«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жастар көргенін істеуге бейім

0 45

Таңертең жұмысқа шығып, әдеттегідей аялдамаға келдім. Бала-шағасы бар 15-20 адамдай тұрмыз. Бәрінің көзі автобус көрінетін жол жақта.

Ортамызда тұрған үлкен ағай темекісін бұрқ еткізді. Күрк-күрк етті де, түтінін будақтатып жіберді. Жақын тұрған балалар мен әйелдер ығысып кетті. Бес минуттай өткенде ағай жақсылап қақырынып алды да, темекісінің тұқылын сөндірместен тұрған жерінде тастай салды.
Осы сәтте қасымда тұрған жап-жас жігіт «Ағай шылымды неге жерге тастадыңыз, жаныңызда жәшік тұр ғой, сонда неге тастамайсыз?» деп айтып салды. Сол-ақ екен шамасы 60-ты алқымдап қалған әлгі ағамыз «Әй, сенің шаруаң қанша, жөніңмен тұр. Өзім білем не істесем де…» деп дүрсе қоя берді. «Осы қазіргінің жастары бар ғой, үлкен демей, кіші демей ақыл айт­қысы келіп тұрады, қарашы, ананың маған жөн айтқанын…» деп әлгі ағайы­мыз ашуын баса алмай тұр.
Автобус келіп қалды. Жас жігітпен бірге мініп кеттік. Жөн сұрадым. «Есімім Марат болады».., «Қайда жұмыс істейтінім, оқитыным маңызды емес қой аға, ана ағайды ренжітіп алдым-ау, бірақ үп-үлкен болып, балалар тұрған жерде шылым шеккенімен қоймай, темекі тұқылын лақтыра салғанына күйініп кеттім…» дейді өрімдей жігіт. «Жоқ, сен көңіліңді түсірме, айтқаның дұрыс. Аялдамада тұрған әркім жан-жағына түкіріп, темекісін тастай берсе қандай тазалық болады…» деп жас жігітті жұбатқандай болдым.
Ойды ой қозғады. Астанада тұрған соң қаланың мәртебесіне қарай мәдениетті болуға тырысып көруіміз керек қой. Кейде қазіргі жастарда тәрбие жоқ деп жатамыз, осымыз дұрыс па?! Негізі жастар үлкендерден көргенін істеуге бейім келеді. Осыны да есте ұстау керек шығар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды