«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа жыл түнінде тыным таппайды

0 64

Тәулік бойы қызмет ететін мамандық иелерінің жыл ауысар түні де жұмысы тоқтамайды.

 

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне қарас­ты өрт сөндіру қызметі бөлімінің басшысы Саят Қажымовтың айтуынша, желтоқсанның 18-інен бастап қаңтардың 4-іне де­йін құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді екен. Өйткені мейрам қарсаңында отшашудың кесірінен абайсызда өрт шығып кету қаупі жоғары. Біз жаңа жыл түнін жып-жылы үйде қарсы алып жатқанымызда, 300-дей өрт сөндіруші елорданың бұрыш-бұрышындағы қауіпсіздікті күзетеді. Кенеттен төтенше жағдай бола қалған кезде оның бетін қайтаруға 56 техника дайын тұр. «Осындай әзірліктің арқасында Астанада соңғы жылдары жаңа жыл түнінде айтарлықтай оқыс оқиға болмады. Тек былтыр әлдебір тұрғынның отшашуды дұрыс пайдаланбағаны кесірінен оның шоқтары балконына түсіп, әбігерге салған болатын. Қуанышымызға орай, қауіптің бетін тез қайтардық. Сондықтан мұндай іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырамын» дейді С.Қажымов.

Мереке уақытында қарбаласы күшейетін мамандардың бірі – полицейлер. Сөзімізге елордадағы Есіл ауданының Ішкі істер басқармасына қарайтын жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторы, полиция капитаны Жалғасбай Ақмырзаның келтірген деректері дәлел. «Әдетте, күн сайын бізге он шақты оқиғаға қатысты шағым түсетін болса, жаңа жыл түнінде бұл көрсеткіш 2-3 есе өседі. Оның көбі адамдардың алкогольді ішім­дік ішкенінің кесірінен болады. Кейбіреуі араққа тойып алып мей­рамханада төбелес шығарады, ен­ді бірі мас күйінде отбасының шыр­қын бұзады. Өкінішке қарай, бұл құбылыс жылда қайталанады» дейді ол.


Ал перзентханадағы қызметкерлер үшін жаңа жыл түні, керісінше, сүйінші хабарларға қарқ болатын шақ. Мәселен, қаладағы №2 перзентхананың медбикесі Балжан Бақытқызы айы-күні жеткен жүкті келіншектердің көбісінің толғағы дәл 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнге сәйкес келетінін айтады. Мұның себебі әйелдердің мейрам алдында жанұшыра салат турап, дастарқан жасап, көп күйбеңдеуімен байланысты көрінеді. «Тіпті кейбір келіншектер толғақтың алғашқы белгілері ертерек байқалса да, бала-шағасын киіндіріп, күйеуінің тамағын беріп, үйіне келген қонақтарын күтіп, бәріне үлгеріп қалуға тырысады» деп күледі Балжан.
Жаңа жылды жолда жүріп қарсы алатын таксистер үшін де 31 желтоқсанның түні – ерекше жайттарға куә болатын кез. «Yandex Taxi» жүргізушісі Айболат Кеңшіліктің айтуынша, бұл түні бірін-бірі құттықтап, қонаққа баруға асыққан адамдар таксидің бағасын да онша елең қылмайды. «Былтыр мені бір жігіт жолдан тоқтатып, Қарағандыға апарып келіңізші деп өтініш айтады. Дәл мереке кезінде қайда барасың деп күлсем, сүйіктісімен ренжісіп қалып, содан кешірім сұрауға бара жатқан беті екен. Ішіңді жылытатын осындай оқиғалар жаңа жыл қарсаңында жиі болады» дейді Айболат.

Бір қызығы, мереке кезінде адам­дарға ғана емес, жан-жануарларға да қызмет көрсететін мамандардың да жұмысы артады екен. Мысалы, Астанадағы «Ақтабан» ветеринарлық клиникасының дәрігері Зауырбек Ақбергенов ит-мысықтардың ауруханаға жиі түсетін шағы жаңа жыл уағы екенін айтады. «Бұл түні үй жануарлары да адамдар секілді әдеттегіден көп тамақтанып қояды. Дүкен тағамын жеп үйреніп қалған мысықтарға иелері салаттың түр-түрін бере береді де, әлгі мысықтар оны көтере алмай, ауырып қалады. Олар шыршаға ілінген жылтырақтарды да қызық көріп, жеп қоюы мүмкін. Тәулік бойы жұмыс істейтін мекеме болғандықтан, ондай кезде тұрғындар дереу бізге хабарласады. Кейде көшеде отшашу-петардадан жарақат алған жануарларды да әкеліп жатады. Жалпы, балалар мен жасөспірімдерді ата-аналары сондай қатыгездік жасаудан тыйып отыруы керек» дейді Зауырбек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды