Вторник, 25 Июль 2017
-->

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: ӘЗ ТӘУКЕ ХАН ТУ ТІККЕН ОРДА

 Елорда тарихы ежелгі замандардан көш тартады. Осы жерді талай хандар мекендеп, жақсылар мен жайсаңдар ғұмыр кешті. Түрлі аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткерді. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының табаны тиді. Айта берсе, өткен дүниеден сыр толғайтын дерек мол. Астана күніне орай қасиетті өңірдің байырғы тарихын зерттеп, қалам тартып жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев ағамызбен кездесіп, бас қаланың көне дәуіріне ой жіберіп, әңгімелескен едік. 

 

ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЛКЕТАНУШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ
– Аға, әңгіменің әлқисасын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастайық. Ұлт руханиятына жаңа леп әкелген сабақты дүниеден қандай әсер алдыңыз?

– Асыра айтты демеңіз, өз басым Елбасының мақаласынан  тағылымды ой түйдім. Онда қазақтың кіндігімен байланған туған жер мен қасиетті өңірлер жайында парасатты сөз айтылған. Еліміз егемендік алғанына ширек ғасырдан асты. Бірақ содан бері осындай тарих туралы қатпары қалың мәселе қозғалған жоқ. Қазақстан рухани жаңғырудың үшінші кезеңіне көшті деп жатырмыз. Сондай шақта руханияттың керегесін кеңейткен мақаланы жұмыла жұрт болып талқылағанымыз көңілімді көркейтті. Әсіресе, гуманитарлық саладағы ғалымдарға оңай салмақ түсіп тұрған жоқ. Мақалада айтылған «Туған жер» мен «сакральді» өңір бағдарламасы тақырыптық мазмұны жағынан этнографияға жақын.  Мен – тарихшы-этнографпын. Сондықтан маған жақсы таныс. Екі бағдарламаны өлкетану арқылы іске асырамыз. Елбасы оны да кеңірек айтып өтті. Шындығында, мен бұл бағыттағы жұмысымды ертеден бастадым. Бұрынғы «Білім және мәдениет» телеарнасында  «Өлкетану» деген 40 шақты хабар жүргіздім. Бұл бағдарлама көпшілікке ұнады.

Қазақтың қасиетті өңірлерін аралап, хабар дайындадық. Сонау Түркістан өңіріндегі Баба түкті Шашты Әзіз, Ақсүмбе секілді архитектуралық ескерткіштері жайында 20 минуттық фильм әзірледік. Ұлы Ертіс бойындағы Қимақ қалалары жөнінде 3-4 фильм түсірдік. Ескерткіштер шалғай жатса да барып көрдік. Басында түнеген кездеріміз болды. Менің ойымша, осы «өлкетану» бағдарламасын қайта жалғастырсақ деймін. Сол форматта болса жетеді. Жаңағы хабарға жергілікті өлкетанушыларды көбірек тарттық.

Сайын даланың әр түкпірінде туған жерінің тарихын жатқа айтатын, жадысы мықты азаматтар жетерлік. Олар сол қызметтерін бұлдамайды да. Көкірегі қазынаға бай кісілердің еңбегін елеп те жатқан ешкім жоқ. Бірақ олар өздерін өмірге әкелген жердің тарихының иесі сезінеді. Маған осы адамдардың көмегі көп тиді. Соларға шексіз алғысымды айтамын. Бағдарлама аясында жергілікті өлкетанушыларды қолдау қажет.

 – Өзіңіз «Туған жер» бағ­дарламасы туралы жобаға қатысып жатырсыз ба?

– Әрине, бел ортасында жүрмін десем болады.  Біздің тарихымызда Қазақ хандығы тұсында қалыптасып,  жалпақ жұртқа аты шыққан өлкелер бар. Қазір оларды облыс, аудан деп анықтамамен айтамыз. Қазақ хандығы дәуірінде сол аймақтар символға айналды. Мәселен, Көкшетау десек, ойы­мызға Абылай ханның ордасы түседі. Баянауылды айтсақ,  сұлу келбеті мен сонда туған ұлы адамдарды сөз етеміз. Қарқаралының таби­ғатына тамсанамыз.  Бар қазақ үш алып дүниеге келген Шыңғыстау десе бас иеді. Мен осындай жерлердің тізімін жасап, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырып жатқан штабқа бердім. Егер жаңағы атауларды кітапқа кіргізгенде айрықша маңыз берген жөн деген ойымды жеткіздім.

– Жақсы идея екен, аға! Ал енді сіз Астана тарихын тереңнен зерттеп жүрген ғалымсыз. Сөзді соған бұрсақ…

– Ол рас. Соңғы жылдары елорда тарихымен көбірек айналысып жүрмін. 2008 жылдың соңында Астанаға қоныс аудардым.  Бұрында бұл жердің тарихымен таныс едім. Әрі осы жерде тұрып, суын ішіп, нанын жегеннен кейін  елдің тарихын зерттеуді парыз санаймын. Қолым қалт еткенде қаланың ескі бөлігін жиі аралаймын. Сол кезде ойыма  көптеген тарихи деректер түседі. Астананың маңайы толған тарих. Құнды мәліметке бай қызықты жерлер көп.

АҚМОЛА АТАУЫ ТАЙТӨБЕДЕН БАСТАЛАДЫ
 – Ол қандай қызықты жерлер?

– Соның бірі – Тайтөбе. Бас қаладан 25 шақырым ғана. Тайтөбе – көне түркі немесе ғұн заманынан келе жатқан атау.  Ертеде «тай» сөзі «қарауыл құрылысы» немесе «тайтұтқа», «бек» секілді лауазымды білдірген. Қазақ екі жастағы жылқыны тай деп айтады. Бейнелеп жеткізсек, жас бала жүгіріп шығатын кішкентай төбе. Ал оған шықсаңыз, маңайдағы алқаптың бәрі алақанда тұрғандай көрінеді. Арғы жағынан арқырап Нұра, бергі жағынан есіліп Есіл ағады. Сол тұтас жерді Тайтөбе қарауылдап тұрады. Төбенің басында бірнеше дәуірдің ескерткіштері тұр. Бірінші, сақ дәуірінің қорғандары жатыр.  Кәдімгі жерлеу ғұрпымен жасалған. Екінші, қарауыл мұнараның төрт таған ізі қалған. Соның жанында Ақмола құрылысының іргетасы өрілген. Сондай-ақ, Нияз биге салынған кесенені көресіз. Негізінен, бұл жерде ең көне дәуірден қалған белгі сақ дәуірінің қорғандары деп айтсақ болады. Ежелгі заманда Тайтөбенің басына әйгілі адамдар жерленген. Осы өңірдің иелері ме, көсемдері ме, белгісіз. Әйтеуір, ол жерден алтын шыққан жоқ. Бірақ үлкен обада тұңғиық сыр бар. Қарауылға лайықталған құрылыстың  іргетасы  берік. Сонда арнайы қарауылдың болғанын білдіреді. Өз уақытында стратегиялық нүкте саналған. Дің түрінде бой көтерген Ақмола құрылысы да көз тартады. Тайтөбенің асты кәдімгі  ақ балшық. Сол балшықтан сыланып, жарасымды болып тұрған дің тәріздес еңселі ескерткіш. Кейін ол бүлініп, жер бетінен жойылуға тақаған. Қазір оның іргетасы ғана бар. Бүгінде Тайтөбенің кішкене төбесін эксковатормен үңгіп, ақ балшық өндіруде. Оны тоқтату қажет. Қазір ол ауылға тақап қалды. Тайтөбе – тарихи ескерткіш.

Сондықтан киелі жер деп Тайтөбені айтамыз  Ақмола атауы Тайтөбеден басталады. Бұл жайында Прокофий заманында «Ақмола деген үлкен қарауыл дің бар» деп Рим тарихшысы жазған. Тайтөбенің мағынасы «қарауыл немесе үй» дегенді білдіреді. Көне түркі тілінде солай айтылады. Бұл сөздің мағынасы моңғолдарда сақталған. Біздің ана тілімізде ұмыт қалған. Көне түркі сөздігін оқығанда оған көзіңіз жетеді. Қазақтың әр бұрышында «Тайтөбе» деген атау жиі кездеседі. Соның бәрінде де қарауыл қызметін атқарған.

– «Ауылым Күйгенжарға қона алмайды, Өткен күн қайта айналып оралмайды» деп  атақты Иманжүсіп атамыз жырлаған Күйгенжардың тарихы да бір атанға жүк болатын секілді..

.– Иә, Күйгенжардың да тарихы тұңғиық сыр бүккен. Күйгенжар деп Есілдің бойындағы жарды айтамыз. Әдейі­леп барып көрдім. Оны қазақтың соңғы ханы Кенесары заманымен байланыстырады. Кенесары нуға айналған қалың тоғайды өртеп, Күйгенжар атауы содан қалған дейді-мыс. Ертедегі ескіқұлақ қариялар тағы бір деректі алға тартады. Осы алқапта Әз Тәуке ханның жазғы ордасы болған  деп көне тарихтан сыр суыртпақтайды. Сол мәліметтің бірнеше жыл соңына түсіп, ақыры хан ордасын Күйгенжардан таптым. Ұзындығы 100 метрден асатын, ені 40 метрді құрайтын  орда.

Ертедегі ескіқұлақ қариялар тағы бір деректі алға тартады. Осы алқапта Әз Тәуке ханның жазғы ордасы болған деп көне тарихтан сыр суыртпақтайды. Сол мәліметтің бірнеше жыл соңына түсіп, ақыры хан ордасын Күйгенжардан таптым. Ұзындығы 100 метрден асатын, ені 40 метрді құрайтын орда. Сыртқы қамалы мен ордың ізі қалған. Үйлердің орны сақталмаған. Шамасы, тамылжыған жаз айында киіз үйде отырған деп жобаладым. Қақпаларының орны тұр. Қамал екі қабаттан қаланған. Жан-жағынан ор қазылған. Демек, қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінген. Міне, елорда тарихындағы ерекше ескерткіштің үлкені – осы.

Сыртқы қамалы мен ордың ізі қалған.  Үйлердің орны сақталмаған. Шамасы, тамылжыған жаз айында киіз үйде отырған  деп жобаладым.  Қақпаларының орны тұр. Қамал екі қабаттан қаланған. Жан-жағынан ор қазылған. Демек, қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінген. Міне, елорда тарихындағы ерекше ескерткіштің үлкені – осы. Ол жайында мақала жаздым. «Бағдарлама әзірлеп, қазба жұмыстарын жүргізейік, зерттейік» деп қалалық әкімдікке ұсынысымды білдірдім. Ешқандай талпыныс болмады. Өзімнің ғылыми жобалардан қолым тимеді. Сөйтіп, Әз Тәуке бабамыздың ордасы толық зерттелмеді. Алдағы таңда арнайы тоқталсам деймін. Хан ордасын қайта жаңғыртып, қалпына келтірсек, бас қала тұрғындары мен қонақтары арнайы барып көретін тамаша орталық болар еді. Айтпақшы, Әз Тәуке бабамыздың ұрпағы Қоңырқұлжа Құдаймендин Ақмола округінің алғашқы аға сұлтаны болды.

 – Аға, мен ертедегі Қараөткелдің орнын іздеп, таба алмадым. Сіз оны білесіз бе?

– Білмегенде, Азамат! Оның орны Кенесары хан көшесінің басында орналасқан.  Есілден өтетін ескі көпір Қараөткелдің үстіне салынған. Одан әрі Қазақ гуманитарлық заң университеті, бергі жағында шағын саяжайлар қоныс тепкен. Қараөткел деген сөздің тарихы да қызық. Бұған дейін елорданың тарихымен орыс зерттеушілері айналысып келген. Олардың бәрі «Қараөткелді» жағымсыз жағдайда түсіндіреді. Орыс ұғымында «қара» деген сөз жамандық шақырады. Ақиқаты олай емес. Қараөткел деген  түрік тілінде «қара, үлкен» деген мағына береді. Ондай атау тастай мығым дүниелерге қойылған.  Көпірдің ені 100 метрді құрайды. Есіл өзені көктемгі тасқында арнасынан асып толса да, жаңағы жерде су ернеуінен аспайды.

