«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖАҢҒЫРТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

0 52

Бүгін Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Nur Otan партия жұмысын жүйелі жаңғыртуға қатысты қалалық филиалының іс-қимылдарын пысықтаған басқосуға партия активтері, Парламент және мәслихат депутаттарымен бірге елорданың белсенді жастары қатысты.

«Елбасының төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партия­сының 7 серпіні» атты партия жұмысын жү­йелі жаңғыр­ту бағдарла­масы ұсынылды. Бүгінгі өздеріңізбен басқосуда партия төрағасы алға қойған ортақ міндетімізді айқындап алмақпыз» – деді елорда әкімі, қалалық партия филиалының төрағасы Алтай Көлгінов.

Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-­идеологиялық жұмысты ұйым­дас­тыруды және партия төңірегіне жастарды топтастыру үшін шаралар қабылдауды ұсынған болатын. Осы партиялық тапсырманың орындалуы барысы қалай деген мәселені таратып айту үшін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов 24 мыңға тарта елордалық студент жастардың жайы туралы баяндады. Ректор Абайдың 175 жылдығы мерейтойы қарсаңында студент жастардың рухани орталығына айналатын Абай мектебін ашуды ұсынды. Сонымен бірге келесі жылғы Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай бас қаламызда Тыл ардагерлері аллеясын ашуды ұсынды. Бұл да тыл еңбеккерлері үшін құрмет әрі тарихты еске салатын ескерткіш болатынын айтты. Қалалық мәслихат депутаты Гайдар Қасенов өзін-өзі басқару жүйесіндегі атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен бірге сөз алғандар шағын, орта бизнес өкілдері мен белсенді жастардың жетістіктеріне баға берді.

– Партияның бақылауында тұрған мәселенің бірі – білім беру саласы. Қазір бизнеске қолайлы жағдай жасалғаннан кейін олардың әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді. Олардың көмегімен жеке балабақшалар салынып жатыр. Мектепке қатысты айтсақ, қазіргі күнде 17 мың орын дефицит. Жыл сайын мектептерге салмақ көбейіп жатыр. Он жыл бұрын елордада 73 мектепте 75 мың оқушы болса, қазір 111 мектепте 183 мың оқушы білім алып жүр. 8 мектепте шәкірттер үш ауысыммен оқиды. Бұл мәселені шешу үшін жылына 8-10 мектеп салуымыз керек, – деп әкім білім беру саласындағы жайттарға шолу жасады. Осы басқосуда Қазақстан Республикасы Конституция күніне орай партияның белсенді мүшелеріне марапат көрсетілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды