«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Жанұя» орталығы – мүмкіндіктер алаңы

0 80

Нұр-Сұлтанда қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтерді «бір терезе» арқылы біріктіріп, отбасылармен жеке жұмыс жүргізетін «Жанұя» орталығы ашылды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов заңгерлік, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін жаңа орталықтың ашылу рәсіміне қатысып, жұмыс бағытымен танысты.

Орталықтың «Open space» алаңында елордалықтар жұмыс табу, бизнес ашу, өзін толғандыр­ған әлеуметтік мәселе бойынша ақпарат пен кеңес алады. 12 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жұмыс істейтін орталықтың мамандары АӘК алу, кәсіптік оқудан өту, жұмысқа орналастыру, жаппай оқыту бағдарламасына қатысу, балабақшаға кезекке қою, қамқоршылықты орнату, жәрдемақылардың барлық түрлерін және т. б. алу мәселелері бойынша қызмет көрсетеді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Азаматтар өзінің қабілетіне қарай 3-6 айлық курстарды оқып, экономикаға керек мамандықты алады, оған 16 мың теңге стипендия төленеді. Мемлекетте жүріп жатқан мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болып, мемлекеттің қолдауын пайдалану керек. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп отыра берсек ешкім ештеңе әкеп бермейді. Әлеумет саласындағы іс-шаралардың барлығы халыққа арналған. Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білген жөн. Мақсат – жастар, еңбекке қабілетті адамдар жұмыс істесін. Орталықтың мақсаты өте дұрыс, қала әкімшілігіне рахмет» деді.

Қала әкімі Алтай Көлгінов бұл орталықтың тұрғындар сұранысымен ашылғанын, азаматтармен жеке қабылдау өткізу барысында осындай орталықтың қажеттілігіне көз жеткенін түсіндіріп өтті. «Азаматтар мәселелерімен қызмет көрсету орталығына, әлеуметтік көмек көрсету орталығына барады, ең соңында қайтадан әкімге келеміз дейді. Осы себепті аз қамтылған отбасыларға арналған отбасы құндылықтарын қолдайтын орталық аштық. Аз қамтылған отбасылар мүшелерінің көбінде диплом жоқ, олар курстар оқыса, жұмыс орындарына маман даярласақ, шағын бизнесті ашып аяққа тұрғандар, іскер әйелдер өз тәжірибесімен бөліссе дейміз» деді шаһар басшысы.

Айта кету керек, орталықтағы «Кәсіпкер ана» қолдау орталығы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға өз кәсібін ашуға жан-жақты көмек көрсетпек. Оның аясында өмірлік тәжірибелерімен бөлісетін табысты «Self made» әйелдерімен мотивациялық бизнес тренингтер өтеді. Қала әкімі Алтай Көлгінов орталықтың мүмкіндіктер алаңына айналатына сенім білдірді. «Біз келешекте орталықты сұранысқа сәйкес дамыта береміз. Бұл жерге келсе үй береді деген түсінік дұрыс емес, азаматтарға өз мүмкіндіктерін пайдалануда орталықтағы бүкіл маман атсалысады. Мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалып жатыр, дегенмен ата-ана балалар алдындағы өз жауапкершілігін ұмытпау керек. Жеке қабылдауға әртүрлі мәселемен келеді, кей отбасылардың екі не үш несие алғанын көреміз. Жарайды, бірінші несие мұқтаж болғасын алған шығарсыз, ал үшінші несиені неге алдыңыз дегенге «смартфон алдым» деп жауап береді. Смартфон алдыңыз, балаларыңызға көмектесе алмай отырсыз, ал банктің қаражатын қайтару керек, бұл қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сондықтан қаржылық сауаттылыққа қатысты да тренингтер өткізу жоспарда бар. Қала шетіндегі ауылдарда тұратындар несиеге смартфон алғанша мал алса, баланы бағуға болады, әрі балалар еңбекке үйренеді. Сол үшін біз халықты еңбек етуге шақыруымыз керек. Еңбексіз ешбір мемлекет өспеген, дамымаған. Біздің міндетіміз – мүмкіндік туғызу жағдай жасау» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

«Жанұя» орталығында қала әкімінің ашық қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды қабылдауды аудан әкімдері, басқармалар мен басқа ұйымдардың басшылары да жүргізетін болады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды