«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жастар жылы» жастарға қанат бітірсе екен…

0 96

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деді. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. «Жастар жылы» несімен ерекшеленуі мүмкін? Бұл жыл қазақ қоғамына қандай игілік әкеліп, нендей түйткілдер шешімін табуы тиіс? Жастарды қолдауға, жастарға жағдай жасауға құлықты болсақ, қандай мәселелерге мән берілуі керек? Бізді осындай сұрақтар қызықтыратыны рас.

Бұл санатта кімдер бар?

«Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңда «жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары» деп көрсетілген. Бұдан, әрине, «Жастар жылы» осы аралықтағы азаматтардың мәселесін ғана қамти ма?» деген сұрақ туады. Бұл, біздіңше, пікірталас туғызуы мүмкін. Жастық деген кемелдікке дейінгі кезең деп алсақ, бойында жалыны тасып тұрған, әлі бергенінен берері көп, энергия мен қабілет-қарымның қайнар көзі, тепсе темір үзетін шамадағы азаматтардың бәрін де жастық шақтағы адамдарға жатқызуға болады. Ал алдыңғы буын аға-­апаларымыздың көзқарасына сүйенсек, жастық жиырма бес жаспен ғана шектелуі керек сияқ­ты (Жазушы Дулат Исабеков ағамыздың бір сұхбатта: «Отыз­да едім. Бірде қарындасымды ертіп келе жатып аяғым сүрініп құлай жаздадым. Сонда қарындасымның «Аға, отызда бола тұра сүрінгеніңіз қалай?» дегені бар. Отыздағыларды қазіргілер жас дейді, ал біздің кезімізде ол азаматтың қалыптасқан, әбден есейген шағы саналатын» дегені ойға оралады).
Қалай десек те, бойында күш-­қуаты тасыған, алдына қойған арман-мақсаты асқақ, бейнелеп айтсақ, жігерін жанысаң «тау қопаруға» дайын, еңбекке, ізденіп, дамуға қабілетті азаматтар біздің елімізде халықтың шамамен 40 пайызын құрайды.

Жастар неге таныс іздейді?

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 120 мыңнан астам бала мектеп бітіріп шығады екен. Олардың 18 пайызы колледжге, 60 пайызы жоғары оқу орындарына түседі, 4 пайызы шетелге кетеді, ал қалған 19 пайызы мамандық ала алмай қалады.
Мектепті 11-сыныпқа дейін оқып, оны аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсу – әзірге қазақ қоғамында бұлтаруға болмайтын жол, қатып қалған қағида. Өйткені оқуға түспеу, я колледж секілді орта біліммен шектелу көптің көзімен қарағанда ұят деп санайтын стереотип бар.
Алайда жоғары оқуды аяқтап, диплом алғаннан кейін өзі оқы­ған мамандық бойынша жұмыс тауып, күн көріп кете алатынына жастар жүз пайыз сенімді емес. Оған кей мамандықтардың сұраныстан қалып бара жатқаны, жастардың өзі терең білімге құлшынбай, оқу бітірді деген бір жапырақ қағаз алуды ғана мақсат ететіні, оқу орындарындағы білім беру сапасының төмендігі, тағы басқа жағдайлар себеп болып отыр.
Бұдан бөлек, жұмыс орындарының бәрі дерлік қызметкерді қабылдайтын кезде одан тәжірибе талап ететіні бар. Ал қолына жаңа ғана дипломын алған жаста еңбек өтілі қайдан болсын? Қызмет істеп іс жүзінде өз маман­дығына төселуіне, өзін-өзі көрсетуіне мүмкіндік берілмесе, жастар қалай тәжірибе жинайды? Мұның соңы, әлбетте, жастар­ды жұмысқа тұру үшін тамыр-таныс іздеуге немесе пара беруге, яғни парақорлыққа итермелейді.

Күнелту мен өмір сүру айырмашылығы

Соңғы көрсеткіштер жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8 пайыз немесе 82 мың адамды құрайды дейді. Республика бо­йынша орташа жалақы мөлшері қазір – 162751 теңге. Бұл – қаржы және сақтандыру қызметіндегілер алатын орта есеппен 335,3 мың теңге мен ең төменгі жалақы – 28284 теңге аралығындағы барлық көрсеткіштерді қосып есептегенде шыққан сан.
28 мыңға жұмыс істеп жүргендер бар ма деп таңғалар едік, білмесек. Бірақ бар екен. Мұндай айлыққа, әрине, тәжірибесі жоқ, аз ақшаның өзін қанағат қылатын жастар барады. Ал коммуналдық-тұрғын үй шығынына есептелген тарифтер, нарықтағы баға – бәріне ортақ. Сен аз жалақы аласың ба, көп табасың ба – оған қарамайды.
«Адамның негізгі міндеті – күнелту емес, өмір сүру» депті Джек Лондон. Жастарға аз табыспен күнелткен жараса ма? Олар пәтерақысын төлеп, тамағы мен жол шығынын өтеп, бір айлығын бір айлығына зорға жеткізіп күн көрсе, спортпен айналысып, курс­тарға барып оқып, өзімен жұмыс істеп, өз-өзін жетілдіріп, дамыта ала ма? Ақын Иранға­йып айтқандай, «мен өмірді емес, өмір мені сүрді» деп жанбағыс, күнкөріс ағысы­мен кете берсе, жастар божырап кетпей ме? Жастар жақсы өмір сүріп, еркін дамып, қызыға қыз­мет жасап, өз қабілет-қарымы­мен елдің өркендеп, гүлденуіне үлес қосуы үшін не істеу керек?

Олар нені армандайды?

Соңғы кезде Қазақстан жастарының шамамен 41 пайызы елден біржола көшіп кетуге, шетелде оқып, біраз жыл тұрып қайтуға құштар екені жиі айтылып жүр. Сарапшылар мұндай үрдістің пайда болуына экономикалық жағдай әсер етіп отырғанын жазыпты. Ал Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Қазақстан жастары-2017» баяндамасында «қазақстандық жастардың 5,8 пайызы туыстық байланыстарды пайдаланбай карьера жасау­ға, әділ өрлеуге мүмкіндік жоқ деп білетіндіктен елден кетуге бейіл» деп көрсетілген.
Жалындап тұрған жас ша­ғын­да қабілетін дамытып, өзі­нің, одан қалса елінің игілігіне арнауына жол ашылмаса, тұрмыс таршылығынан көз ашпаса, айналасынан асыра сілтеген жалған көрсеткіштер мен шынайы өмірдің үйлеспейтінін, яғни көзбояушылық, әділетсіздік, жемқорлық, парақорлық, жалпы жүйесіздік көре берсе, қоғамға көңілі толмаса, оны өзгертуге қауқарсыз болса, басқаша қалай болуы мүмкін? Көбіне айналасындағы келеңсіздіктерді көріп көңілі қамыққан адамның бір күні рухы шағылмай ма? Үміті үзілмей ме?
Өз басым жоғары қызмет ұсынылса да, бас тартқан жастарды көрдім. Олар қазіргі жүйеде жұмыс істегісі келмейді. Ойы, қабілеті, білімі көптен озып, соның өзін жарататын орта таппай, «жалғызсырап» жүрген, ақырында қарапайым жеке кәсіпке көшкен замандастар да бар. Ал мемлекет ақшасымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келіп, сонша шығын жасағанда ауылдағы бір мектепте мұғалім болып жүргендер ше? Біз жалпы «ақылды бастарды» пайдалана алып жүрміз бе?
Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменов бір сұхбатында шетелге кеткісі ке­летін жастар көбейгеніне алаң­дайтынын айта келе: «Биліктегілер «шетелге кетем» деген әр азаматты шақырып алып «Неге кетесің? Себебі не? Не ұнамайды?» деп сұрауы керек» депті.
Бірақ айтары бар жастардың ой-пікіріне, арман-тілегіне, ұсыныс-талабына биліктің құлақ асуы біз үшін қазір арман ғана. Десек те, Елбасы сөзінен соң енді жаңа бетбұрыстар болатын шығар, «Жастар жылы» жастарды жарылқайтын шығар деген үміт бар.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды