«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жазушылар агентті неге жатсынады?

Әдеби агент жазушыларды жаңашылдыққа, ізденіске шақырады

0 143

Таяуда бір жазушы ағамыз поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынова туралы сиясы кеппеген кітабын жарыққа шығарғысы келетінін айтып редакцияға хабарласты. Кітапты бастырудың тиімді жолын сұраған автор «Демеуші іздесем бе екен? Министрліктің бағдарламалары бойынша шығартайын десем, оған қол жеткізу де оңай емес сияқты» деді.

Қанша баспа барын ешкім білмейді

Қазір жақсы кітап жазу – жет­кіліксіз. Оның оқырман ара­сында таралуын, сол секілді жаз­ған еңбектің өтелуін ойламасаң, бүгін жазумен жан баға алмай­сың. Ендеше қайт­пек керек?
Баршаға мәлім, қазір кім маркетинг, менеджмент деген­дерді түсініп, өзіне қару етсе, сол табысты өмір сүреді. Яғни қоғамға кітап авторының парасат деңгейі, жазу шеберлігі, таланты, тіпті кітапты өзі жазды ма, әлде басқа біреуге жаздырып, атын қоя салды ма – ешқайсысы маңызды емес. Ең маңыздысы – басылған кітапты үкілеп, хайп жасап, жарнамалап отырып ел назарына ілу.
Қазір бізде жыл сайын қанша кітап басылып, олар қайда таратылып жатқанын ешкім нақты айта алмайды. Себебі қанша баспа жұмыс істеп тұр­ғаны да белгісіз. Мұны респуб­лика көлемінде жарық көрген барлық кітаптарды тіркеп, әр баспа өнімінің бір данасын сақтап отыратын мекеме – ҚР Ұлттық кітап палатасының статистика және кітап нарығына мониторинг бөлімінің басшысы Алтын Абдрахманова да растады. Ал кітаптың түрі өте көп, қатталған дүниенің бәрін кітап дей беретініміз тағы бар.

Тең жартысы мемлекет көмегімен жарық көрген

Кітап палатасының мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы кітап палатасына 290 мекемеден 4221 кітап түскен екен. Оның 1671-і оқулықтар болса, 681-і – көркем әдебиет. Әлгі авторына жоғары қаламақы төленіп, мемлекеттік сатып алу бойынша жарық көрген алпыс кітап та осылардың арасында.

Ал 2018 жылы 4117 кітап тіркеліпті. Олардың 176-сы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша басылса, 26-сы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жарық көрген. Қалған 3915 кітаптың шамамен 40 пайызы – оқулықтар. Ал одан қалған 2000-нан астамы – демеу­шілердің немесе автордың өз қаражатымен шыққан немесе аймақтық бағдарламалар, я болмаса белгілі бір мекемелер шығарған кітаптар.

Айтпақшы, Кітап палатасына тіркелген кітаптардың арасында өткен жылы жарық көріп, өтімділігі жоғары болған, сонысы үшін қоғамда үлкен пікірталас арқауына айналған Садық Шерімнің «Жүз» кітабы да бар.

Баспагерлер жазушыларды іздей бермейді

Сонымен, дәл біздің қоғамда бүгінгі күні жазушылар өзі­нің кітабын қалай шығарса тиімді болады деген сұраққа оралайық. Біз өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясынан тыс 2000-нан астам кітап жарық көргенін білдік. Бірақ қай жазушы өз еңбегіне жоғары қаламақы алғанын, кімнің кітабы өтімді болып, табыс әкелгенін нақты біле алған жоқпыз. Соңғы жылдары Баян Есентаеваның, Садық Шерімнің, Зейнеп Ахметованың, Ырысбек Дәбейдің, тағы бірқатар қаламгердің кітабына сұраныс жоғары болғанын білеміз. Өйткені бұл кітаптарды таратуға маркетинг пен ме­неджменттен хабары, кітап арқылы табыс табуды мақсат еткен тұлғалар жұмыс істеді.
Көп елдерде қазір әдеби шығармаларды таратумен кәдімгі заңды статусы бар әдеби агенттер айналысады. Олар кітаптың республика ішінде ғана емес, шет елдерде таратылуына да мұрындық бола алады. Анық болғанындай, Орта Азия елдерінде әзірге қаламгерлермен келісімшарт жасасып, оның еңбегін бас­тырып, таратумен айналысатын жал­ғыз ғана әдеби агент бар. Орайы келіп тұрғанда осы «Bestseller KZ» әдеби агенттігінің негізін қалаған Бақтыгүл Маханбетоваға хабарластық. Кітабын аяқтаған жазушы қайда барарын білмей отырғанын естігенде әдеби агент мұның себебін қаламгер мен баспагерлер арасында бай­ланыс жоқтығымен, баспагер­лердің заманауи баспа ісіне немқұрайлы қарап келе жатқанымен түсіндірді.
– Баспалар, негізінен, нарыққа бейімделмеген. Олардың көбі мемлекеттен тапсырыс алып, сол тапсырыспен келген кітаптарды басып беріп ақша табады. Одан кейін кітаптың қайда, қалай таратылып, кімдерге жетіп жат­қанымен шаруасы жоқ. Әріге бармай, Ресейді алсақ, ондағы баспалар заманға бейімделіп, өздігінен авторлармен жұмыс істеп, жақсы дүниелерді басып шығарып, сатып, содан пайда тауып отыр. Ол баспа ісінің дамуына да елеулі ықпал етуде. Ал біздегілердің көбі ескі кеңестік жолмен жүре бергісі келеді, – деді.
Сонымен, баспалар жазушының кітабын сатып алып немесе жазушымен келісімшарт жасасып, оның еңбегін басып шығарып, сатып, пайданы бөлісуге құлықты емес. Олар «комфорт зонасынан» шыққысы келмейді. Бұрынғы тәсілмен ебін тауып, тендерден теңге ұтып алып, соның белгілі бір мөлшеріне Үкімет тапсырған дүниелерді басып беріп, яғни мемлекет тапсырысы бойынша ғана табыс тауып жүре беруге бейіл. Ал жазушылар ше?

Жазушылар жаңашыл болса…

– Мен әдеби агенттік құрғалы қаншама жиындарға қатысып, қаламгерлерге жаңаша жұмыс істеу керегін айтып жүрмін. Бірақ олардың көбі мені түсінгендей болғанымен, өз насихатымен өзі айналысуы керектігін әлі сезіне алмай жатыр. Қазіргі жазушыға жақсы жазу – аз. Олар жазғанын елге жеткізіп, содан өзі табыс таба білуі керек. Ол үшін оқшауланбай, үнемі елдің алдында, халықтың ортасында жүруі қажет. Білімін тереңдетіп, тіл үйреніп, шығармасын қосымша орыс, ағылшын тілдерінде де таратуға бет бұрса артық болмайды. Қазіргі оқырманға қандай тақырыптағы дүниелер керек, қалай жазу керек – зерттеп отырған жөн. Тіпті шеберлік сабақтарына қатысып, өзін-өзі шыңдаған дұрыс. Одан соң оқшауланып, сылбыр мінезге салынбай, халықаралық бай­қауларға қатысып, гранттар ұтып алуға ұмтылу керек, – дей­ді Бақтыгүл Маханбетова.
Жазушы Сәуле Досжан әдеби агентпен жұмыс істей бас­таған екен. Мақсатты түрде халық­аралық байқауларға қатысқан. «Одан жазушы жаман болған жоқ. Қайта жігерленіп, жазуға құлшынысы артқанын айтып жүр… Өкінішке қарай, қалам­герлер де қозғалып, ізденгісі келмейді. Көбі «бұрын олай еді, бұрын бұлай еді» деп келмеске кеткен уақытты аңсап отыра бе­руге дайын» дейді әдеби агент.
Сонымен, әдеби агент немесе әдеби менеджер жазушының қолын ұзартатын тұлғаға айналуы тиіс. Бірақ Бақтыгүл Маханбетованың сөзінен тү­сінгеніміз, біздің қоғам мұндай ұйымның қызметіне әлі де жатырқап қарайды екен. Бұл қаламгерлердің өздеріне және баспагерлерге тікелей қатысты. Яғни қаламгер де, баспагер де мемлекеттің тапсырысын күтіп, бюджеттің қаражатына көз тікпей, өздігінен табыс тауып кетуге ұмтылуы керек.

P.S.  Редакциямызға хабарласқан жазушыны әдеби агентпен тілдестірдік. «Қол жалғап» шығарманы оқырманға жеткізуді мақсат еткен менеджер «Қазына» кітап үйімен сөйлесіп, жаңа кітапты басуға баспа келіскенін, ортада дәнекер болғанын мәлімдеді.
Иә, қазір жазушы үшін жақсы жазу – жеткіліксіз. Әдебиет өкілдері мен әдеби агент бірлесіп жұмыс істесе ғана нарыққа сай әдебиетті дамыта алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды