3 ардагердің үйіне барып, ауланың тазалығын ретке келтіруге көмектеседі. Тамақ пісіріп, киім үтіктеу секілді үй шаруаларын бітіруге септеседі. Поштаға келген хаттарды әкеліп береді. Алаяқтыққа сақтық ретінде біз сол үйге келіп жүрген студенттің фотосы жапсырылып, аты-жөні мен байланыс телефоны жазылған тақтаны іліп жүрміз.  Қариялар ауруханаға түсіп қалса, хал-жағдайын білуге барамыз. Олар жастардың қамқорлығын, мейірімін сезіп, мәз-мейрам болып қалады. Бұл жоба жыл бойы жүргізілетін болады.

Бақытжан:

– Астанада оқу орындарының белсенді жастарынан құралған орта қалыптасқан ба?

– Әртүрлі шара барысында біз үнемі астаналық оқу орындары белсенділерінің басын қосуға тырысамыз. Мәселен, өткен аптада біздің бастамамызбен Жастар сая­сатын  қолдау мемлекеттік қоры «Студент жастармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг  өткізді. Тренингті жүргізуге «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының редакциялық баспа  басқармасының бас сарапшысы Людмила Бурлаченко шақырылып,  «Студенттік өзін-өзі басқару – жүйелік тіл табу. Жастар ісі жөніндегі комитеттің негізгі қызметтері» тақырыбында интерактивті дәріс оқыған болатын. Елордалық жоғары оқу орындарының студенттері әр тапсырманы ерекше қызығушылықпен орындап қана қоймай, өз университеттеріндегі студенттік ұйымдардың қызметін баяндау арқылы өзара тәжірибе алмасуға тырысты. Сол шарада байқағанымыздай, әр оқу орны жастар саясатын әрқалай түсінеді. Өйткені, қалыптасқан өз құрылымы мен қағидалары бар. Біреулері жан-жақты шығармашыл өнерпаздарды тәрбиелеуді мақсат етсе, екіншілері оқып жүрген салаларына байланыс­ты студенттердің кәсібилігі мен кәсіпкерлік қабілетіне ерекше көңіл бөледі. Кездесуге жиналған жастар жаңа идеяларын ортаға салып, ұсынылған жобаларды талқылады. Қазіргі заманғы студенттің имиджі қандай болу керек, оқу орны брэндін қалыптастыру жолдары секілді тақырыптар бойынша жаттығулар жасады. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, сол жастар жаңа таныстыққа қуанғандарын айтып, өз еріктерімен бірігіп жоба жасау үшін келесі кездесу уақытын белгіледі. Бұйырса, сол жастардан қызықты ұсыныстарын асыға күтеміз.  Олардың қоғамға пайдалы креативті идеяларын қолдауға әрқашан дайынбыз.

 

Мәдина ЖАҚЫП

Сонымен қатар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарының барысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Елбасы Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ …

One comment

  1. Мен қызылорда қаласындағы қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінде юрист мамандығын 3 жыл оқып бітірдім.Астана қаласына мамандығым бойынша жұмысқа тұрғым келеді.Көмектесе аласыздарма?

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған