«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жамбыл мектебіндегі жапон әдісі

0 80

Биылғы оқу жылынан бастап қаладағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы оқушыларды дұрыс тамақтандыру бойынша жапон технологиясын тәжірибе түрінде енгізіпті. Бұл әдіс күншығыс елінде кең қанат жайған. Оның артықшылығы: біріншіден, бала ыстық тамақ ішеді; екіншіден, дұрыс тамақтанады; үшіншіден, оқушыны еңбекке баулиды.

Міне, жаңа оқу жылы басталғаннан бері екі айға жуық уақыт өтті. Бұл тех­нологияға алғашында ата-­аналар біраз тосырқап қарағанмен, кейін оның жақсы жақтарын көріп, қолдау танытқан. Біз осы жаңа әдісті өз көзімізбен көру үшін көне білім ордасына әдейі ат басын тіредік.
Негізі, жапон технология­сымен 5-6-сынып оқушылары ғана тамақтанады. Жалпы, бұл әдісті мектепке алып келуші – жапон жерінде жиырма жыл тұрған Зарыққан Махпура деген апай. Бұл кісі бізге алдымен өзі қолға алған жобаның ерекшеліктерін түсіндіріп берді.
«Қазір балалар таңертең мектепке оразасын ашпай келеді. Содан 6-7-сағат сабақта отырады. Шаршайды, басы ауырады, көзі қарауытады. Одан кейін оқуға деген ынтасы жоғалады. Соның бәрі – дұрыс тамақтанбаудан. Яғни бұл технология оқушыларға дұрыс тамақтануды үйретеді. Мұнда олар асты асханада емес, өз сыныптарында отырып ішеді. Өздерінің ыдыстары болады. Ауқаттанып болғаннан кейін өз ыдыстарын тазалап қояды. Бір жағынан, бұл керек. Біріншіден, бала жауапкершілікті сезінсе; екіншіден, еңбек етуге үйренеді. Мәселен, жапон елі ас ішкенде де ұлттық құндылықтарды ұстанады. Мен де солай халқымыздың тамаша дәстүрлерін балаларға дәріптеуді жөн деп санаймын. Мәселен, оқушылар ас ішер алдында бір-біріне саулық тілеп, бата береді. Міне, осындай артықшылықтары бар» дейді Зарыққан апай.
Мектеп асханасының меңгерушісі Рыскүл Тұр­ғынбекқызы да Зарыққан апайдың айтқандарын қолдады. Мәселен, таңертең оқитын 6-сынып оқу­шылары тамақты екі сабақтан кейін, яғни 11.00-де ішсе, түстен кейін келетін 5-сыныптың балалары сағат 15.00-де ауқаттанады. Содан кейін олардың сабақтың соңына дейін қарындары аша қоймайды.
Айтқандай, біз жапон әдісі енгізілген 5-сынып­қа әдейі бардық. Сынып­қа енді кіргенде оқушылар алдарына ыдыстарын қойып, ауқаттанайын деп жатыр. Бір кезде Нұрлы Ерхан деген бала орнынан тұрып, үлкен адамдарша асқа бата берді. Содан кейін барып тамақтануға кірісті. Бұл көрініс бізді ерекше әсерге қалдырды. Зарыққан Махпура апай балаларға әрбір тағамның құнарлы қасиеті жайында әңгімелеп берді.
Жаңа ғана асқа бата берген Нұрлы Ерхан деген бала осы әдістің ұнайтындығын жасырмады. «Қазір күнде бізге 6-7 сабақ болса да қарнымыз ашпайды. Өйткені сабақ арасында тамақтанамыз. Ол үшін асханаға бармаймыз» дейді ол.
Жалпы, бұл әдіспен 100 бала ақылы тамақтанады. Оған ата-аналар ақшаны киви әмиян арқылы төлейді. Күніне бір оқушыға 300 теңге жұмсалады. Бұған баланың жас ерекшелігі, астың құнарлылығы мен салмағы кіреді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды