«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа балабақша ашылды

0 32

Тәуелсіздік күні мерекесі қарса­ңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев балаларға арналған жаңа спорт кешені мен балабақшаның ашылу салтанатына қатысты.

№59 мектеп-лицейдің аумағында орналасқан төбесі жабық футбол алаңының ауданы 2 296 шаршы метрді құрайды. Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуына қарағанда, бұл елорда мектептерінің жанында орналасқан төбесі жабық жалғыз футбол алаңы. Стадион барлық заманауи талаптарға сай бой көтеріпті. Мұнда №59 мектеп-лицейдің оқушылары ғана емес, жақын орналасқан тұрғын үй алқаптарының тұрғындары да спортпен шұғылдана алады.
Кенен Әзірбаев көшесінің бойында орналасқан 240 орындық №93 «Айгөлек» бала­бақшасының іске қосылуы Астанадағы балабақша кезегін азайта түсері анық. Бүлдіршіндер мұнда мемлекеттік және орыс тілінде білім алатын болады.
«Айгөлек» балалар бақшасы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен салынды. Балалар бақшасы 240 орынға ла­йықталған. Мұнда 80-ге тарта адам қызмет істейтін болады.
– Балаларды қуантқаннан артық бақыт жоқ. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең. Өйткені балақайлар – болашағымыздың баянды жолы. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең. Міне, бүгін – сондай балғындар шаттыққа бөленген күн. Бүгінде Астанада мектепке дейінгі білім беретін түрлі үлгідегі 327 мекеме бар. Жеке меншіктегі 175 балалар бақшасы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. 2018 жылдың басында Астанада төрт балалар бақшасын ашу жоспарланған болатын. Осындай игі жұмыстардың барлығы біздің болашағымыз – балалар үшін жасалынуда, – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Айта кету керек, балалар бақшасы соңғы үлгідегі талаптарға сай етіп тұрғызылған. Олардың жатын орындары мен тәрбиеленетін залдары интерактивті тақталармен жарақтанған. Музыка және гимнастика залдары, медициналық қызмет көрсету бөлмелері бар. Әр топ спорттық және ойын алаңдарымен қамтылған. Тамақтану және кір жуатын бөлмелер соңғы үлгідегі қондыр­ғылармен жабдықталған.

Гүлжан Рахман

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды