«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қолжетімді мемлекеттік қызмет

0 16

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бас қаламыздағы бірнеше нысанды аралап шықты.


Алғашқы кездесу өткен жылы ғана ашылған ЭКСПО аумағындағы «Цифрлы қызмет орталығында» өтті. Мұнда жиналған қауымға «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов ХҚО-ның жұмыс тәртібін толығымен түсіндіріп берді. Айтуынша былтыр «Астана – адалдық алаңы» жобасының бастамасымен 2400-ге жуық мемлекеттік қызметкер цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша «Цифрлық қызмет көрсету орталығынан» өткен.
– Халыққа қызмет көрсетуді негізінен орталық органдар ашады, сол сияқты жергілікті атқарушы органдармен деңгейлес бизнес-сервистік орталықтар құруды қалап отырмыз. Алдағы уақытта коммуналдық қызметтерді толығымен алуға болатын қалалық қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Өйткені онда қажет анықтамалар жетерлік, – деді әкім.
Кездесу барысында азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерді тез әрі оңай алудың жолдары талқыланды. Мемлекеттік мұндай қызметтерді сауда орталықтарында орналасқан терминалдардан алу жолы қарастырылып жатыр. Жиын барысында мобильді құрылғылар арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін «М-Gov» секторы, көлік жүргізуді үйрететін онлайн «Digital Drive», «Video Call Room», мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына бейнематериалдар беру секілді артықшылықтары көрсетілді.
Бұдан кейінгі кездесу Сарыарқа аудандық сотында жалғасты. Бұл жерде сот кеңсесі ашық және тосқауылсыз қызмет қағидаты бойынша жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, аудандық сотта алғаш рет барлық сұраққа жауап беретін ресепшн іске қосылған. Ал ғимарат ішінде Wi-Fi, гаджеттерді зарядтауға арналған арнайы орындар мен ыңғайлы медиациялық бөлмелерден бөлек, тегін адвокат, іс барысымен толық танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық бөлме, ал QR-код арқылы өтініш, шағым жазудың үлгілері қарастырылыпты. Сонымен қатар, электрондық кезек жүйесі енгізіліп, әрбір адамның уақыты мен мақсаты жазылып отырмақ.
Барлық залда судьяға, хатшыға, тараптар мен прокурорға автоматтандырылған жұмыс орындары енгізілген. Бұл азаматтық істерді электронды түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Ұялы бейнеконференц байланысты енгізу арқылы сот процесін мобильді түрде үйде көруге болады немесе жұмыс кезінде тараптар сотқа онлайн режімінде қатыса алады.
Бақыт Сұлтанов пен Алик Шпекбаевтың жұмысы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының жаңа кеңсесінде өтті. Жаңадан салынған ғимарат Open space үлгісі бойынша тұрғызылыпты. Ішкі кабинеттері әйнектермен жабдықталуы жұмыс уақытында қызметкерлерді бақылауға, әріптестер арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда басқарма мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттік орган 22 мемлекеттік қызмет көрсетуде. Бұған дейін бұл жерде электрондық нұсқадағы мемлекеттік қызметтердің тек 2 пайызы көрсетіліп келіпті, енді электрондық форматқа мемлекеттік қызметтің 39 пайызы көшірілді. Биыл қызметтің 80 пайызын электронды түрге ауыстыру жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды