«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жанды жері – жол мен жарық

0 43

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бастаған жұмыс тобы қаладағы бірқатар нысанды аралап, әлеуметті маза­лаған мәселелер бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жұмыс тобы алдымен «Оңтүстік-шығыс» ықшам ауданына ат басын тіреп, ондағы Көкпар, Қозыбай сияқты көшелерді аралады. Жекеменшік секторлардағы жағдайды өз көзімен көрген қала басшысы тұрғындардың базынасын тыңдады.
Жалпы, «Оңтүстік-шығыс» ықшам ауданында түйіні шешілмеген түйткілдер әлі де аз емес. Тұрғындардың сөзінше, мұндағы жұрттың жанды жері – жол мен жарық. Сонымен қатар ықшам аудан тұтастай орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмағандықтан, қыстың күндері көмірдің көк түтіні ауа­ны ластайды. Бұдан бөлек, су құбыры мен кәріз жүйесінің қиындықтары тағы бар. Бұл тұрғыда Көкпар тұйық көшесінің тұрғындары үйлеріне су құбыры мен кәріз жүйесін өз қаржыларына тартқызып алыпты. Коммуналдық төлемді де уақтылы төлейді екен. Олар қала басшысынан енді көшеге асфальт төсеу мәселесін шешіп беруді сұрады. «Қазір білінбегенмен, көктемде қар ерігенде мұнда аяқ алып жүру мүмкін болмай кетеді. Жаяу жүрмек түгілі, саз балшық көліктердің жүрісіне де едәуір қиындық тудырады. Бұл жерден шыққан көліктер қаланың басқа да көшелерін былғайды. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды» деді Көкпар тұйық көшесінің тұрғындары.
Сол сияқты Қозыбай көшесінің тұрғындары да кәріз жүйесіне қатысты шағымдарын айтты. Тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған қала әкімі мұндағы барлық мәселені назардан тыс қалдырмайтынын айта келе, биыл «Оңтүстік-шығыс» ықшам ауданының Көкпар, Ақарыс, Бекарыс, Жаркент сияқты 14,8 шақырымды құрайтын 19 көшесіне асфальт төселіп, одан бөлек Келес, Нұрлы, Ақберен, Жаңаөзен сияқты ұзындығы 7,2 шақырым болатын 27 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ жауапты мекеме басшыларына аталмыш ықшам аудандағы бірқатар көшені жыл соңына дейін жарықтандыру керектігін айтқан қала әкімі мұндағы үйлерді тиісті коммуналдық кәсіпорындардың қарамағына беріп, кемшіліктерді жоюды тапсырды. «Адамдар түнгі уақытта көшеде қол шамдарымен жүрмеуі керек. Ол – өте ұят жағдай» деді Бақыт Сұлтанов.
«Оңтүстік-шығыс» ықшам ауданынан кейін қала басшысы Күйші Дина көшесіне де барды. Бұл жердегі құрылыс жобасымен танысқан әкім мұндағы православтық шіркеу маңында гүл бағының болуы керектігін айтты.
Бұл жерден кейін жұмыс тобы «Қазақ­стан» спорт кешенінде болды. Жалпы, 2001 жылы пайдаланылуға беріл­ген спорт кешеніне содан бері жөн­деу жүргізілмеген. Өткен жылдың та­мы­зынан бері күрделі жөндеу жүр­гі­зіліп жатқандықтан, №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары «Барыс Арена» мұз са­райы­ның бассейніне барып жүр екен. Алайда биыл ондағы жүзу жолдарын жалға алу құны айтарлықтай қым­баттапты. Тіпті оның шығыны ба­ла­лар және жасөспірімдер спорт мек­те­бінің 2019 жылға қарастырылған бюджетінен де асып түскен көрінеді. Осыған байланысты қала әкімі Мәде­ниет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа аталмыш спорт мектебі тәрбиеленушілерінің «Жастар» сарайының бассейнінде жат­тығуы қажеттігін айтты. «Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту – Аста­наның басым бағыттарының бірі. Жас спортшылардың сабақтары қар­жылық немесе басқа да мәселелерге байланысты тоқтап қалмауы тиіс. Алдағы наурызда бұл спорт мектебінің бюджетін арттыруды қарастыру керек» деді Б.Сұлтанов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды