-->

ЖАРЫС ЖОЛЫНДА – ЖЕЛАЯҚТАР

7-8 қазан, сенбі-жексенбі күндері елордада жеңіл атлетика федерациясы мен «Astana Runners» әуесқой клубының ұйымдастыруымен 24 сағаттық, 100 шақырымдық және 6 сағаттық жүгіру түрлері бойынша Қазақстан ашық чемпионаты өтті.

Осымен 5 рет өткізіліп отыр­ған ультрамарафондық қашық­тықтағы чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 70-ке жуық желаяқ қатысып, ең азы 42,2 шақырымнан 130 шақырымдық қашықтыққа дейінгі бәйгеде сынға түсті. Чемпионатқа қатысушылар алдын ала арнайы сайт арқылы тіркелген екен. Сол сияқты жарыс басталар сәттің алдында да ниет білдірушілер бағын сынауға мүмкіндік алды. Жарыс шебінде желаяқтар 18-45 және 45 жастан жоғарылар болып топтастырылды.
«Astana Runners» әуесқойлар клубының жаттықтырушы-үйлестірушісі Балтабек Нұрахметовтің айтуынша, тәуліктік марафондар мен ультрамарафондардың әлемге әйгілі спорт түрлеріне айналғанына аса көп уақыт болмапты. 1980-90 жылдардан бастап етек жая бастаған спорт түрінен қазіргі уақытта Әлем чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп тұрады екен.
– Қазақстандық желаяқтар да бұл бәйгеден құр алақан емес. Мысалы, 90-жылдары Серік Әзімбаев деген спортшы 100 шақырымдық бәйгеден әлем кубогін жеңіп алған болатын. Қазіргі кезде біздің кейбір әуесқойларымыз Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы тәуліктік жүгіріс жарыстарына қатысуда, – дейді Б.Нұрахметов.
Жарыс қорытындысы бо­йынша байрақты бәсекеге қатысушылар мен жеңімпаздар естелік сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*