ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ЖОБА

Қазіргі жаһан үлкен өзгерістер мен серпілістер қарсаңында тұр. Бұл кезең адамзат баласы алдына, сарапшылар айтып жүргендей, төртінші өндірістік революция дәуірін әкеліп, оның мүмкіндіктері мен өрісінің аясын барынша кеңейте түседі. Жаңа дәуір өмірге соны әдістер мен тың технологияларды енгізу арқылы жұмыс күші нарығын түбегейлі өзгертіп, адамдардың экономикалық жағынан ұстанатын қағидаттары мен тіршілік ету дәстүрін айтарлықтай жаңғыртатын болады.

Мұның бәріне ілесіп, замана көшінің алдыңғы легінде жүру үшін қай ел, қай қоғамда болмасын, білім беру ісі ең алдыңғы қатарға шығады. Себебі айтылып отырған технология­лық және рухани жаңғырулардың ешқайсысы білімсіз өз бетінше жүзеге аспайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы, міне, әлем алдына осындай тағдыршешті міндеттер қойылып жатқан кезде жарық көрген құнды құжат болып отыр. Онда Елбасы біздің еліміз дамуының барша өзекті мәселелеріне қатысты сұрақтарды толық қамтып өткен. Ол Қазақстанның осы тұста озық да­мыған отыз елдің қатарынан табылу жөнінде алға қойған мақсатынан айнымағанын атап көрсете отырып, сол деңгейден табылу үшін атқаруға тура келетін аса маңызды 10 міндетті алға тартады. Сол міндеттердің ең негізгісі білім беру туралы мәселе болып табылады. Бұл да тектен-тек емес. Өйткені қалған тармақтардың бәрінің де білімге қатыстары бар.
Бізді осы тұрғыда Елбасының, әдеттегідей, жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі қатты қуантты. Ол бұған адам капиталын жаңғыртуға арнаған жетінші басымдықты талдау барысында кеңінен тоқталды. Президент Жолдауда бізді білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетті. Осы ретте Мемлекет басшысының оқыту ісіне техникалық тұрғыда қолдау көрсету жөніндегі тұжырымы көңілге қонады. Мұның шеңберіне цифрлық білім беру ресурстарын дамыту мен кең жолақты интернетке қосу да кіреді.
Бұл жолғы Жолдау мұның алдындағы үшінші жаңғырудың жалғасы іспеттес. Бұдан бір жыл бұрын жарияланған сол құжатта Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың жеделдетілген технология­лық жаңғыруына қол жеткізу, цифрлы технологияны қолдану, жаңа индустрия­ларды өркендету, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту, цифрлы индус­трияны жеделдету мәселелерін алға шығарып еді. Елбасының тұжырымынша, Қазақстан осыларды жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілетті елге айналуға тиіс болатын.
Қазіргі таңда жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту, осыған орай металлургия, мұнай­газ химиясы, агроөнер­кәсіп кешені, био және IT­-тех­нологиялар салаларын зерт­теуде басымдық беретін жо­ғары оқу орны ғылымын дамыту, қолданбалы ғылыми­зерт­теулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіліп отыр.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бергі уақыт ағымында білімге жасалып жатқан қамқорлықта шек жоқ. Соның тағы айқын көрінісін танытқан Жолдауда жас ғалымдарға ғы­лыми гранттар шеңберінде квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатына жете мән берілген. Алдына қазіргі заман талабына толық жауап бере алатын педагог кадрларды даяр­лауды мақсат етіп қойған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті өзінің бұл орайдағы қыз­метін, негізінен, Президенттің 2016 жылы 1 наурызда қабылданған «2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім және ғылымды дамыту жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізеді. Уни­верситет 6 факультеттің 28 кафедрасында бакалавр бойынша – 42, магистратура бойынша – 23 және PhD докторантура бойынша 4 мамандық негізінде мұғалімдер дайындайды. Бұған қоса, сырттай оқу бөлімінің студенттері 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алып жүр.
Елімізде білім мен ғылым Президенттің баянды бастамалары мен қанатты қолдаулары арқасында жыл сайын келелі өзгерістерге түсіп жатыр. Жоғары оқу орындары соңғы жылдары ғалым дайындау процесін жандандырып келеді. Біздің университет те сол саптан табылу жолында қазір көптеген ізденістерді бастан кешуде. Жолдауда мұны сапалық жаңа деңгейге көтеру керектігі айтылған. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйе­мізді құруды жеделдету қажет» делінген онда. Бұдан әрі Елбасы бұл міндетті қалай шешуге болатынын тарқатып айтып береді. Мұның ең сүбелісі – білім беру бағдарламаларының үнемі әртүрлі өзгерістерге бейім болып шығуы. Жаңа білімді тек осылай ғана меңгеріп тұрудың жөні келеді.
Жолдауда мұғалім мамандығының мәртебесін жоғарылату үшін педагогтардың еңбекақысы айтарлықтай кө­бейтілетіні де атап өтілген. Бұл, сөз жоқ, білімге ұлттың рухани әлеуетін нығайтуға атсалысуға серпін береді. Сонымен бірге, Президенттің «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-­ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар біздің қазақстандық қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген тұжырымына айрықша назар аудармасқа болмайды. Бұл бүгінгі педагог кадрлардың тұлғасын, болмыс-бітімін көрсетіп беретін анықтамалардың біріне жатады. Демек, енді біз де кадр даярлауда осы өлшемді басшылыққа алатын боламыз.

Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық

университетінің ректоры

Сонымен қатар

ИРАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Иранда бір аптадан бері жүріп жатқан наразылық қозғалысы қаңтардың 3-інде саябырсыды. Сол күні ел Қарулы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған