«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа әкім – жаңа міндеттер

0 21

Бейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысына қатысып, депутаттарға Нұр-Сұлтанның жаңа әкімі лауазымына Алтай Көлгіновтің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады.


Қазақстан Президенті шаһар активімен кездесуде бұған дейінгі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың атқарған жұмысына жоғары баға берді. «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қала әкімі Бақыт Сұлтановты қызметінен босату жөнінде шешім қабылдадым. Алдымен Бақыт Тұрлыханұлына осындай тарихи әрі жа­уапты кезеңде өзіне артылған сенімді ақтап, тапсырылған міндетті абыроймен атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың жаңа әкімінің алдында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. «Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Ол – ұйым­дас­тырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман. Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болды. Оның білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қыз­метіне тағайындау туралы шешім қабылдадым» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне егжей-тег­жейлі тоқталды. «Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілетін болады. Жақын күндері тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңыз­ды шешім қабылданады. Бұл үдерістерден астанамыз қалыс қалмауы керек. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде алдыңғы қатарда жүруі қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жиын соңында Мемлекет басшысы жаңа әкімге бірқатар нақты тап­сыр­ма берді.
Мемлекет басшысы қалалық активпен кездесуде елордадағы ең түйткілді мәселенің бірін қозғады. Ол адамдардың өміріне қауіп төндіретін қақпағы ашық жатқан құдықтар мәселесіне назар аударды. «Бас қалада мұндай құдықтардың болуы – нағыз масқара! Біз «Еуразияның астанасы» деп атап жүрген қалада адамдар құдыққа түсіп, көз жұмуда. Күллі Үкімет әкімдікпен бірге осы мәселені шеше алмай отырғаны өкінішті-ақ» деп мәлімдеді Қ.Тоқаев.
Ел Президенті жергілікті биліктің бұл мәселеге нүкте қоюға жақын қалғанын жеткізді. «Бұл – нағыз масқара! Демек, құзырлы органдар ел көкейіндегі мәселелермен айналысуы тиіс. Біз көпіртіп көп сөз сөйлейміз, бірақ бұл жерде нақты істің нәтижесі керек. Қарапайым адамдар биліктен соны күтеді» деп қадап айтты Мемлекет басшысы. Соңғы кездері елордада балалардың құдыққа құлап, мерт болу оқиғалары болғаны рас. Өткен жылдың қараша айында 13 жасар оқушының мәйіті табылды. Екінші қайғылы оқиға биыл болды. Бұл жолы 13 жасар ер бала ашық құдыққа түсіп, көз жұмды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды