«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

0 1

Астанада ҚР Президенті Іс басқармасы Медицина орталығының жаңа үлгідегі балабақшасы ашылды. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Айтулы шараның ашы­луын­да Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауындағы мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуына арналған бірыңғай стандарттарды енгізу қажеттілігіне тоқталды. «Қазақстанда жылына 400 мыңға жуық сәби өмірге келеді. Астанада 20 жыл ішінде туу көрсеткіші 2,5 есе өсті.
Өткен жылдың 11 айында елордада 26 мыңнан астам бала дүние есігін ашты. 2017 жылы елде 849 балабақша пайдалануға берілді, оның 82-сі – Астана­дағы мектепке дейінгі ме­ке­мелер. Бүгін цифрлық дәуірдің барлық заманауи тала­бына сай тағы бір тама­ша балабақша жұмысын бас­тады. Ол тек елордаға ғана емес, бүкіл республикадағы балабақша­ларға үлгі болады деп сенемін» деді.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы ата-аналар мен тәрбиешілерді, балаларды балабақшаның ашылуымен құт­тықтап, оның сүйікті елордамыздың 20 жылдық мерейтойына лайықты тарту болғанын айтты.
Айта кетейік, 350 орынға арналған жаңа балабақшада мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеп – оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Педагогикалық құрамы біліктілігі жоғары, шығармашыл педагогтардан тұрады. Білім беру үдерісінде озық әдістемелер қолданылады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

он бес + сегіз =