«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа маусымды «Абай» ашты

0 35

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық музыкалық драма театрының жаңа ХХІХ маусымы қалыптасқан дәстүрге сай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашылды. Спектакльді тамашалауға арнайы келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен театр ұжымына қала басшысы Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын оқып берді.

«Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез келген ұлт өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Демек, сіздер, өз өнерлеріңізбен елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш, зор мақтаныш сыйлайсыздар. Жыл сайын театр маусымының ашылуы сахна өнерінде ерекше кезең болып саналады. Айтулы мереке күні театр саласының барша өкілдеріне ел мәдениетінің одан әрі қосқан зор үлес­теріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәріңізге денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Мемлекет игілігі үшін еңбек етіп, жаңа шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер!» делінген әкімнің құттықтауында.
Өз тарапынан келесі жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы атап өтілетінін еске салған қала басшысының орынбасары бұл ел үшін ерекше оқиғалар екенін айтып, бұған театр ұжымы да белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, ұжымға табыс тіледі.
Алдағы жыл Қаллекиліктер үшін де айрықша болмақ. Бұйырса, олар мерейтойлық ХХХ маусымды жаңа кең, әсем ғимаратта қарсы алмақ. Театрдың құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтің айтуынша, 2020 жылдың шілде айында елорда күніне орай дәл осы «Абай» трагедиясы жаңа ғимаратта қойылмақ. Бұған қоса, «ұлттық театр» мәртебесін алуды, жаңа театр ауласына 20 сахна саңлағының еңселі ескерткіштерін қоюды жоспарлап отыр. Соның ішінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Қадиша Бөкеева, т.б. майталмандар тастұғырға қондырылмақ.
Ал театрдың жаңадан тағайындалған директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD докторы, профессор Асхат Маемиров қазіргі таңда өнер ұжымы репертуарында 38 спектакль барын, алда репертуарлық саясат қаралатынын айтады. Ол жаңа ғимаратта озық туындылар ғана қойылу керек деп есептейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды