«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жанайдар Жирентаев көшесі

0 194

Жирентаев көшесі Қажымұқан көшесінен басталып, Бейімбет Майлин көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 850,5 м.

Бұл көшеде қала тұрғындарына таныс «Еуразия» сауда үйі мен «Көксарай» қонақүй кешені, №22 орта мектеп, басқа да мәдени ғимараттар орналасқан. Алайда оы көше тұрғындарының көбі Жанайдар Жирентаевтың кім екендігін біле бермеуі мүмкін.
Интернационалист-жауынгер, полиция лейтенанты Жанайдар Жирентаев 1994 жылдың ақпан айында қылмысты топқа қарсы қызметтік міндетін өтеу үстінде қаза тапқан.
Ол 1960 жылы 25 қыркүйекте Целиноград облысы Балқашин ауданы Веселое ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген.
1980 жылы Целиноград автомобиль көлігі техникумын бітірген бойда әскер қатарына шақырылып, міндетін Ауғанстан жерінде өтейді. Оқ пен оттың ортасында бірнеше рет жараланып, 1982 жылы туған қаласына аман-есен оралады. Көп кешікпей ішкі істер органына қызметке келеді. Алғашқыда экономикалық қылмысқа қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеп, 1993 жылдың сәуірінен Ақмола қаласы криминалды полиция бөліміне ауысады.
Милиция кіші лейтенанты Жанайдар Асқарбекұлы 1994 жылы ақпанның 4-інен 5-іне қараған түні қандықол бұзақылардың қолынан қаза тапты.
Оқиға былай болған.
Ащы суға сылқия тойып алған бірнеше басбұзар Ақмола қаласындағы Сенная көшесінің бойындағы бір тұрғынның үйіне баса-көктеп кіріп, ақша талап еткен. Ойлағандары капелімде жүзеге аса қоймағасын үй иесінің жалғыз баласын аулаға алып шығып соққының астына алған. Осы кезде отағасы баласының өміріне қауіп төнгені туралы полицияға телефон шалып үлгерген.
Хабар түсісімен Жанайдар бастаған шұғыл топ қылмыскерлерді құрықтауға аттанған. Алайда бақайшағына дейін қаруланған жауыздар жеті түнде полиция қызметкерлерін оқ атып қарсы алады.
Осы кезде көрші-көлемге, жалпы айналадағы адамдардың өміріне қауіп төнгенін сезіп, бұрынғы жауынгер-интернационалист Жанайдар қарулы бұзақыларға қарай тұра ұмтылады. Біреуін қарусызданып үлгергенімен, екіншісі қолындағы қысқа мылтықпен оның дәл кеудесінен атып салады.
Батырдың артында жары Назкен мен Әсел, Динара есімді екі қызы қалды.
Жанайдар Асқарбекұлы қаза тап­қаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды