«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа алаңның идеясы – ашықтық және қолжетімділік

0 25

Нұрсұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен Есіл ауданының әкімдігінде «Open аkimat» халыққа қызмет көрсету алаңы ашылды. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін алаңда азаматтар әртүрлі ұйымдардың, соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Тұрғын үй қоры, Жұмыспен қамту орталығы, «Қазпошта» АҚ және аудан әкімдігі қызметкерлерінің көмегі мен кеңесіне жүгіне алады.

– Мемлекет басшысы өз сөзінде әкімдіктің ашық түрде жұмыс істеуін айтып өтті. Бұл алаңның да идеясы сол – ашықтық және қолжетімділік. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол бермеу. Яғни халыққа қызмет жабық кабинетте емес, ашық алаңда көрсетіледі. Сондай-ақ бұл жерді маусымдық сұрақтарды шешу алаңы деп айтуға болады. Мысалы, жаздыгүні балаларды мектепке дайындық жұмыстары, қазіргі уақытта қысқа дайындық мәселелері, ал қыстыгүні қар тазалау, ПИК-тің қызметіне қатысты сұрақтар дәл осы жерде шешілетін болады. Ашық әкімдіктен бөлек, бізде барлық аудандық әкімдіктерде «Адалдық алаңы» жұмыс істейді. Ол жерде де халыққа көрсетілетін қызметтің адал әрі ашық түрде жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі, – деді Алтай Көлгінов алаңның ашылу салтанатында.
Алик Шпекбаев өз сөзінде қазіргі күні ел бойынша 400-ден астам осы секілді фронт-кеңселер халыққа қызмет көрсетіп жатқанын атап өтті. Алдында осындай алаң Сарыарқа ауданында ашылған. Енді Алматы және Байқоңыр аудандарында осы секілді орталық ашылуы керек.
Ал жаңа орталықта қабылдау және қызмет көрсету бөлмелерімен қатар балалар бұрышы, кітапхана және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да бар. А.Көлгінов пен А.Шпекбаев «Open akimat» базасында азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін жеке бақылауға алды.
Осы күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде қала басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департамент басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар статистикасын жария етіп, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін жеткізді.
Кеңес қорытындысында қала әкімі өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына ай сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен прокуратура өкілдерімен «Адалдық алаңы» алаңында кездесіп, тәуекелдерді зерделеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдануды тапсырды. Кеңес әкімнің қатысуымен тоқсан сайын өткізілетін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды