«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа тариф кімге жақпайды?

1 123

Аялдама. Автобус күткендер сағаттарына қайта-қайта қарап, тықыршып тұр. Бір кезде көпшілік күткен автобус та келіп тоқтады. Бәрі жапа-тармағай жүгірді. Бірақ бұрынғыдай барлық есік ашылмады. Жолау­шылар тек алдыңғы есіктен ғана кіріп жатыр. Бәрі солай қарай бет бұрды. Алайда алдыңғылары кіреберісте аялдап, соңындағылар кіруге кезек күтуде. Мұны түсінбегендердің кейбірі іштен тынып тұрса, енді бірі кіре сала жүргізушіге дүрсе қоя берді.

Жолаушылар не дейді?

Сөйтсе, барлығы кіре салысы­мен карталарын валидация жасап, кейбірі көлік жүргізуші­сімен қолма-қол есеп айырысып жатыр екен. Бірер минуттан соң ғана ортаңғы және артқы есік ашылып, іштегілер сыртқа шыға бастады. Бірақ олардың арасында да сол екі ортада шыдамсызданып, дауыс көтергендері бар. Бірақ жаңа жүйенің талабы әрі ережесі – осы. Дегенмен бұл – қоғамдық көліктердегі көріністің бір парасы ғана. Жаңа ереже барлық автобуста қатаң сақталады деу қиын.
Жалпы, 21 шілдеден бастап Астанадағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысының сараланған тарифі енгізіліп, жаңа ереже жүзеге асырыла бастағалы бері бұл тақырыпты көпшілік әлеуметтік желілерде де қызу талқылауда. Ондағы пікірлер екіге жарылуда. Жаңа жүйені бірі қолдаса, екіншісі оған наразы. Бұл тұрғыда қаладағы бірнеше бағыттағы авто­бус­тардың жағдайын өз көзімізбен көріп, жолаушылармен де, көлік жүргізушілерімен де тілдесіп көрдік. №1 автопарк­тің кейбір автобустарында болмаса, қоғамдық көліктердің көбінен қазір кондукторды көрмейсіз. Картамен жүретіндердің саны 98 пайызға жеткенде кондукторлардың қызметі толық алы­нып тас­талмақ. Жолаушыларды тасымалдау да, олардың электронды төлем жасауын қадағалау немесе қолма-қол есептесу де енді тек жүргізушінің құзырында. Бұл тұрғыда кейбір жүргізушінің жұмысы ретсіз көрінді. Бұрынғы әуеніне басқан жүргізушілер бір мезетте барлық есікті бірдей ашып, кімнің есептесіп, кімнің тегін жол жүріп бара жатқанынан бейхабар отыр. Бірқатар жолау­шылардың айтуынша, соңғы уақытта қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету сапасы тым төмендеп кеткен.
– Интервал уақыты алшақтап кетті. Аялдамаларда жарты сағат, тіпті бір сағат күтіп қала­мыз. Бұрынғыдай емес, авто­­бустар адамға лық толы жү­реді. Қыстырылып тұратын кездері­міз жиіледі. Оның үс­тіне, жүргізушілер де дөрекі сөй­лейтін болыпты. Кейбірінің жұмысы мүлде шашыраңқы. Автобустарды тоқтатып, жолаушыларды күткізіп қойып, барлығының жолақы карталарын тексеріп шығады. Ол үшін арнайы тексеруші мамандар бар емес пе? – дейді ашынған жолаушылардың бірі Жанна Ысқақова.
Бірақ бұған қоғамдық көлік жүргізуші­лерінің өз уәжі бар. «Жаңа жүйе­мен жұмыс істеу өте қиын. Қаншама кондуктор сол үшін жұмыс­тан шығарылды. Енді жүр­гізушілер де жаппай кетіп жатыр. Интервал уақытының алшақтап ке­ту себебі – сол. Қазір кейбір бағытта тек 4-5 маршрут қана қалды» дейді қоғамдық көлік жүргі­зушілерінің бірі. Ал тағы бір жүргізуші аялдамаларға уақытынан кешігіп бару себебін басқаша түсіндірді. Автобус­тағы жолаушылардың төлем жаса­ғанын тексеріп, әр аялдамада ұзағырақ тұратынын айтады ол. Енді бір автобус тізгіншісі электронды карта арқылы бір сағат ішіндегі екінші рет тегін жол жүру мүмкіндігі алдағы уақытта болмайтынын айтып, «Astra card» иелерін дүрліктіруде.

 

Жүргізушілерге сенуге болмайды

Алайда «Astana LRT» ком­па­­ниясының ма­­мандары жолау­шыларды қоғамдық көлік жүр­гізушілерінің сөзіне құлақ аспауға шақырады. Мамандар­дың айтуынша, қоғамдық көлік жүргізуші­ле­рінің кейбірі жо­лау­­шыларды жаңа жүйе­ге әдейі қарсы қоюда. Өйткені олар бұрынғыдай бір жолақы билетін бірнеше жолаушыға ұсынып, өздері жалақыдан қосымша табыс тауып келген деседі. Ал интервалдың ұзақтығын қаладағы біршама жолдар жөнделіп жатқандықтан, бірқатар көшелердің ішінара жабылуына байланысты автобустардың басқа жолдармен айналып өтетіндігімен түсіндірген компания мамандары электронды картамен бір сағат ішінде тегін жол жүру мүмкіндігі жойылмайтынын жеткізді.

Оңтүстік астананың тәжірибесі қандай?

Тура бір жыл бұрын, яғни өт­кен жылдың 1 тамызынан бастап Алматы қаласында да  сара­ланған тариф жобасы ен­гізілген болатын. Онда да «Оңай» картасы арқылы төлем жасай­тындарға жеңілдік көрсетіліп, қолма-қол есептесетіндер үшін жолақы қымбаттаған. Оңтүстік астанадағы өзгеріске де жергілікті жұртшылық түрлі көзқараста болған. Ресми деректерге сүйенсек, жаңа жүйенің арқасында бір жылдың ішінде қазынаға түсетін қаржы едәуір артқан. Мысалы, былтырғы шілдеде 711813970 теңге бюджет қоржынына түссе, сараланған тариф енгізілгеннен кейін бұл цифр екі еседей көбейіп, 1302344260 теңгеге жетіпті. Бірақ қазына қаржысы молайғанмен, жолаушы тасымалдау­шылар бұған әлі де аса қуана қоймаған тәрізді. Алматы қаласы жолаушы тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Сәбит Аманбаевтың айтуынша, тасымалдаушы компанияларға берілетін субсидия тек ондағы жаңа автобустар санына қарай бөлінетін көрінеді.
Ал Астанадағы өзгеріс нәтижесінде қазына қаржысының қаншалықты өскенін алдағы айларда нақты цифрмен көрсететін боламыз. Тек жаңа жүйе жолаушыларға тиімді болып, барлығы оңынан болса игі еді.

Қасымхан ЖҰБАТХАНОВ, қоғамдық көлік жүргізушісі:

– Кондукторлардың болмағаны қиын екен. Жұмысымыз ауыр­лап кетті. Негізі, екі күн істеп, екі күн демаламын. Бірақ соңғы кезде екі күнімнің өзі бес күнге татиды. Қатты шаршаймыз. Ертең де басшылықтан демалыс сұрайын деп отырмын. Күніне қаншама жолаушыға жалғыз қызмет көрсету оңай емес. Осындай сәтті пайдаланып, баратын жеріне тегін жетіп жүргендер де бар. Алдыңғы есіктен кіргізіп, олардың карталарын валидация жасағанын қадағалап, кейбірімен қолма-қол есептесіп, әр аялдамада біраз бөгелемін. Содан ке­йін де аялдамаларға уақытынан кешігіп жетеміз. Ал онда адамдар жиналып қалады. Ұзағырақ күткендері айғай-шу шығарады. Бұл жүйе бізге, әсіресе жүргізушілерге өте тиімсіз. Сондықтан да біраз әріптестеріміз жұмыстан шығып кетіп жатыр. Ал бұрынғы кондукторлардың біразы қазір тексеруші қызметіне ауысты. Бірақ көбісі жұмыстан босатылды. Алда қалай боларын уақыт көрсетер.

Бауыржан ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, №3 автопарк директоры:

– №3 автопаркте осыған де­йін 120 кондуктор жұмыс істеген. Қазір оның 25-і тексеруші қызметіне ауысты. Қалғаны өз еркімен жұмыстан кетті. 21 шілдеден бері біздің автобустарда бірде-бір кондуктор жұмыс істемейді. Барлығы электронды картаға көшіп жатқаннан соң олар жұмыс істегісі де келмеді. Өйткені бұрынғыдай ақшаны жымқырып қалу мүмкіндігі жойылды. Есесіне бюджет қаржысы еселенетін болды. Соның арқасында енді автобустарымызды жаңартып, жұмысшылардың жалақысын көтереміз. Мысалы, жүргізушілеріміздің қолға алатын жалақысы мен «қосымша табыстарын» қосқанда бұрын шамамен 350 мың теңге болса, қазір де содан кем болмайды. Ал тәртіп бұзбай, қызметін адал атқаратындардың еңбекақысын 400 мыңға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Дегенмен қазіргі уақытта жүргізушілердің жетіспей жатқаны рас. Бірақ жаппай жұмыстан кетіп жатыр дегенге келіспеймін. Бұл – жай ғана қауесет. Барлығы өз орнында, жұмыстарын кондукторларсыз-ақ игеріп жүр. Биылғы 1 қаңтардан бастап оларды штатқа қабылдаған болатынбыз.
Мен сараланған тарифтің енгізілгенін толық қолдаймын. Себебі сайман мен жанармай бұрынғыға қарағанда қымбат. Бұл тұрғыда жаңа жүйе бізге де пайдалы болайын деп тұр. Негізінде, біз бұған енді ғана келіп жатырмыз. Ал бұл тәжірибе Еуропада бұрыннан бар. Мысалы, 2003 жылы жұмыс сапарымен Швецияда болғанымда, ол жақтағы жүйе сол кездің өзінде осындай екен.

Науат Азанбаева, «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:

 – Сараланған тарифтің енгізілгеніне әлі бір ай да болған жоқ. Қазір бұл өзге­рісті жұртшылық әртүрлі қабылдап жатыр. Бірақ жо­лау­шылардың басым көпшілігі қолдау көрсетуде. Олардың 90 пайызы электронды төлемге көшті. Әлбетте, наразы болып жатқандары да жоқ емес. Алайда олардың наразы болуының себебі ақпаратты дұрыс түсінбеуінде сияқты. Кейбір жүргізушілер мен кондукторлар жолаушыларға қате ақпарат таратып жатқан көрінеді. Өйткені бұл жүйе оларға тиімсіз. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін олардың көбісі жолаушыларға билет бермей, жолақы қаржысының біраз бөлігін өз қалталарына басып келген. Ал сараланған тариф – осындай көлеңкелі экономиканы болдыр­маудың бірден-бір жолы. Онымен қоса, бюджетке де қаржы бұрынғыға қарағанда көбірек түсіп, соның нәтижесінде жол жөнделіп, автобустар жаңаратын болады. Сондықтан осы өзгерісті жұртшылық дұрыс түсінсе дейміз. Бұл – өтпелі кезең. Біраз уақыттан кейін бәрі бір қалыпқа түсетін болады деп сенеміз.

  1. Айгүл :

    Орынды көтерілген тақырып екен. Жаңа жүйе реттелуін реттелетін шығар. Бірақ қоғамдық көлікте бірнеше рет адамдардың кіріп, үндемей тұрып, бірнеше аялдамадан соң ақы төлемей-ақ түсіп кеткенін байқадым. Автобус жүргізушісі екі-үш мәрте «жолақыны маған төлеңдер» деп ескертіп еді, құлақ асқандары санаулы. Сырттай ғана бақылап тұрдым. Өз пайдасына пайдаланып, тегін жеткендер де жетіп артылады. Кондуктор бақылауынсыз жүргізушіге қиын-ақ…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды