Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

Жаңа әліпби жазуға жатық болсын

Кеше Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті. Жиында Шайсұлтан Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын таныстырды.

Ең алдымен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз – осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталатынын айтты.

«Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, қазақ тілі – ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор. Тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке жол беруге болмайды» дейді ол. Жиын барысында халық қалаулылары мен белгілі саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен тіл мамандары, қоғамдық ұйым мүшелері жаңа әліпбидің жобасын әзірлеген мамандардың еңбектерімен танысты.

Ғылыми қағидалар ескерілді

Парламент отырысында латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасын таныстырған Ербол Тілешов аталмыш мәселеде ғылыми қағидалар басшылыққа алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» қағидасы қолданылады. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсынылған. Нұсқаны дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар келіп түскен. Орталық директоры мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми қағидалар негізге алынғанын, соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен тәжірибесіне құрылған нұсқа таңдап алыныпты.

«Жаңа әліпби қабылдау, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау. Осы ретте келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс. Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған азаматтар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді» дейді Ербол Тілешов.

Сонымен, жаңа нұсқада «ә» дыбысы «ae», «ө» – «oe», «ү» – «ue» деп таңбаланған. Мысалы, «әлем» – «aelem», «өркен» – «oerken», «үкімет» – «uekimet» болмақ.

«Мұндағы айрықша тұрған дыбыс – «ң». Ол қазақ тіліне тән дыбыс, басқа тілдерде де бар. Біз оны «ng» деграфымен бердік. Осындай деграфпен беру ағылшын тілінде де, басқа бірнеше дыбыстарда кездеседі. Оны қабылдау да оңай болады. Бұдан бөлек, «ғ» – «gh», «ч» – «ch», «ш» – «sh» және «ж» -«zh» болып белгіленеді. Ал «ц», «в», «ф» сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыс­тарды мүлдем алып тастау туралы ұсыныс болған. Тура осындай мәселе 1920 жылдары әліпби тақырыбы көтерілгенде айтылған болатын. Жат дыбыс­тарды кіргіземіз бе, жоқ па, осы мәселе қаралды. Аxмет Байтұрсынұлының әліпбиге қатысты еңбектерін мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Мысалы, білімпаздар съезінде Аxмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сақталуына аз да болса ақысы бар «һ» дыбысы жайында айтқан болатын. Өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса сөздер бар дейді. Яғни, Аxаң бастаған зиялылар егер сөздік қорымызда олардың орныққан белгілі бір сөздік қоры болса, ондай дыбысты сақтау қажет деп санайды. Біз де осы қағидаға келісіп отырмыз. Сондықтан жаңа әліпби нұсқасында осындай дыбыстарға орын бердік» дейді Ербол Тілешов.

Асықпаған жақсы, кешікпеген одан да жақсы…

Латынға көшу мәселесі небір кезеңдерді бастан кешкені белгілі. Осы уақытқа дейін екі мыңнан астам мақалалар жария­ланыпты. Мемлекеттік комиссияның құрылғанына да біраз уақыт өтті. Осы ретте Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов латынға көшу бүгінде басы ашық мәселе екенін айтты. «Әрине, асықпауымыз керек. Бірақ асықпаған жақсы, кешікпеген одан да жақсы. Тағы да айтамыз, қазақ жазуын латын жазуына көшіру қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің басы ашық. Сеніммен айтамыз. Адам қателесуі мүмкін, қоғам қателесуі мүмкін, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ, уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Уақыт бұл мәселеде өзінің сөзін айтып үлгерді. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынағынан өтіп болды. Бүгінгі таңда әлемдегі халықтың 80 пайызы осы латын жазуын игеріп, танып отыр. Әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таңбаланады. Менің ойымша, осыдан артық аргумент келтіру қиын. Былайша айтқанда, латынға көшу – прагматизм талабы. Енді бар мәселе, түйін осыны қалай шешеміз дегенге тіреліп тұр» дейді Сауытбек Абдрахманов. Оның айтуынша, латын жазуына ауысу тек қазақ тіліне қатысты. Таза лингвистикалық мәселе екендігі ап-айқын айтылғандығы өте құптарлық.

«Біз өзіміз игеріп үлгерген, бойымызға сиғызып үлгерген бұл байлықтан бас тартпаймыз. Жалпы, адамзаттың әргі-бергі тарихында білгеннен зиян көрген адам да жоқ, халық та болмайды. Біздің алдымызда әлі біраз жылдарға созылатын, жүйелі түрде табандап жүргізуді талап ететін қиын жұмыс тұр. Бұл жұмысты оңайға түседі деп ешкім айта алмайтыны анық. Әсіресе, аға буынға жаңа әліпбидің қызығы мен шыжығын да көруге тура келеді. Бірақ жастарымыздың, балаларымыздың бұл істің тек қызығын көретіні күмәнсіз. Мәжіліс төрағасы Елбасымыздың балаларымыздың болашағы үшін осы мәселені қабылдауға тиіспіз дегенін орынды келтірді. Балаларымыздың балалары үшін, балаларымыз­дың балаларының балалары үшін, ұрпаққа мәңгілік қалдыратын мұратымыз үшін жасалынып жатыр. Сөзіміздің түйіні мынау: жазуымызды жаңартып, тілімізді түзеткіміз келсе, сол арқылы санамызды сілкіндіріп, елдігімізді ерекшелегіміз келсе, бұл іске тәуекел етуге тиіспіз» деп түйіндеді Сауытбек Абдрахманов.

Әліппе ауыстыру:НЕ КЕДЕРГІ?

Ал Сенат депутаты Дархан Кәлетаев бұл шешім аяқ астынан қабылданып жатпағандығын алға тартады. «Біз бұл қадамға Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дайындалдық. Осы жылдар ішінде аталған мәселе әбден зерттелді, пысықталды. Жалпы, кез келген мемлекет халықтың бастамасын табысты іске асыру үшін саяси, экономикалық, әлеуметтік негізінен қоғам тарапынан сұраныс болуы тиіс. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді реформалауға негіздеме де, сұраныс та бар. Қазақстан үшінші жаңғыру аясында еліміздің жаһандық интеграциясына мүдделі болып отыр. Саяси экономикалық реформалар қолға алынды. Рухани жаңғыру бағдарламасы осы реформалардың заңды жалғасына айналды.

Біз бүгін сол мақсаттың бастауында тұрмыз» дей келе бірыңғай стандартты нұсқаны халықтың қолдауына енгізіп әрі жеңіл жолдарын қарастыруды сұрады. Сол сияқты халық қалаулысы Бекболат Тілеухан: «Әліпби түгілі бір бөлмеден бір бөлмеге затыңызды ауыстырсаңыз да кәдімгідей машақат. Жасыратыны жоқ, аға буынға бұл латиницаның ауырлау түсетіні жасырын емес, ал жас ұрпаққа түк емес. Және қажеттілікке саясаттың тонын кигізудің ешқандай қажеті жоқ. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес» деп, латын әрпіне өтуде алаңдаушылық білдіруге негіз жоқ екенін жеткізді.

Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныс­тары кеңінен талқыланды. Әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері жаңа әліпби туралы өз ой-пікірлерін білдірді. «Қазіргі біздің орыс тілінің негізіндегі алфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз екі есеге көп. Яғни бұл әліпбидің біздің ерекшеліктерімізге сәйкес келмейтіні белгілі. Сондықтан бұл латын әліпбиіне көшу емес, шындығын айтқанда латын әліпбиімізге оралу болады» дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек.

Оқушыларды қалай оқытамыз?

Жиында латын әліпбиіне байланысты оқу бағдарламаларының болашағына қатысты сауалдарға жауап берілді.«Алфавит қабылданатын болса, жаңа жазу үлгісін еліміздегі барлық білім беру ұйымдарына енгізудің кестесін жоспарлап отырмыз. Аталған сұрақ бойынша ҚР Президент әкімшілігі және Үкіметпен ақылдасамыз. Нақты шешім шығару үшін кестені Үкімет отырысында талқылауға шығарамыз. Кадрларды даярлау, оқулықтарды жасау, сөздіктер, грамматика мәселелерін міндетті түрде қарастырамыз. Кейін нормативті сөздіктер, оқулықтар әрі оқу-әдістемелік оқулықтарды көп тиражбен шығару жоспарлануда. Тек дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін ғана біз аталған процесті, яғни жаңа жазу үлгісін жаппай барлық білім беру ұйымдарына енгізе бастаймыз» дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов. Оның пікірінше, орыс тілінде білім беретін мектептерде, қазақ және ағылшын тіліндегі пәндерден басқа барлық пәндер кириллица әліпбиінде өтеді. Демек латын әліпбиіне көшу қазақ тіліне ғана қатысты болмақ.

Жастар үндеу жариялады

Парламент отырысындағы талқылаудан кейін Данияр Сүндетбаев бастаған 164 мың жасотандық қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуін қолдайтындары жайлы видео-үндеу жариялады. Үндеу еліміздің 16 облысы мен Алматы және Астана қалаларын қамтыған. Жастар өздерінің азаматтық позицияларын көрсетіп қана қоймай, латын қарпіне көшу арқылы қазақ тілінің, ел тарихы, әдебиеті мен мәдениетінің жаңғыруына, білім мен ғылымдағы бетбұрысқа дайын екендіктерін білдірді.

Еске сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында 2017 жылдың соңына дейін жаңа графикадағы әліпбидің бірыңғай стандартын қабылдауды, ал 2018 жылы оқу әдебиеттерінде дайындықты бастау туралы міндетін қойған болатын.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*