-->

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢА ФОРМА

Кеңес заманындағы сұр көйлек пен ақ фартуктың уақыты өтті. Одан беріде әр мектеп әртүрлі форма ойлап тауып, оқушылар түрлі шалбарлар мен қысқа юбкалар, алабажақ кеудешелер киіп кетті. Олардың оқушы екенін ажырата алмай қалатын кездер болды. Осыған дейін министрлік ресми түрде міндеттемегендіктен, жаңа бастаманы жүзеге асыруға құлшыныс аз болған еді. Әлеуметтік теңсіздікті айқын әшкерелеп тұратын бұл мәселеге биыл нүкт қойылды. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер бірыңғай мектеп формасына көшеді. Астана бұл бастаманы бірінші болып бастап кетті.

1 қыркүйекте астаналық оқушылар мектепке бірыңғай киім үлгісінде барады. Қалалық білім басқармасы форманың түсі, үлгісі мен матасының сапасы көрсетілген нұсқаулықты барлық мектептерге жолдап, бұл жолдағы жүйелі жұмыстарды бастап кетті. Жаңа оқу жылынан бастап Астанадағы барлық мектеп оқушылары қою көк түсті форма киеді. Айта кету керек, оқушылар бұл киім үлгісіне біртіндеп көшеді. Бірінші сынып оқушылары бірінші болып осы форманы алу керек. Ал өзге сынып оқушылары қою көк түсті мектеп киімін қолданыстағы мектеп формалары ескіргеннен кейін барып алса болады.

Әділ Шораев, №65 орта мектептің директоры:
– Бірыңғай мектеп формасына көшу өте тиімді. Әсіресе, бүгінгідей уақытта әлеуметтік теңсіздік, діни пікір мен азаматтық пікірдің саналуандығы орын алып, рух таразысының теңселіп тұрған уақытында қай істе де біркелкілік пен бірыңғайлылық қажет деп ойлаймын.

Осылайша, бір түсті мектеп формасына кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Ұлдарға арналған мектеп киімінің жиынтығында пиджак, жилет, шалбар, мерекелік ақ көйлек, күнделікті көйлек, тоқыма кеудеше, водолазка бар. Ережеге сай, ең кем дегенде көйлек, жилет пен шалбар болуы тиіс. Қыздарға арналған толық жиынтықта пиджак, жилет, белдемше, классикалық блузка, тоқыма кеудеше, сарафан, водолазка бар. Мектеп формаларын бір-бірінен ажырататын әр білім ошағының өз белгілері болады. Олар пиджакқа және жилетке тігіледі. Мектептер бұл киімдерді құжатта көрсетілген талаптарға сай етіп тігіп беретін мекемені өздері таңдайды.

Гүлнұр Оралбаева, ата-ана:
– Өзімнің 5 балам бірдей мектепке барады. Олардың барлығына бірдей жаңа форма алуға жағдайым келмейді. Бірақ, мектебіміз олай міндеттеп отырған жоқ. Бұрынғы формамыз ескіргеннен кейін, жаңасын алсақ та болады екен. Жалпы бұл бастама мені қатты қуантты. Бір қаланың ішінде бірнеше рет көшіп жүре беретін қазақпыз ғой. Енді баламыз қандай мектепте оқыса да бірыңғай мектеп формасы арқылы, бұл мәселеге бас ауыртпайтын болдық.

Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып, юбканың ұзындығы тізеден 5 см-ден жоғары болмауы керек. Бұл киімдерді балалар киетіндіктен матаның сапасына да мән беру керек. Мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Киімнің 75-85 пайызы табиғи маталардан тұруы керек. Оның қыртысын болдырмау мақсатында синтетикалық қоспалардың 15-25 пайызы бар маталар ұсыналады.

Гүлжан
РАХМАН

 

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*