-->

Жалғыздың да үні шығады

erm_0188-asli

«Жастар» театрының жаңа туындысы көрер­мендерге жол тартты. Көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесінің желісімен сахналанған музы­калық моноспек­такльді театр әртісі Дәурен Серғазин қой­ды. Жалғыз актерге арналған қойы­лымда бас кейіпкер – Жеңіс­ханның бейнесін де ре­жиссердің өзі сомдап шықты.

Әңгімені оқыған жұрт ондағы оқиғалар бір жақтан, яғни автордың сөзімен ғана баяндалатынын біледі. Бұл тұрғыдан алғанда, шығарма сахналанғанда жанры дұрыс айқындалған. Тақырып та театр бағытына сай таңдалды. «Махаббат жасқа қарамайды» десек те, ғашықтық жастыққа ғана жарасатын сезім екенін мойындауымыз керек.
Актер, режиссер ретінде өзіміз танитын Дәурен Серғазиннің бұл қойылымда тағы бір қыры ашылды. «Ән аға» телехикаясында Шәмші Қалдаяқовтың жігіт кезін ол бекерден-бекер сомдамаған екен. Моноспектакль жанрында аталмыш театрда алғаш рет қойылған қойылымның музыкасын өзі жазып, бірнеше авторлық әнін қосты.
«Ән жазумен біраздан бері әуестенген едім. Бара-бара әндерімді қайда қолдан­сам екен деп ойлана бастадым. Содан моноспектакль арқылы жарыққа шығаруға болатынына көзім жетті. Соған сай келетін материал қарастырып жүргенімде, Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесіне тоқтадым. Осы шығарманы сахналап, оған он шақты әнімді қостым. Ән жазу қолымнан келе ме, келмей ме деген ой өзімді көп мазалады. Сондықтан маған әндерім жөнінде халықтың пікірі керек болды. Алайда бұл мақсатты ғана ұстанған жоқпын, осы моноспектакль арқылы актерлік пен режиссерлігімді шыңдасам деген ойды басшылыққа алдым» дейді Д.Серғазин.
Моноспектакльде қосымша вокалмен бас кейіпкерді Мейір­ғат Амангелдин мен Ің­кәр Нә­сиева, ал музыкалық сүйемел­деумен Ақжан Орынбасарова және Айсұлтан Жәлиев демеп тұрды. Режиссердің сөзінше, бұл қойылым көрер­меннің көңілінен шықса, оны тұрақты репертуарға қосу көзделуде. Сондай-ақ, ол аталмыш жанрдағы ізденіс­терін тоқтатпайтындығын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*