«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖАНАРЫҢ ӨШСЕ, ЖАНЫҢ ТҰЛ

0 127

ҚАЗАҚ КӨЗ АУРУЛАРЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЕЛОРДАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ КӨРУ ҚАБІЛЕТІ НАШАРЛАҒАНДАРҒА КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗАДЫ

«Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы» деп Қасым ақын жырлайтындай, адамның қос жанары – шырағы емес пе? Алпыс екі тамырынан, он екі мүшесінің бірінен сәл де болса кінәрат табылмайтын адам, әй қайдам, жоқ шығар? Дегенмен, дүниенің ғаламатын, миллиондаған түспен құбылған бай реңкін ажыратып, түйсікке жалғайтын жайнаңдап тұрған жас жанар бірте-бірте өткірлігін жоғалтып, алыстағыны не танаудың астындағыны аңғармай қалатын жағдайға душар болған кезде, таяқпен түртінектеп жүретін жандардың іші қалайша астан-кестен болатынын түсінгендей боласың.
Жанарың өшсе, жаның тұл. Ертелі-кеш кәсібіміздің қажеттілігіне қарай компьютерге суалған көз кешқұрым үйге келгенде құнысып ауырғанын сезінгенде, көңіл құлазып, ойың сан саққа жүгіреді. «Көзілдірігіңізді клиника ішінде тастап кетесіз» немесе «алғашқы сеанстан-ақ Сивцев кестесінің бұрын-соңды бұлыңғыр тартқан екі қаріп қатарын анық көретіндей халге жетесіз» дейтін шағын клиникалар мен көз ақаулығын түзету орталықтарының алаулатқан-жалаулатқан жарнамасы маркетингті меңгергені сондай – басқасын қойып, электронды поштамызға дейін «мақсатты мессидж» жібереді. Бірақ пафоспен айтылған ақпарат атаулыға біртүрлі көңіл бірлей қоймайтын күмәншіл басымыз бізді тарихы сонау 1933 жылдан басталатын, «Құрмет» орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Астанадағы филиалына жетелеп алып барды.

 

Маңдайалды мамандарымен мақтаулы

Отандық офтальмология сала­сы­ның маңдайалды мекемесі, ғылыми-әдістемелік орталығы саналатын Көз аурулары институтының елордалық бөлімшесі 2010 жылы 1 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен ашылған еді. Ондағы мақсат – жұртты алыстағы Алматыға  сабылтпай, Астана мен еліміздің солтүстік-шығысындағы жеті облы­сының халқына жоғары кәсіби оф­таль­мологиялық көмек көрсету еді.

Бізді осыдан төрт жыл бұрын жо­ғарыдан түскен бұйрықтың бұ­рыш­тамасына өз аты жазылып, ас­тана жұртқа жауапкершілік арқалай келген филиал директоры – Альмира Абдулхаққызы Бұлғақова қарсы алды. Жиырма алты жылдан бері нәзік мүшені емдеуге қолы жаттыққан  мик­рохирург дәрігер енші бөлген емхананың жұмысын жүргізіп қана қоймай, көз ауруларына диагностика жасау мен емдеудің халықаралық стандарттарын сәтімен игеруде.

– Бастапқы жылдары бұл өңірдің тұрғындары тіпті тегін беріп тұрған квотаға да қарамай, Ресей қалала­рына барғанды қолайлы көріп тұратын. Әсіресе, шекара шетіндегі облыс­тардың халқы Алматыны алыссынып әрі отандық медицинаның мүмкін­діктеріне сенбей, Томск, Омск, Екате­ринбург қалаларына жол тартатын. Қазір жағдай басқаша. Жекеменшік клиникалар сияқты қызметімізді қызу жарнамаласақ та, адамдар бірінен-бірі естіп келіп жатады. Таза «сарафан радио» сияқты. Бір жақсысы, қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің госпитализация бюросы науқасқа емделетін жерді, тіпті, ем-шара жүргізетін дәрігерге дейін өзі таңдауына ерік береді. Осының арқасында тек төңіректегі облыстардан ғана емес, алыс аймақтардан да іздеп келіп жатқандар жетерлік, – дейді Альмира Абдулхаққызы.

Бүгінде  халықаралық  стандарттар-ға сай жоғары сапалы медициналық құрылғылармен жабдықталған Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының астаналық филиалы жоғары сегіз медициналық хаттама бойынша хирургиялық қызмет көрсетеді.

Айталық, көз бұршағының туабітті немесе жүре  пайда болған ауруларына микроинвазивті факоэмульсифи­кация­лау операциясы жасалады. Оған жас  ұлғаюына байланысты асқынатын немесе үлкендердегі травматикалық катаракта, көз бұршағының сублюксациясы (яғни, орнынан тайқып кетуі), афакия (көз бұршағының туа бітті немесе зақымдану салдарынан болмауы), интраокулярлы линзаның дислокациясы жатады. Сонымен қатар орталық дәрігерлері  витреоретинальды оталар, эксимер-лазер және фемтосекундты лазерлерді қолдана отырып жасалатын рефракциялық оталар, интраокулярлы линзаның көз түбіне қарай жылжып кетуін, жарақаттан немесе операциядан кейінгі қисық бітуін вазореконструктивтік  хирур­гиялық жолмен емдеу, глаукоманы (суқараңғылықты), көздің түрлі қылилану, ақилану сияқты ауытқуларын түзету, оптикалық реконструкция, бұрын-соңды егде жандардың ауруы саналғанмен, келе келе жастарға да жаудай тие бас­таған макуляр­лы дегенерация­ны ангиогенез инги­биторларын ен­гізу арқылы емдеу сияқты өте шетін де күрделі ота­ларды  сеніммен жасай алады.

– Әлбетте, офтальмологияның  озық ем-шараларын игеруге бір жағы заманауи жабдық мүмкіндік бер­генмен, білікті мамансыз алысқа ұзап кету қиын. Сондықтан, әуелі кадр мәсе­лесіне, олардың ұдайы кәсіби біліктілігін ұштауына айрықша мән беріледі, – дейді өзі де оңайдан оңғақ таппай, дамылсыз ізденіс арқасында Еуропа офтальмологтарының қоғамына мүше атанған, ҚР Президенті іс басқармасының ауруханасында, Қорғаныс министрлігінің госпиталінде кеңесшілік қызметті қоса атқаратын Альмира Абдулхаққызы.

Сөзімізді салмақтай түсу үшін орталық дәрігерлерінің кәсіби дең­гейінен мағлұмат бере кетейік.  Онда қызмет ететін мамандардың төртеуі – медицина ғылымының кандидаты, алтауы – жоғары санатты, үшеуі – бірінші санатты дәрігер.

Біз барғанда жасы келіп қалған қарияның көзіндегі ақ шелді микро­хирургиялық жолмен сылып жатқан  медицина ғылымының кандидаты Руслан Жақыбеков витреоретинальды патологияларды, глаукома, катаракталарды емдеуге маманданған. Бірнеше мәрте Еуропаның  катарактальды және рефракциялық хирургтерінің конгресіне қатысқан.

Тағы бір медицина ғылымының кандидаты – Әйгерім Төлетова Түркияның Эгей университетінің түлегі. Клиникалық мамандануы – офтальмопедиатрия, шала туған шақалақтардың ретинопатиясы. Осы бағыттағы ізденіс барысымен Әйгерім Серікбайқызы ара-тұра Анкара барып, Зубайда ханым атындағы әйел аурулары зерттеу-оқу клиникасында, шала туған нәрестелердің ретинопатиясы, балаларда жиі кездесетін қыли көздікті емдеу әдістемелерін  үйреніп жүр.

Шала туғандардың шырағы сөнбейді

Орайы келгенде айта кеткен жөн, шала туған шақалақтардың  ретинопатиясы  – сәбилердің көрер жарығын көлегейлеген бүгінгі таңдағы күрмеулі мәселелердің бірі. Әлбетте, ол ауру жақында пайда бола қалған жоқ. Тарихына жүгінсек, әлемде ана жатырын жаңа жарып шыққан нәрестеге алғаш рет 1942 жылы осындай диагноз қойылған. Ол кезде ретролентальді фиброплазия деп аталып, зерттей келе жаңа сипаттары анықталған аурудың негізгі белгілері – көздің ішкі тор қабының және көз ішіндегі шыны тәріздес дененің өзгеріске ұшырауы, көз торшасын қалыпты қызыл рефлексінен айыратын лейкорияның, халық арасында «аққөз» деп аталатын аурудың симптомдарының  пайда болуы.

Қазақстанның бас штаттан тыс балалар офтальмологы Галина Мунның  мәлімдеуінше, ретинопатия шала-жансар дүниеге келген нәрестелердің 17-34%-да кездеседі, ал көрсоқырлыққа әкеп соғатын терминальді кезеңі 5-7% пайызында болуы мүмкін. Әсілі, еліміздегі перинатальды қызметтің жақсарып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  ұсынымдарына сай сәби өмірін  сақтаудың жаңа өлшемдеріне сүйенуі перинатальды аурулар көр­сеткішінің күрт артуына, оның ішінде ретинопатияның анағұрлым көп ұшырасуына түрткі болды.

– Яғни, перзентханаларда белсенді скрининг пен мониторинг жүргізу арқылы сәбилердің өмір-бақи зағип болып қалмауының алдын алу жолға қойылуда, – дейді Альмира Абдул­хақ­қызы, – Сол себепті біз Астана қала­сындағы №1 перинатальдық орта­лықта шағын бөлім ашып, біріге жұмыс істеудеміз. Ал, емдеу тұрғы­сында әзірге елімізде енгізілген «алтын стандарт» – көз торшасын лазер­лік   коагуляциялау операциясы жаса­лады.

Әзірге осындай дерт  түріне болжалды диагноз қойылған  нәрестелер елдің шалғай түкпірлерінен Астанадағы №1 перинатальды орталық пен Ұлт­тық Ана мен бала орталығына әке­лінеді. Алайда, келешекте мұндай аппаратты операциялық бөлімшелер барлық облыс орталықтарында ашылуы тиіс. Өйткені, жарық дүниеге жармасып, өлім мен өмір арасында күрес жүргізіп жатқан кішкентай тіршілік иесін санавиациямен сарсаңға салу­дың соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуы да  ғажап емес.

Суқараңғылық – жеңуге болатын кесел

 Қандай да бір аурудың адам шо­шыр­лық деректеріне бола отандық денсаулық сақтау саласына секем­шіл көзқараспен қарауға ет үйрен­ген. Ал, ол өз кезегінде медицина саласы республика бойынша сапалық, материалдық тұрғыдан жақсар­ғаны­ның, дәл диагноз қойып, дауалы жол іздеуге мамандана түскенінің нәти­жесі болар-ау деген ой кез келген кәллаға кіріп-шықпайды.

– Мысалы, «Саламатты Қазақстан»  бағдарламасында білінбей жүріп қай­тымсыз соқырлыққа апарып соға­тын аурудың бірі – глаукомаға (суқараңғылыққа) айрықша мән беріліп, 2011 жылдың сәуірінен бас­тап бүкіл облыс орталықтарында 12  скрининг кабинеттерінің ашылуы шынайы жағдайға қанығуымызға мұр­ша берді. Қазір адамды көз жана­ры­нан айырып, зағиптыққа ұрын­ды­ратын себептердің ішінде глаукома 2-3 орынға шықты. Медицинасы дамыған елдердің өзінде  барлық зағип жандардың 14-15%-ы осы суқараң­ғылық дертінен зардап шегіп отыр.

Бүгінге дейін елімізде 15 мыңға тарта жанның глаукома дертіне шалдыққаны дер кезінде анықталды. Осы орайда, Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне ұсыныс тастап, бағдар­ламаға етек алған  кеселге тосқауыл қою жобасын сәтті енгізген рес­публика офтальмологтарының әдістемелік орталығы –  Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына, оның бас директоры, профессор Тұрсынкүл Ботабековаға алғысымыз шексіз, –  дейді Альмира Бұлғақова.

Бүгінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде анықталған глаукома белгілері мен көздің артқы қуысының ауруларын  Көз аурулары институтында  лазерлік араласумен аластайды. Ал, емхана жанындағы стационарда отадан кейін науқастарға консервативті дәрі-дәрмектік ем-дом жүргізіледі.

Кератопластика кереметтерін көретін күн жақын

Әңгіме орайы ұзақ жылдық тәжі­рибесі бар Көз аурулары институ­тының үлкенді-кішілі клиникалардан артықшылығы туралы мәселеге ойысқанда, Альмира Абдулхаққызы күлбілтелемей, турасын айтты.

Біріншіден, бағадағы айыр­машы­лық: Көз аурулары институтының ақылы қызмет прейскуранты жеке­меншік клиникаларға қарағанда едәуір арзан. Екіншіден, кейбір пайда көздеген орталықтар әлемдік оф­таль­мологияның қазіргі мүмкіндік шегінен тыс уәдені үйіп-төгуден тайынбайды.

Үшіншіден, қазір Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің арқасында  мемле­кеттік медициналық мекемелер үшін мамандарды шетел клиникаларына  қысқа мерзімді курс, семинарларға жіберіп алу,  шетелден келетін жоғары санатты микро­хи­рургтердің шеберлік сабақ­тарына қатысу арқылы ең соңғы үлгідегі заманауи технологияларды  трансферттеуге жол ашылды. Мәселен, осыдан 7-8 жыл бұрын  көзге ақ түскенде ультрадыбыс арқылы алып тасталатын  «катарактаның факоэмульсификациясы» деп аталатын ота Қазақстанда алғаш тек осы инс­титутта жасалыпты. Бұл технология пышаққа түскеннен кейінгі сауығу кезеңін едәуір қысқартып, көру қабілетінің тез қалпына келуіне, науқастың қалыпты өмірге тез бейімделуіне мұрша берді. Соңғы жылдары білікті хирургтердің күші­мен аталмыш ота еліміздің әр облысында енгізіліп, жоғары маман-дан­дырылған медициналық көмек қара­пайым халыққа жақындай түсті.

– Орталық институтта қолданысқа енген отаның барлық дерлік түрі елор­дадағы филиалында сапалы жүзеге асырылады. Әзірге қазіргі жағдайымызға қарай сәл кейінге қалдырып отырған отаның бірі – фемтосекундты лазер арқылы мүйізқабықты (роговица) трансплантациялау, – дейді Альмира Абдулхаққызы.

Тіндерді телу үшін фемтосекундті лазердің қолданылуы соңғы онжыл­дықтағы үлкен жетістікке баланады. Ол офтальмологтарға көз отасын мик­рондық дәлдікке дейін есептеп, ешқандай қауіпсіз, сырқатқа ауыр­тпалықсыз жағдайда орындауға мүмкіндік берді. Былтыр Орталық Азия аумағында осынау озық технологияны алғашқы боп игерген Қа­зақ көз аурулары институты өзінің құрылғанына 80 жыл толған мерейтой аясында ұйымдастырылған конференцияда тікелей эфир режимінде тоғыз адамға мүйізқабық тінін трансплантациялап, ел ішінен, алыс-жақын шетелден келген әріптестерінің көзін жеткізді.

Ал, аға институттың әлгіндей табыстарын жергілікті жерде жүзеге асыру үшін елордалық филиал жайлы қонысқа көшу сәтін күтіп отыр. Төрт жылдан бері Теміржол ауруханасының бір бұрышын паналап келген институт бөлімшесі биыл желтоқсанда Жеңіс даңғылы бойындағы жаңа ғимаратқа көшеді.

Сол кезде әлгінде айтқан мүйіз­қабық трансплантациясының бар­лық түрін фемтосекундті лазерді қолдана отырып жасалатын керато­рефракциялық ота қолданысқа ен­гізіліп, балалар бөлімшесі ашылады.

Екінші жағынан айта салғанға оңай көрінгенмен, кез келген трансплантация мәселесі донор зәрулігіне  келіп тіреледі. Трансплантациялық материалдың бірден бір көзі – ажалы жетіп, бақилыққа аттанған адам. Бірақ біздің халықтың менталитеті әзірге өмірден беті әрі қараған адамның үміт оты әлі де өше қоймаған басқаға көмектесуге болатын медицина жетістігіне енді-енді көндігіп келе жатыр. Жиі болмаса да, өзінің үзілгелі тұрған ет-жақын туысынан жалпақ тілмен айтқанда «етінен ет кесіп беруге» моральдық тұрғыдан дайын мейірбан жандардың арамызда кездесіп қалатыны қуантады. Бұл мәселедегі қоғамдық пікірдің  қозғау салынуына бұрынғы денсаулық сақтау министрі, дарынды хирург Жақсылық Досқалиев жетекшілік ететін Трансплантологияның ұлт­тық үйлестіру орталығы көп еңбек сіңіруде. Әрі Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасы да байламды пәтуа шығарып, шариғатқа қай­шы­лығы жоқтығын нақтылап берді.

Альмира Абдулхаққызының айтуынша, жаңа ғимаратта заманауи медициналық аппараттың толық­қанды мүмкіндігін пайдалана бастайтын Көз аурулары институтының астаналық филиалы осы Ұлттық үйлестіру орталығымен келесі жылдан бастап  келісімшартқа отыруды көздеп отыр.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды