Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ЖАС РЕЖИССЕРЛЕР ЖАРҚЫЛЫ

Астанада Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің бір аптаға созылған І рес­пуб­ликалық форум-фестивалі аяқталды. Оған еліміз­дің он үш театрында спектакльдерін қойған 20-40 жас аралығындағы режиссерлер қатысты. Қорытындысында бас жүлде М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтанға Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклі үшін бұйырды.

«Өмірден ерте өткен жаңа­шыл режиссер Қайрат Сү­гір­бековке арналған форум-фестиваль ең алдымен жас режиссерлердің шығармашылығы қай бағыт­та кетіп бара жатқанын бағам­дауға мүмкіндік берді. Бұл фестиваль кейбір жас режиссерлерге үлкен өнерге деген жолдама беріп отыр. Бірақ мынаны есте сақтауымыз керек: осындай байқауларда орын, жүлде алу – шартты жағдай. Онымен адамның талантын немесе шығармашылық қарым-қабілетін өлшеуге болмайды» дейді қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров.

Онымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дулыға Ақмолда мен Гүлсина Мирғалиева, театртанушы, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Анар Еркебай, театртанушы, өнертану магистрі Мирас Әбіл қазылық етіп, әдебиет және театр сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, Ш. Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры Георгий Маргвелашвили, Қазақстанның «Серпер» жас­тар сыйлығының иегері Әсия Бағдәулетқызы сарапшылар арасынан табылды.

Форум-фестивальде бірінші орын Ш. Айтматовтың «Мәң­гүрт» спектаклін сахналаған М. Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының режиссері Гүл­наз Қамысбаеваға, екінші орын «А.И.» жеке театрының режиссері Дина Жұмабаеваға (Ж. Расиннің «Федра» спек­таклі), үшінші орын Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының режиссері Айдын Салбановқа (Л. Разумовская­ның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклі) берілді. Қайрат Сүгірбековтің отбасы тағайындаған арнайы жүлдені Астанадағы «Жастар» театрының актері мен режиссері Дәурен Серғазин (М. Левидің «Жер мен көктің арасы» спектаклі) иеленсе, Рүстем Есдәулет атындағы арнайы жүлдені С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режис­сері Фархад Молдағалиев (Р. Отар­баевтың «Қасірет» спек­таклі) алды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Print Friendly, PDF & Email
ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*