«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа буын төрге шықты

0 49

Парламент Сенатында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттерге арналған дөңгелек үстел мәжілісі болды.


Жиында сөз алған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін атап өтті.
Сенат төрағасы Мемлекет басшысының бас­тамасындағы жастар саясаты жөніндегі жаңа ауқымды жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталып, жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктері шағын және орта бизнес саласында екеніне назар аударды. Төрағаның пікірінше, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында туризм келешегі зор сала болуы тиіс. Ол осыған орай туризм саласы бойынша білікті мамандардың аздығын ескере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында туризм және қонақүй бизнесі факультеттерін кеңінен ашуды ұсынды. Және жастарды парламент пен жергілікті өкілетті органдардың жұмысына кеңінен тарту және белсенді жаңа буын өкілдерін қолдауға шақырды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы мектептерде орын алған, қоғамның наразылығын тудырып отырған күш көрсету, қорқыту мен қорлық көрсету әрекеттеріне орай жастардың құқықтық және адамгершілік тәрбиесіне де маңыз берді. «Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану керек. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс» деді.
Сонымен қатар мәжіліс­те аса маңызды мәселе – жастардың дінге деген көзқарасы туралы да айтылды. «Еліміздегі әрбір жас азамат, өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр» деді Сенат төрағасы. Ол осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды