Четверг, 22 Июнь 2017
-->

ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМА – БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ КЕПІЛІ

Қалалық шешімдер бюросының ұйытқы болуымен Astana Expert Club сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Астанадағы білім беруді дамытуға арналған дөңгелек үстел мәжілісінде мамандар білім саласындағы негізгі мәселелерді талқылады. Кездесу онлайн-конференция түрінде ұйымдастырылып, оны Астана қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин жүргізіп отырды.

42354235342

Алдағы үш жылда 130 балабақша салынады
Қазір елордада білім беру саласын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Оның негізгісіне дәл қазіргі кезде маңызы басым болып отырған мектепке дейінгі мекемелердің жайы жатады. Мәселен, балабақша проблемасы жыл өткен сайын күрделеніп барады. Балаң мектепке барғанша келмейтін ұзын-сонар кезекті толығымен жою үшін 200-ден астам мектепке дейінгі ұйымды пайдалануға беру қажет. Бағдарлама негізінде колледж, мектеп және балабақша тапшылығы жойылып, сала жұмысы инновациялық жүйе арқылы жүзеге асады. Сондықтан биыл білім беру ұйымдарына кешенді аудит жүргізу жоспарда бар. Қалалық Білім басқармасы басшылығының ақпаратына сүйенсек, алдағы 2-3 жыл ішінде 130 балабақша, биыл 7 мектеп салынады.

2432542

Балаңыз дұрыс  тамақтанып жүр ме?
Баласының балабақшада не жеп жүргені кез келген ата-ана үшін маңызды. Дәрігерлер дұрыс тамақтанбау бала ағзасының дамуына кері әсерін тигізіп, түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін екенін ескертумен келеді. Осы өзекжарды мәселені негізге алып, қаладағы балабақшалар мен мектептерде ұл-қыздарымыздың қалай тамақтанып жүргенін, тамақтың құнарлылығын ата-ананың өзі көру мүмкіндігіне ие болады. Бұл бастамалар «Smart балабақша» жобасы аясында қолға алынуда. Балабақшаның барлық кіру мен шығу жақтарында бейнебақылау жүйесі орнатылады. Сосын ата-­аналардың келіп-кеткенін тіркеу жүйесі болады. Әрбір ата-анаға электронды карточка беріледі. Сөйтіп, барлық ата-аналардың кіргені мен шыққаны тіркеліп отырады. Балабақшаға келген балаларды тіркеу тетігі де енгізіледі. Бұдан бөлек, арнайы денсаулық төлқұжатында әрбір баланың ауруы, оған жасалған екпелер және тағы басқа медициналық ақпарат болады. Ал жеке кабинет арқылы ата-аналар өз балаларының жетістіктерін, білім беру кестесін, ас мәзірін, тіпті тамақтың құнарлылығын көре алады. Бүгінде «Smart балабақша» жобасы қаладағы екі балабақшада пилоттық режимде іске асып жатыр. Мамыр­дың аяғына дейін осы жұмыстың қорытындысы шығарылып, оны басқа да балабақшаларға тарату жоспарланып отыр

3432432
Білім беру мекемелеріне аудит жүргізіледі
Білім саласында қордаланған мәселе көп. Балабақша мен мектеп орындарының тапшылығы былай тұрсын, ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен оқыту әдістемелеріне қатысты проблемалар да жетерлік. Бұл үшін әрбір мекеменің проблемаларын анықтау қажет. Үздік балабақшалар, мектептер мен колледждердің тәжірибесін қолдана отырып, білім беру мекемелерінің өзара тәжірибе алмасуларын күшейтіп, қаланың білім беру сапасын көтеру керек. «Біздің негізгі мақсатымыз – білім беру мекемелерінің тәжірибелік алшақтығын азайтып, білімнің сапасын біркелкі ету. Қаланың шеткі аудандары да жалпы білім беру сапасынан қалмауы тиіс. Осы жаңа бағдарламаны талқылаудан өткізгеннен кейін арнайы сарапшылар тобы құрылады. Бұл топ Астанадағы білім беру мекемелерінің оқыту сапасын тексеретін болады. Қаладағы барлық білім беру мекемелерінде аудит өткізіп, білім беру сапасын көтерудің өзекті мәселелерін анықтауды көздейміз. Ол жұмысты жаңа жылдан бастау жоспарланып отыр» дейді қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин.

Гүлжан РАХМАН 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*