«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа бастамалар серпіні

0 48

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника­лық университетінде «Астана – жаңа баста­малар серпіні» атты ғылыми жастар фору­мы аясында елорданың 20 жылдығына арнал­ған «ҚазАТУ жас ғалымдары мен студенттерінің 20 жетістігі» атты көрме ұйымдастырылды.

Бұл шара ГАЖ технологиялары және АӨК цифрландыру, аквамәдениет, ветеринария, ауылшаруашылық биотехно­логиясы, өсімдік және ауыл шаруашылығы техникасы бағыт­тары бойынша өткізілді. Сонымен қатар, «Электрондық ме­ди­циналық жазбалар», «ҚТҚ сұрыптау жүйесі», «Көмек», «Вкусняшка» әлеуметтік жобаларының таныстырылымы болды. Көрмеге қойылған кез келген жобаны өндіріске енгізуге болады. Себебі олар бір емес, бірнеше жыл бойына ғалымдардың бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асырылған. Оның бәрі жаңа үлгідегі сандық жүйемен жабдықталған. Аталған білім ордасының Геоақпараттық технологиялар орталығы әзірлеген арнайы жоба бүгінгі таңда то­лықтай жұмыс істеуде.
Жиын барысында жас ғалымдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баяндама жасады. Жиналғандарға өз жобалары мен жұмыстарын таныстырды. Мәселен, PhD докторы Дулат Ибраев жастарға ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістік­терге жету мүмкіндіктері жайлы айтып берді. Ал жас ғалым Анар Смағұлова цифрландырудың инфрақұрылымдық тәсіл туралы әңгімеледі. Қысқасы, форумда ғылым жолында жүрген жастар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды