«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жас жүрек жайып саусағын…»

0 48

«Астана» концерт залында «Ұлы дала жастары» атты әдеби-музыкалық кеш және осы атаумен «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының концерті өтті. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған бұл кештерде жас ақындардың жырлары оқылып, жас композиторлардың шығармалары орындалды.

Талантты жастарды қолдау мақсатында өткен әдеби-музыкалық кеште филармонияның Қазақ оркестрінің сүйемелдеуі­мен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Мұратбек Хайролда, Диана Май, Жақсыгелді Маясаров әндерді әуелетті. Дарынды биші Көркем Шолошова мың бұрала биледі. «Астаналық» цирк әртісі Хорлан Жанмырзаева өзінің нөмірін ұсынды.
Қуат Ежембек, Жадыра Байбұланова секілді жас ақындар жыр оқыды. Бәрінен қызығы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Орал Абдрауов пен Қазақ ұлт­тық өнер университетінде «Дәс­түрлі жыр» мамандығында оқып жатқан Сұлужан Таубалды­ның айтысы болды. Қыз бен жігіт айтысын жасаған ақындар көрер­меннің делебесін қоздырды.
Кеш барысында Нұрлан Бекенов, Арман Жайым, Әбдіжәли Бекнұр сияқты композиторлардың туындылары шырқалды.


Бізде жас композиторлар баршылық екен. «Қорқыт» тобының концертінде сазгерлер шеруін көрдік десек, артық айтқандай болмас. Топтың құрамында музыканттар ғана емес, ән жазумен әуестенетіндер де барын көрдік. Олар күрделі шығармаларды да шығарады. Атап айтсақ, Ермұрат Үсенов пен Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың шәкірттері Аружан Есіркеп «Ортеке биі» туындысын, Азамат Абдрахиев домбыра мен фортепианоға ар­налған «Жас талап» пьесасын ұсынды. Бұған қоса, Қуат Нұрқожа, Рахмет Қуаныш, Еркеғали Махмұтқан, Даяна Тұрманова, Уәли Дәурен, Ғайса Тоғжан, Әділжан Тобжанов, Ализат Дүзелбай, Олжас Байбек, Үкітай Ерниязов, Айбек Әрімбек сынды сазгерлердің шығармалары орындалды.
«Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» деп ұлы Абай айтпақшы, бұл кон­церттерден жастардың жалы­нымен қатар сезімі де көрінді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды