Четверг, 29 Июнь 2017
-->

ЖӘРМЕҢКЕ КӨРІГІН ЖАМБЫЛДЫҚТАР ҚЫЗДЫРДЫ

«Қазақстан» спорт кешенінің жанында сенбі-жексенбі күндері Жамбыл облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде Әулиеата өңірінің өнер майталмандары концерт қойды.

2015-09-21_07-24-12275

Қала базарларында 1600 теңгеден сатылатын жылқы еті – 1500, тауық еті (800 теңге) – 580, жұмырт­қа (200-210 теңге) 160-180 теңгеден сатылды. Бір қызығы, қой мен сиыр етін жәрмеңкеден кездестіре алмадық. Мал шаруашылығымен мақтанатын облыс­тың қой мен сиыр етін әкелмегені қызық. Сондай-ақ, картоп (200 теңге) – 170, сәбіз (130 теңге) – 100, пияз (140 теңге) – 125, қызанақ (350 теңге) – 300, қияр (250 теңге) 150 теңгеден сатылды.

Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, жәрмеңкеге өңірдің 10 ауданы келген. Сондай-ақ, ол облыс әкімдігі кәсіпкерлердің өнімдерін Астанаға тегін жеткізгенін тілге тиек етті.

– Бүгінгі жәрмеңке «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылып отыр. Астанаға Жамбыл облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары келді. Елордаға жалпы құны 138 миллион теңге тұратын 165 тонна өнім әкелінді. Тауарларды жеткізу үшін 8 жүк көлігі мен кәсіпкерлерді жеткізу үшін 2 автобус бөлінді. Негізі, жәрмеңкеде Астана базарларындағы бағадан 20-30 пайыз болатын арзан өнімдер сатылды. Біздің өңір халықаралық көрме аяқталғанша елордаға 5 рет келеді, – деді ол.
Елорда тұрғындары Жамбыл облысының ауылшаруашылық өнімдеріне дән риза. Қала тұрғыны Тұрсынбек Исатаев жәрмеңкеде ауылшаруашылық тауарлары тиімді бағамен сатылып жатқанын айтады.

– Жамбыл облысының жәрмеңкесі көңілімнен шықты. Өйткені мұндағы бағалар нарықтағы базармен салыстырғанда әжептәуір арзан. Мәселен, «Шапағат» базарынан ет алсаң, оның жанына міндетті түрде сүйек қосып береді. Ал мұнда қалаған етіңді сатып алуға мүмкіндік бар екен. Сондай-ақ, картоп, қияр, қызанақ сынды көкөністер мұнда тиімді бағамен сатылып жатыр. Жалпы, өз басым өңірлердің өнімдерін арзан бағада сатып алу үшін үнемі жәрмеңкеге келіп тұрамын, – дейді зейнеткер.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*