Бұл өткел неге керек болды? Айталық, Бұхарадан саудагерлер 1000 немесе 2000 түйемен жолға шығады. Содан керуен көші Қазан мен Уфаға тауар алып барады. Ол жақтан да керекті заттар алып шығады. Сонда мың түйеге жүк тиелген керуен өткенде  табанына тас төсеген секілді, өткелдің суы езілмейді. Біз кейде осы өткел атауын қарт Бөгенбай батырмен байланыстырамыз. «Бөгенбай батыр өмірден өтіп, оның сүйегін осы көпірмен алып өткен, содан қаралы өткел атанды» деп айтады. Бұл – қате пікір.

Баһадүр бабамыз асарын асап, жасарын жасап дүниеден озды. Халқымыздың ұлы батырын Бұхар бабамыз «Қазақтың қамал қорғаны» деп жырлады. Қаралы көш тізіп, жылап-сықтайтын, жастай қайтыс болған жоқ. Қалың жұрты бабамызды Түркістанға апарып жерледі. Онда Абылай ханның көзі тірі еді. Бөгенбай батырға дейін де бұл жерді қазақ қоныс етті.  Оған дейін жұртымыз «қара» деген сөзді білген. Сондықтан, бұл атау он сегізінші ғасырда пайда болды деген қисынға келмейді. Сонда біз осы өңірде 18-ғасырдың 70-інші жылдарынан бастап өмір сүрдік пе? Оған дейін де бұл жердің атауы болды ғой. Осындай кереғар пікірге өзге елдің пиғылы бөтен ғалымдары: «Сонда сендер Қараөткелдің бойына Бөгенбай батырдың кезінде келіпсіңдер. Онда неге бұл жерді туған жер деп жүрсіңдер» деген бізді аяқтан шалып құлатуға ілік іздейтін сұраққа сұранып тұр.

ОРЫС ХАННЫҢ ОРНЫ БАР
– Қазақтың жер-су атауларының өзі көп дүниеден хабар береді. Соған тоқталып өтсеңіз?

– Елбасы мақаласында жер-су атауларына тереңдеп тоқталған. Әр топонимнің арғы жағында тарих тұр. Ақмола маңайында ежелгі жер атаулары жетеді. Соларды сөйлете білсеңіз, талай сырды  айтып береді. Мәселен, Астанадан төменірек Атбасарға қарай жол шексеңіз «Орманбет тамы» деген қоныс алдыңыздан шығады. Ал Орманбет кім деп ойлайсыз? Ол неге тарихқа айналды? Сол жерде  шағын қалашықтың орны жатыр. Кәдімгі  бекініс десе де болады. Әз Тәуке ханның жазғы ордасына ұқсайды. Қазақ шежіресінде Асанқайғы бабамыз «Орманбет ордадан шыққан күн» деген жоқтау жыр айтыпты деп жазады.

Сөйтсем, бұл Орманбет – Орыс хан. Кезінде Алтын орданы билеген.  Әйгілі тарихшы Қадырғали Жалайырдың айтуынша, Орыс хан өз заманының қуатты да құдіретті, батыл билеушісі болған. Қалың елде Орманбет  хан  таққа отырғанда Алтын  орданың шаңыра­ғын қайта көтереді деген үміт оянған. Бірақ ол ақталмады. Астрахан ауданы төңірегінен бірнеше көне ескерткіштерді байқадық. Бармақ батырдың зиратын көресіз. Жалтыр деген жерді шоласыз. Қалғұтан деген өзенді білесіз. Бұлардың бәрін де өткен күндердің көзі деп ұққан жөн.

– Енді Бозоқ қаласына келейік?

Мен Бозоқ қаласы туралы жаздым. Әлі де жазбақ ойым бар. Бозоқтағы қазба жұмыстарын атақты археолог-ғалым Кемел Ақышев ағамыз бастады.  Ол кісі Алматыдан  Астанаға келген алғашқы тарихшылардың бірі болды. Жасы ұлғайып қалса да елорда төңірегіне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бозоқ қаласы туралы бұрында аздаған деректер болды. Өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары Семенов деген өлкетанушы осы өңірді аралап, бірдеңе жазған екен. Бірақ оны ғылыми нақтылаған Камал аға болды. Қаланы әлі де кеңірек зерттеген дұрыс.  Өйткені, ескерткіштер мен байырғы оқиғаны тарихи контексте тереңдеп үңілсеңіз, сізге сырын ашып, сөйлей бастайды.

Менің ойымша, жалғыз Бозоқ емес, соның маңайындағы көп дүниелерге көңіл бөлу керек.Осы өлкедегі Нұра мен Есіл өзендері бір-бірімен қатарласып ағады. Нұрадан Қозыкөш деген шағын өзекше шығады. Мұны табиғи арық десе де болады.  Нұраның  артық суы Есілге Қозыкөш арқылы  ағады. Бозоқ қаласының бір шеті – Қозыкөш өзені. Қазір арнасынан тартылып, батпақтанып барады. Бозоқ деген сөз маған оғыздардың «Бозоқ» деген атауын еске түсіреді. Бозоқ қаласымен оғыз ханның заманын байланыстырса, шаһардың тарихы көне дәуірге қарай жылжиды.

– Қала қай  жерде қоныс тепкен?

– Қараөткелдің дәл іргесінде. Бүгінгі «Хан шатыр» орталығынан бір шақырым болады. Кішкене қалашық. Көне түркі дәуірінен бастап, қазақ хандығына дейін өмір сүрді. Қалада тұрғындар көп болмаған. Абыздар тұрған ба деп ойлаймын. Шаһардың қорғанысы тастай мығым. Жан-жағынан қоршаған табиғи қорғаныстары күшті. Бұл қала – оғыз заманы мен орта ғасырды зерттеу үшін ғалымдардың қолына түсіп тұрған кілт. Қазіргі Есіл өзені оғыз заманында «Ешим» атанған.

ЕШИМ – ОРЫСТЫҢ СӨЗІ ЕМЕС
– Ол орыстың сөзі емес пе?

– Орыста «Ешим» деген сөз жоқ. Бұл – оғыз заманынан келе жатқан атау. Содан кейін Қорғалжынға кіреберістегі Нұраның сол жағалауында «Бытығай» деген қала тұр. Бұл да Оғыздардың шаһары. Бытығай «бітік» деген сөзден шыққан. Дәлірек айтқанда, «тығыз» деген мағынаны білдіреді. Ортағасырдағы мегаполис қала саналған. Өйткені, шаһар экономикалық жағынан жоғары дамыған.  Қаланың қақпалары Нұра өзеніне қарап тұрады. Нұраның үстінен салынған тас көпір болған. Оның екі жақ бағаналары әлі сақталған. Қаланың көлемі бірнеше гектарды қоршайды. Тұрғын үйлердің орны жетеді. Осыны басыбүтін беріліп, зерттеген ғалым жоқ. Әр ғалым келіп, шұқылап кетеді.

 – Аға, мен бірде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археолог ғалымы туралы мақала жаздым. Ол кісі сонау Шыңғыс­таудағы қорғанды барып зерттепті. Енді сол ғалымдар үйдің дәл жанындағы көне қаланы зерттесе болмай ма?

– Азамат, әрбір археолог белгілі бір кезеңге маманданады. Әр нәрсені шұқылай берген абырой әпермейді. Қаланы қазу жұмысы қиын. Одан бір қорғанды қазып, алтын немесе тағы сондай құнды жәдігер тауып алсаңыз, жұртқа көрсетуге жақсы. Шаһарды қазғаннан алтын кезікпейді. Қаланың құрылысы мен тұрғын жайларды табасыз. Тарихи құндылығы жағынан Бытығай қаласы жүздеген қорғандардан күшті. Пендеміз ғой. Қазір сақ дәуіріне түсіп алдық. Өйткені, ол қорғандардан бірдеңе кезігеді. Ол бәлен жыл бойы тоналып кетсе де, әйтеуір елге ұсынуға болатын жәдігер шығады. Сақ дәуірі өте бай болған. Ол қола дәуірінің іргетасына қаланған. Қола дәуірі өндірістік революция туғызды. Бүгінгі Қазақстандағы өндірістердің дені қола дәуірінен басталған. Жезқазған қола дәуірінде миллион тонна руданы жер бетіне шығарды. Орыстар он тоғызыншы ғасырда бізге келгенде қатты кен орындарын іздеп қиналған жоқ. Бұрынғы қола дәуірінде қазылған шахталардың орнын тауып алды. Олар көзге көрініп жатты. Соны  тереңдетіп алып кетті. Жез деген сөз барлық әлемде «жез» деп қолданылады. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев: «Қазақ жеріндегі кен орындарын жер атауларына қарап аңғаруға болады» деп жазған.

– Елбасы мақаласында айтылған ойларды одан әрі кеңірек өрбітуге қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Біздің тарихымыз бүгінге дейін еуроцентристік үрдісімен орыс ғалымдары салған жолмен зерттелді. Мұнда көбінесе жазба деректерді негізге алады. Олардың дені көрші елдердің зерттеу­шілерінің қолынан шыққан. Бұлар қанша жазғанмен ішкі тарихқа бойлай алмады. Сырт­тан  ғана  бақылап жазды. Сондықтан  біздің тарихымыз үстірт, арқауы бос, ескірген лента  секілді  әсер қалдырады. Ішкі жүйе жоқ. Ол қайда бар. Ол халқымыздың шежіресі мен бай ауыз әдебиетінде жатыр. Шежіре деген жеті атаны тарату емес. Шежіре дегеніміз – аңыз. Нақтырақ айтқанда, ұлтты бір туыстық жүйеге  біріктіруші идеология.

Бағдарламада осыған қатты көңіл бөлген жөн. Елбасы да осы дүниені қадап, шегелеп айтты.Әрбір жер-су атаулары өткен күннен сыр толғайды. Көне кесенелер мен ескі архитектуралық құрылыстардың бәрі – тарих. Өкінішке қарай, аңыздардың көбі жоғалып барады. Ескі әңгімелерді таңнан-таңға ұрып айтатын көзіқарақты қариялар да жоқ. Сондай қиын жағдайға тура келдік. Бірақ, қолдағы барды ұқсату қажет.  Мен бұл бағытқа жоспар жасадым. Қазақ шежіресін негізге алып, Қазақстан тарихын жаздым. Астана тарихы туралы қомақты еңбек бітірдім.

Елімізде «Сакральді Қазақстан» ғылыми-зерттеу тобы құрылды. Соның мүшесімін. Халқымыз қасиетті жерді «әулие» деп атаған. Сол барлық әулие жерлерді жинақтап, энциклопедиялық анықтама жазып жатырмын. Жылдың соңында дайын болады. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысы жинаққа енгізуге бес қана қасиетті жерді көрсетіпті. Оңтүстік Қазақстан облысының әр ауданынан жүздеген әулие жердің тізімі келді. Демек, солтүстік өңірлерде қасиетті аймақтар ұмытылып барады. Оны қайта қолға алмаса кейін кешігеміз.  Сондықтан Мемлекет басшысының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тарихымызды жаңаша танудың құтты жолына айналды. Түптеп келгенде, байырғы Тайтөбе, ежелгі Қараөткел, кешегі Ақмола бүгінде тәуелсіз еліміздің бас қаласы Астанаға айналғаны қазақтың бақыты болды деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Азамат  ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*