«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жас маман неге тұйыққа тірелді?

0 62

Жоғары білім алған жастардың біразы елімізде екі қолға бір жұмыс таппай қиналып жүр. Бұған не себеп? Бүгінгідей нарық талабына бағынған заманда күректей дипломыңыз кәдеге аспай қалса, шығынға батты деген сол емес пе? Ендеше уақыт, қаражат, еңбек, үміт желге ұшса, жастардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі?Мамандығы бойынша жұмыс істейтіндердің көрсеткіші әлем бойынша оң сипат алған деп баға беру қиын. Тіпті оған ресми деректерді келтірмей-ақ оңай көз жеткізуге болады. Себебі педагог бола тұра сатушы қызметінде жүрген жастарды жиі байқаймыз. Кейбір деректерге қарағанда, елімізде 2 миллионнан аса қазақстандық өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Көрші Ресейде де оқу бітіргендердің 27 пайызының ғана дипломда көрсетілген мамандығы бойынша жұмыс істейтінін ресми басылымдарында жазды.

Мамандығы бар, стажы жоқ

Әрбір ата-ана балаларына жақсы білім алуға мүмкіндік жасап, кейін сол білімді баласының жақсы қызметке орналасуын, өз ісінің маманы болғанын армандайды. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы да ақиқат. Ең сорақысы, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер тәжірибе, яғни стаж талап етеді. Сонда дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай еңбек өтілі болуы мүмкін?!
Алдынан осындай талап кес-кес­теген жастың бірі – Айдос ­Айтқалиев. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін информатика мамандығы бойынша бітірген жас жігіттің жұмыссыз жүргеніне бір жылдан асқан. Осы уақыт ішінде ол Нұр-Сұлтан қаласына келіп күзетші, дүкендерге тауар тасушы болып қызмет еткен. «Мамандығым бар. Дипломым сандық түбінде сақтаулы тұр. Талай мекемеге түйіндеме қалдырдым. Көбі: «Жұмыс өтілің жоқ. Бізге кем дегенде 1 жыл осы сала бойынша қыз­мет еткен адам керек» деп есіктен қайтарады. Сонда бізді мемлекеттік мекемелер жұмысқа қабылдамаса, оқуды кеше ғана бітірген жас маманға жұмыс өтілі қайдан келеді? Ай сайын өтетін аймақтағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне де барып көрдім. Нәтижесі шамалы» деп налиды Айдос. Оның айтуынша, өзі тәрізді дипломы бола тұра, тұрақты жұмыс таппай жүрген жастардың саны бүгінгі қоғамда артып келеді екен. Расымен де, жас мамандар тәжірибені қайдан және қалай жинақтайды? Егер барлық жұмыс орындары тәжірибе талап ететін болса, оқуды жаңа бітірген жас маман қандай қарекет жасауы тиіс? Олар тәжірибе жинақтау үшін де бір жерден жұмысты бастауы керек емес пе? Осыдан кейін жастардың жігері жасымайтынына кім кепіл?

Жұмыспен қамту қағаз жүзінде қалмасын

Университетті бітірген жас түлектен оқу орындары жұмысқа тұрғаны жөніндегі анықтама талап етеді. Яғни оқу орнын бітірген жас маман өзінің жұмыссыз қалмағандығын дәлелдеуі тиіс. Ал жұмысқа орналаса алмағандардың жалған анықтама алу үшін түрлі мекемелерді жағалап жүргені. Осындай жолмен бүгінгі таңда жоғары оқу орындары түлектерді қағаз жүзінде жұмыспен қамтуда. Бұл – университет үшін үлкен көрсеткіш. Жоғары оқу орындары мемлекеттің қаржыландыруынан айырылып қалмас үшін осы көрсеткішті «жоғары жаққа» ұсынады. Яғни бұл анықтамалар университет ұшырған түлектердің барлығы қызметке орналасқанын айғақтайды. Шыны керек, мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Алайда ол мамандардың оқу бітіргеннен ке­йінгі жұмысқа орналасуына назар аударулары жеткіліксіз.

Бағдарлама мәселені шеше ме?

Мәселен, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жастарды жұмыспен қамтудың бір жолы – «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы. Жасыратыны жоқ, мемлекет іске қосқан мемлекеттік бағдарламаның аясында еліміздің барлық облыстары мен аудан орталықтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсына бастаған. Алайда аталмыш бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жас мамандардың жалақысы 30-40 мың теңгенің көлемінде бекітілген. Осындай жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табыла қояр ма екен? «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы ұсынған қызметтен бас тартқан жас маманды да кінәлай алмайсыз. Бүгінгі нарық заманында мұндай мөлшердегі жалақының ешнәрсеге жетпейтіні анық. Сондықтан жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өз бетінше жұмыс іздеуге тырысады.
Жалпы, ресми орындар да жұмыссыз жастар қатарының артқандығын жоққа шығара алмайды. Бірақ мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Қаншама мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса да, нәтиже көңіл көншітер емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті. Сондықтан нақты іске көшу қажет. Біріншіден, кез келген жұмыс орындарында оқу бітірген жас мамандардың тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік беріліп, кедергілермен күрес жүргізілуі тиіс. Екіншіден, еңбек өтілін жинақтау үшін жастарға өңірлердегі жұмыс орындарында қызмет етуге жол ашу қажет. Үшіншіден, оқу орындарын мемлекеттік білім гранты негізінде тәмамдаған мамандардың жұмысқа орналасуын оқу орындарына міндеттеу керек.

Біліктілік неге төмен?

Жас маманды үйрету, оны оқыту біршама уақытты қажет ететіндіктен, кез келген жұмыс беруші бос орынға дайын маманды алғанды жөн көреді. Ал теория мен практиканы ұштастырған, шәкірттеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білім беретін оқу орындары сау­сақпен санарлықтай. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басым көпшілігі диплом үлестіргеннен әрі аса алмауда. Материалдық-техникалық базаның жұтаңдығынан, оқытушылық құрамның әлсіздігінен білім сапасы сын көтермейді. Қызметінің негізгі мәні коммерция болғандықтан, үлгерімі төмен студенттерді оқудан да шығара алмайды. Оны студенттер жақсы біліп алған. Үштік бағасын қойып, курстан курсқа көшіріп, соңында қабілетсіз маман даярлап шығарады.
Елімізде жарты миллионға жуық колледж студенті бар. Жылына олардың 200 мыңы диплом алса, оның 50 мыңы ғана жұмысқа тұрады немесе оқуын жалғастырады. Қалған 150 мың жас дипломды жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Сол себепті де Білім және ғылым министрлігінің жоғары және арнаулы орта оқу ордаларының санын қысқартуға күш салуы әбден құптарлық.
Дипломды жұмыссыздардың дені әлеуметтік жағынан жеткілікті қорғалмаған, күнкөріске жарарлық, бірақ келешегі жоқ күзетші, даяшы, сатушы, құрылысшы, жүк тиеуші секілді жұмыстарды істейді, базарды жағалайды, көлігі барлар таксист болады. Ондай азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санатына жатқызылады. Олардың жұмыстан айырылуы оңай, жаңасына тұруы қиын. Сондықтан бас­тығының қас-қабағы мен көңіл күйіне қарауға мәжбүр. Зейнетақы қорына қаржы құю, демалыста, ауырып қалғанда төленетін ақша туралы ауыз ашудың өзі артық. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саяси белсенділігі де төмен болады. Олар сайлауға бармайды, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне араласпайды. Оны аңғару үшін таксиге отыру немесе базардағы халықтың әңгімесін тыңдау жеткілікті. Ондай топты, негізінен, әлеуметтік жағдайы ғана алаңдатады. Байқағанымыздай, әлеуметтік сипаттағы мәселенің саясилануы қиын емес.

Дамыған елдерде қалай?

Дамыған мемлекеттерде мектеп бітіріп, бірден оқуға түсу керек деген түсінік қалыптаспаған. Яғни мектептен кейін жоғары оқу орындарына жаппай құжат тапсыру деген үрдіс жоқтың қасы. Олар колледжден бастау алып, мамандықтарын игеріп, біраз жыл жұмыс істеп барып, алға қарай оқуға дайын болған кезде ғана ЖОО-ға құжаттарын тапсырады. Сол колледждің дипломымен бір саланың белсенді маманы болып жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Олар ЖОО-ның ­дипломын алуға асықпайды. Мысалы Швецияда құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, өрт сөндіруші мамандықтары құрметті қызметтер қатарына жатады. Колледждерді осы сала бойынша меңгеру үшін жастарға мемлекет арнайы гранттар бөліп қойған. Жалақылары да өте жақсы.
Ал бізде, керісінше, мектепті бітіре сала ЖОО-ға түсуді басты мақсат қылады. Ата-аналар да баласынан соны талап ететіндіктен, баланың бейімінен гөрі мамандықтың даңқына жығылу үстем орынға шығып кетеді. Яғни «балам бастық, заңгер болсын» деген тәтті үмітпен сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің сәніне айналған мамандықтарды таңдауға тырысады да, заманның ыңғайын, еңбек нарығындағы ­ахуалды жіті бақылау назардан тыс қалады. Құр қатырма қағаз қиындықтан құтқармайды. Оның орнына қоғамға аса қажетті белгілі бір кәсіп иесі болуды ойлас­тырған абзал. Өйткені қоғамға керегі – білікті де білімді маман. Әрі сұранысқа ие көлік жөндеуші, дәнекерлеуші, дәрігер, тракторшы, ауыл шаруа­шылығы, техникалық салалар сынды қажетті мамандықтарды игеру назардан тыс қалмаса екен дейміз.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды