«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жас қайраты елімнің…

0 12

Президенттің Жарлығымен бекітілген «Жастар жылы» да басталды. Соған орай, біз еліміздегі жастардың жай-күйіне қатысты сараптама жасап көрген едік.

Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға сәйкес, «жастар» категориясына 14 пен 29 жас ара­­сындағы азаматтар кіреді. Бү­гінде Қазақстан бойынша осы топқа жататын 4 мил­лиондай адам бар. Бұл республикадағы жалпы тұрғындардың 22 пайызын құрайды. Олардың 2,3 миллионы қалада тұрса, қалған 1,7 миллионы ауылдық жерде өмір сүреді.
Қалалық жастарға да, ауылдық жастарға да ортақ негізгі проблемалар ретінде қазіргі таңда сапалы білім алу, жұмысқа орналасу және тұрғын үймен қамтамасыз етілу мәселелері өзекті болып тұр.

Білім грантын иеленудің жолдары көп

Білім алу мәселесіне тоқталсақ, аталмыш саладағы мүмкін­діктердің артып бара жатқанын байқауға болады. Мәселен, жо­ғары оқу орындарына түсуге бөлінетін мемлекеттік гранттар саны жыл сайын көбеюде: 2017 жылы барлық талапкерлердің 27 пайызы, дәлірек айтсақ, 37 мыңнан аса адам грант иегері атанса, 2018 жылы бұл көрсеткіш біршама өсіп, 53,6 мың азамат немесе абитуриенттің жартысына жуығы тегін оқуға түскен. Жастар сондай-ақ 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Серпін» жобасында да бақ сынап, ақысыз білімге қол жеткізе алады. Осы күнде жоба аясында 9 облыстағы 26 ЖОО-­да 12344 студент және 7 өңірдегі 37 колледжде 2276 студент оқып жатыр. Мұнымен қоса, 2017 жылдан бастап 24 жасқа дейінгі қыз-жігіттер үшін тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы қарастырылған. Оған қатысу арқылы жастар жұмысшы мамандықтарды игеріп шығады.
Шетелдің белді университеттерінде білім алғысы келетіндер үшін де жол ашық. Білім және ғылым министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, 2016 жылы өзге мемлекеттерде 30 мың қазақстандық студент оқыса, 2018 жылы олардың саны 120 мыңға жеткен. Жастарды, әсіресе, Ресей мен Қытай ерекше қызықтыратын секілді. Өйткені отандық студенттердің ең көп үлесі дәл осы елдерде шоғырланған (Ресейде – 100 мың, Қытайда – 18 мың). Шетелде оқитын жастар қатарының молаюында Елбасының «Болашақ» бағдарламасының да рөлі зор. Халықаралық бағдарламалар орталығының зерттеу және талдау департаменті директоры Жібек Нұртанованың айтуынша, «Болашақ» тарихындағы 25 жылдан бері 13 мың азамат бағдарлама стипендиаты атанып, оның 10 мыңы оқуын сәтті аяқтаған. Айт­пақшы, бұған дейін «Бола­шақ» стипендиясына құжат тапсыр­ғысы келетін жастарға кедергі болатын себептердің бірі кепілге жылжымайтын мүлік қою шарты еді. Халықтың бүкіл әлеуметтік топтарын қамту мақсатында орталық был­­тырдан бастап ол талаптың күшін жойды. Енді стипендиат өзінің не әке-шешесінің атында жылжымайтын мүлік болмаған жағдайда кепілге 5-8 адамды қою арқылы оқуға аттана алады.

Жастардың үштен бірі өз мамандығымен жұмыс істемейді

«Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген жастардың елге оралған соң жұмысқа ор­наласуында үлкен қиындық тумайды. Бүгінде «болашақтық» түлектердің тек 50-і, пайыз­ға шаққанда, 1 пайызы ғана жұмыс іздеу үстінде екен. Әлем­­нің беделді оқу орындарын­да оқып келген соң, оларға жұ­мыс берушілер тарапынан қызы­ғушылықтың жоғары болатыны түсінікті. Ал еліміздің университет-колледждерін тәмамдаған жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішінің өткен жылы 3,4 пайызды құрағанын айтады. Бұған «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көмегімен қол жеткізілген.
– «Жасыл ел» бағдарламасы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Былтырдың өзінде рес­публикамызда 24 мың жас осы бағдарламаның арқасында жұмысқа орналасты. Ал «Дипломмен ауылға» жобасы бүгінге де­йін 50 мыңға жуық жас маманды қамтыды. Бұлардан бөлек, 30 мыңдай қыз-жігіт «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы тәжірибеден өтуде. Ниеттенген жанға қашанда екі қолға бір күрек табылады, – дейді аталмыш министрліктің жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Асхат Оралов.
Өкінішке қарай, жастардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы орынбасары Олжас Ордабаевтың мәліметінше, өткен жылдың соңында қазақстандық ЖОО-ның 8 мың­нан астам түлегінің арасында сауалнама жүргізіліпті. Зерттеу соңында бітірушілердің 35,4 па­йызы өз мамандықтары бо­йынша жұмысқа орналаспағаны белгілі болған. Олардың ішінде әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес (40,24 пайыз), техникалық ғылымдар мен технологиялар (41,97 па­йыз), құқық (43,73 пайыз), қызмет көрсету (43,42 пайыз) және ауыл шаруашылығы (51,06 пайыз) саласында білім алған түлектердің үлесі көп.

Тұрғын үй бағдарламасын жасауда алматылық тәжірибе ескеріледі

Жақында жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының бағ­дарламасы бекітілген-ді. Ондағы негізгі бағыттардың бірі ретінде тұрғын үй мәселесін шешу белгіленді. Нақтырақ айт­сақ, жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру және Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын жасау жолға қойылды.
2017 жылы іске қосылған «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының ерекшелігі – оның пайыздық төлемінің төмендігінде. Яғни жобаға қатысушылар 10 миллион теңгеге дейінгі несиені небәрі 5 пайыздық мөлшермен алады. Несиені қайтару мерзімі төлем қабілетіне қарай 3 жылдан 25 жылға де­йінгі аралықта жеке жасалады. Сонымен қатар, несиені беруде отбасыдағы бала саны, отбасы құрылғаннан бергі уақыт, жастардың қызмет атқаратын салалары да ескеріліп, олар үшін қосымша ұпайлар беріледі.
Жоғары оқу орындарында оқитын жастар үшін де үй-жай мәселесінің өзекті екені рас. Бұл тұрғыда Қоғамдық даму ми­нистр­лігі алдағы үш жылда Қазақ­стан бойынша 75 мың орын­ға арналған жатақханалар салынатынын, осылайша студенттердің тұрғын үй мәселесі толыққанды шешілетінін айтты.
Ал қазіргі шақта жастардың аталмыш проблемасының жүгін «Дипломмен ауылға» бағ­дарламасы сәл де болса жеңілдетіп келеді. Бағдарлама іске асқалы бері 20 мыңдай жас ма­манға үй алуға немесе оның құ­рылысына арналған қолжетімді несиелер берілген.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды