-->

ЖАРЫМЖАН ЖАНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛДЫ

М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайында «Астана – рухы мықты жандардың қаласы» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» шарасы өтті. Аталған акцияны «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» мүгедектігі бар балалардың ата-аналар қауымдастығы, «Асыл бала» республикалық қауымдастығы ұйымдастырды.

Шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Қала әкімі бастаған қонақтар каратэ залы мен бассейнді көріп, мүмкіндігі шектеулі балалардың жаттығуын тамашалады. Бақыт Сапаровтың айтуынша, шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды бұқаралық спортқа тартып, бейімді спортты дамыту болып отыр. Сондай-ақ ол оқу, білім, медициналық және мемлекеттік мекемелерді мүгедектер ортасына бейімдеу қажет екенін атап өтті.

– «Саламатты болашақ» бір­лескен жобасы аясында «Асыл бала» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен бүгін қалада алғашқы бейімдік жүзу бойынша секция ашып отыр. Сондай-ақ, оқушылар сарайында бейімдік каратэ секциясы ашылып, жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, бағдарламаны жүзеге асыру аясында Астанада «Білімде төзімділік» халықаралық конференциясы өткізілді. Жеке балабақша базасында инклюзивті енгізу мақсатында эсперименталды алаң ашылды, балалар үшін «Сау денеде – сау рух» қалалық спорт турнирі өткізілді, «Баланы мектепке дайындаймыз» жобасының аясында 200-ден астам балаға мектеп құралдары табысталды, – деді Бақыт Сапаров.

Кездесу барысында қоғамдық ұйым өкілдері мүмкіндігі шектеулі балалардың жаттығуы мәселесінде әлі де болса проблема бар екенін жеткізді. Әсет Исекешев бұл мәселені демеушілердің көмегі арқылы шешетінін жеткізді.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*