«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жалпыға ортақ декларация: не күтеміз?:

0 113

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің тұрғындары (кәмелетке толған азаматтар, оралмандар және ҚР-да тұруға ықтиярхаты барлар, кәмелетке толмағандар – егер оларда мүлік тіркелсе немесе табысы болса, еліміздің аумағында меншігі не үлесі бар шетелдіктер) табыс декларациясын толтырады. Мемлекет мүлікті ғана емес, әр адамның үйінде жинаған ақшасына дейін жария етуді талап етеді. Қаржы министрлігі жалпыға ортақ декларациялауды енгізуге қатысты халықтың арасына түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті.

12,9 млн қазақстандық декларация тапсырады

Алдын ала жасалған есептеулер бойынша, 2020 жылы шамамен 12,9 млн қазақстандық табысы жөнінде декларация тапсырады. Соның ішінде қала халқының саны 7,4 млн адамды, ауыл халқының саны 5,5 млн адамды құрайды,- деп түсіндірді айтулы жаңалықты Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тәкиев. Оның айтуынша, декларациялау жүйесіне енгізгенде 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, жеке тұлғаның активтері, дебиторлық және несиелік берешегі, қолма-қол ақшасы, шетел банкіндегі шоттары туралы «№250 форма» атты бастап­қы декларация толтырылады. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, биологиялық активтер түрінде басқа да мүлікті көрсете алады.
Декларацияны тапсырудың екі мерзімі бар: қағазбен тапсыратындарға 15 шілдеге дейін; электронды форматпен тапсыратындар 15 қыр­күйекке дейін. Одан әрі жыл сайын табыс пен мүлік декларация­сы толтырылып отырады. Оның да екі формасы бар: қысқаша және кеңейтілген. Кіріс пен мүліктің қысқаша декларациясын (№260 форма) мұғалімдер, зейнеткерлер, студенттер мен жалдамалы жұмысшылар (ел тұрғындарының шамамен 70 пайызы) тапсырады. Кеңейтілген декларацияда бір жылдағы табыстар, атап айтқанда, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды, меншікті капиталды, инвестициялық алтындарды және т.б. сатып алудан немесе иеліктен шығарудан түскен табыстар көрсетіледі. 2020 жылдан кейін жыл сайын қазақстандықтар тек №260 форманы ғана тапсыратын болады.

Халықтың 80%-ы электрондық декларацияны таңдады

Мәди Тәкиев құзырлы мекеменің Қарағанды облысының Осакаров ауданында қанатқақты жобаны іске қосқанын мәлімдеді. Аталған жобаның тиімділігін анықтау үшін, әуелі әртүрлі қашықтықтағы 3 ауылдық округ (Есіл, Озерный, Жансары) таңдалған. Алдын ала толтыру рәсімін жүзеге асыру мақсатында уәкілетті органдардан ақпарат алынып, декларация бланкілері толтырылған. Бүгінге дейін Озерный мен Есілден барлығы 1 902 өтініш қабылданып, соның ішінен 102 салық төлеушінің құзыр­лы орган берген ақпаратымен сәйкессіздіктері анықталған. Сондай-ақ, қанатқақты жоба барысында 1528 жеке тұлғаға сауалнама жүргізіліпті. Сайып келгенде, халықтың 80%-ы электрондық форматты, 20%-ы қағаз түріндегі форматты таңдаған көрінеді. Декларацияны толтыру кезінде қиындық туа қалса, тұрғындардың 40%-ға жуығы халыққа қызмет көрсету орталығына, 32%-ы мемлекеттік кірістер басқармасына, 20,9%-ы «1414» байланыс орталығына жүгінетінін айтыпты.

Үйіңізде 12 млн теңге ғана сақтай аласыз

«Жалпыға ортақ декларация енгізілген соң, азаматтар өз үйінде 12 млн теңгеден астам қаражатын сақтай алады. Одан көп ақшаны банктегі шотына салуға міндетті болады. Декларация толтырғанда үйіңізде сақтаған және банктегі шотыңызға салған барлық ақшаңызды көрсетесіз»,-деп түсіндірді ақшаға қатысты мәселені Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың пәтердегі немесе акциядағы үлесін әке-шешесі не қамқоршысы көрсетіп жазады.
Құзырлы органдағылар декларациялаудан қашқақтағандарға алдымен ескерту жасайды, содан соң әкімшілік жазаға тартады. Айыппұлдың көлемі – 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 120 250 теңге төлейді. Ең бастысы, жеке тұлға декларациялау базасынан өзінің меншігінде не барын үнемі көріп отырады. Өзін өзі жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтарға арналған оңайлатылған тәртіп енгізілмек. Сонымен қатар, Мәди Тәкиев қазақстандықтар қандай мерзімдегі ақпаратты ұсынатынын түсіндіріп берді. «Мерзіміне қатысты айтар болсақ, Сіздер 2019 жылдың 31 желтоқсанында өз меншігіңізде бар мүлікті көрсетесіздер. Ол бір не екі жыл бұрын сатқан мүлігіңіз емес. Дәл сол 31 желтоқсанда иелігіңізде тұрған мүлігіңізді көрсетесіз. Декларациялау жүйесіне енген соң, біз одан әрі бақылау жасаймыз» деді ол.
Айтпақшы, еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің жыл сайын 31 наурызға дейін декларация тапсыратыны белгілі. Өткен жылы осыған қатысты 1100 заң бұзушылық орын алыпты. Біреу декларацияны кешігіп тапсыр­са, екінші біреу қандай да бір мәліметтерді көрсетпеген. Мемлекеттік кірістер комитеті оларға әкімшілік шара қолданып, барлық материалдарды сотқа жөнелтіпті. Айта кетелік, мемлекеттік қызметшілердің декларациясы өздерінің қалауымен ғана жария­ланады. Қаржы министрлігінің шенеуніктері өздерінің табысын ашық көрсетіп жүргенін білеміз. Тағы бір мәселе бар. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі ерлі-зайыптылар өздерінің табысын ғана көрсетеді. Ал жалпыға ортақ декларациялау жүйесі енгізілген соң, олар туған-туыстарының да кірісі мен мүлкі жөнінде ақпарат беруге міндеттеледі.

«Қазақстандықтар декларациялауға дайын емес!»

Жалпыға ортақ декларациялауды енгізуге қатысты біздің қоғамның пікірі алуан түрлі. Кейбір сарапшылар мемлекеттің бұл бастамасына қолдау білдіруде. Алайда халықтың өз табысын жариялауға дайын еместігін алға тартып, жаппай декларациялау қазақстандықтарды есеңгіретіп тастайды деген ұстанымын білдіргендер де бар.

Айдархан Құсайынов, экономист:

– Менің ойымша, бұл дұрыс қадам. Соңғы 15 жыл бойы айтып келдік. Енгізетін кез келді. Мұның артықшылығы, табыстарға дұрыс салық салынады. Осы мемлекетте өмір сүреміз, онда салықты уақытында төлейік. Өйткені, мемлекет адамды қорғайды. Ал табысын жасыратындардікі – қылмыс. Мысалы, фрилансер де салық төлеуге міндетті. Ол да мемлекет салған тас жолмен жүреді, жәдел жәрдемнің және полицияның қызметін пайдаланады. Бұл біреулер үшін қолайсыз болуы мүмкін, бірақ керек. Сонымен қатар, декларациялау сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі айналымдағы ақшаны шектейді. Бұдан кейін алаяқ­тықпен табыс табатындар да өз кірісін қалай заңдас­тырудың жолдарын іздейді.

 

Наталья Янцен, «Yantsen Company» атқарушы директоры:

– Қазақстандықтар жалпыға ортақ декларациялауға дайын емес. Өйткені, халық шығысы мен кірісіне есеп жүргізуге дағдыланбаған, сондай-ақ қосымша растайтын құжаттар жинамайды. Мысалы, кез келген адам келісімшарт бойынша қосымша табыс табады. Бірақ біз ешқашан тапқан табысымызды растайтын құжат жинауға әдеттенген жоқпыз. Сол себептен бұл шара халықты бірден есеңгіретіп тастайды. Екіншіден, «көлденең» жалақы алатындар көп. Мұндай жағдайда жұмыс берушінің заң бұзушы болып табылатынына қарамастан, табыс тапқан қызметкер өзіне автокөлік, пәтер, саяжай сатып алады. Сондықтан, салық инспекторлары одан ақшаны қайдан алдың деп сұрауы мүмкін. Үшіншіден, бұл жерде бақылаушы органдар қарапайым адамдарға назар аударады. Менің білуімше, мемлекет қазір қарапайым халыққа қатысты көптеген заңдық актілер қабылдап жатыр. Соған сәйкес, банктер, брокерлер, нотариустар, риелторлар, қорғаушылар, заңгерлер, зейнетақы қорлары салық органдарына барлық келісімшарттар бойынша ақпарат жеткізіп отырады. Сайып келгенде, мемлекеттік кірістердің айтарлықтай үлесі қарапайым халықтан жиналған алымдармен ұлғаяды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды