«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жәрдемақы мөлшері өсті

0 80

1 сәуірден бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа түрі тағайындалады. Бұл көмекті отбасының айлық табысы бір адамға шаққанда 20 789 теңгеден аспайтын отбасылар алады. Жаңа жүйе балалардың санына қарамайды. Яғни, әр адамға шаққанда айлық табысы 20 789 теңгеден аспайтын бір баласы бар отбасы да бұл жәрдемақыны алады.

Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріледі. Мысалы, әлеуметтік ахуалы төмен отбасында жалғызбасты әйел бір баласын асырап отыруы мүмкін. Оның айлық жалақысы 40 мың теңге делік. Бұл ақшаны екі адамға бөлсек, 20 мыңнан келеді. Демек, бұл отбасының бір айлық табысы адам басына шаққанда күнкөріс деңгейінен 70 пайызынан аспайды. Ендеше, бұл отбасы ай сайын 21 мың теңге жәрдемақы алуға құқылы.
1 сәуірден бастап Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасы бойынша кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілді. Ол бұрынғы 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге көбейді. Айта кетерлік жайт, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Маңғыс­тау облысында күнкөріс деңгейі жоғары болғандықтан жәрдемақы мөлшері 21 мың теңгені құрайтын болады.

Жәрдемақыны төлейтін кезде ескерілетін нәрсенің бірі – отбасының жиынтық табысы. Бүгінге дейін бір үйде тұратын барлық адамдардың табысы есептеліп келді. Ал 1 сәуірден бастап тек жақын туыстарының, яғни, ата-анасы, балалары, әкесі бір, шешесі бөлек ағайындар, ата-әжелерінің табысы ғана ескеріледі. Осы адамдар бір үйде бірге тұратын болса, олардың табысы отбасының ортақ кірісі деп саналады. Сондай-ақ қосалқы шаруашылық та кірістің көзі ретінде қарастырылады. Алайда бұл жердегі құзырет жергілікті атқарушы органдарға беріліп отыр. Отбасының қолындағы малын кіріс ретінде санай ма, жоқ па, оны әкімдіктер өздері шешеді.
Жұрттың көкейінде көп сауал туындатқан мәселенің бірі – құжаттар жинау. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені оң шешті деуге болады. Жәрдемақы алу үшін өтініштен басқа ешқандай құжаттар тапсыру қажет емес. Өтінішті жергілікті әкімдікке, халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырып кетуге болады. Тек өтініш апарған адам жеке куәлігін көрсетіп, отбасы мүшелерін толық жазып береді. Өтінішті 1 сәуірде ғана емес, айдың ортасында да беруге мүмкіндік бар. Алайда жәрдемақы 1 сәуірден бастап есептеледі.

КӨМЕК ҚАЙДА БЕРІЛЕДІ?

1 сәуірден бастап 5 түрлі мекенжайдағы – Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, 4 – аудан әкімдерінің аппаратында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау бойынша азаматтарды қабылдау іс-шаралары басталды. Барлық орындарда 36 жауапты қызметкер бекітілген. Арнайы оқытылған мамандар жұмыс орындарымен жабдықталған.
Бүгінге дейін 436 адам АӘК бойынша арызданған (оларға кеңес берілді), соның ішінде:
-342 –Халыққа қызмет көрсету орталығы,
-25 – Алматы ауданы,
-19 – Байқоңыр ауданы,
-10 – Есіл ауданы,
-40- Сарыарқа ауданы.
-128 АӘК алуға құқылы (алдын ала есептеу бойынша):
-86-Халыққа қызмет көрсету орталығы,
-14-Алматы ауданы,
-11-Байқоңыр ауданы,
-10-Есіл ауданы,
-7-Сарыарқа ауданы.

Анықтама үшін:

Жаңа форматтағы АӘК-пен 2500 отбасын қамтамасыз ету жоспарланған, барлығы 12 060 адам, қаржыландыру сомасы 1 млрд 59 млн теңге (қарастырылғаны – 116 млн теңге, республикалық бюджеттен қосымша 943 млн теңге бөлу қарастырылған).
(Нұр-Сұлтан қаласы бойынша)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды