«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жалған сертификат жарға жықты

0 85

«Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам». Халық даналығы кешегі Астана медициналық университетінде болған даудан кейін еске түсіп отыр. Аталмыш университетке жүргізілген жоспардан тыс тексерістің нәтижесі қоғамды дүр сілкіндірді. Себебі жалған IELTS сертификатымен оқуға түскен 117 адам анықталған. Жалған сертификат осы уақытқа дейін неге анықталмады? Еліміздің басқа да оқу орындарында осындай сертификатпен ағылшын тілін тапсырмай-ақ 100 балл алып, оқуға түскен студенттер болуы мүмкін бе?

Дәл қазір бұл оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыға түсті. Өйткені кезінде магистратураға тап осы сертификат иелерінің «кесірінен» оқуға түсе алмай қалғандардың саны көп екен. «Әр істің бір қайырлысы бар» демекші, олардың көбі есесіне шетелде білім алып келгендіктерін арнайы хэштег қойып, мақтанышпен жарыса жазуда.
Осы арада заңды сауал туындайды. Сонда аталмыш уни­верситеттің ақылы бөлімінде оқитын сту­дент­тері осылай арыз жазып, тексеріс жүргізуге ықпал етпесе, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді?! Қанша жерден олардың сабақты үздік оқығандары айтылса да, заңсыздықтың тіркелгені – ақиқат. Осы оқиғадан кейін Астана медициналық университетінің ректоры баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүр болып, деректің анық-қанығын өзі айтып берді.
«Студенттер өздерінің сертификаттары жалған екенін білді. Біз олардың ар-ұяты оянып, өз еріктерімен оқудан шығаруға өтініш жазатын шығар деп күттік. Өйткені бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда. Кейбіреулері өз еріктерімен шығып кетті. Бірақ 84 адам өз сертификаттарын түпнұсқа деп отыр. Студенттермен кездесіп, жиналыс өткізген кезде кейбірі сертификатты бейтаныс әйелден сатып алғанын айтқан болатын. Бұл баланың сандырағы, бұл студенттер – дипломы бар дәрігерлер, соған қарамастан осындай өтірік айтып отыр. Бұл адамдар біле тұра қылмысқа барды» дейді университет ректоры Мәжит Шайдаров. Оның айтуынша, бүгінде 33 адам оқудан шығарылған және 84 адамды шығару туралы жұмыс комиссиясының қарауында жатыр. Ал кейбір студенттер болса алаяқтықтың құрбанына айнал­ғанын және сертификаттың жалған екенін білмегенін мойын­даған екен.
Сонымен, бұл даудан кейін университет ЖОО кейінгі білім беру деканымен келісімшартты бұзып, ал деканның орынбасары мен бас маман өз еріктерімен жұмыстан кеткен көрінеді. Оқудан шығарылған 117 адамның 82-сі резидентурада, 24-і магистратурада, қалған 11-і докторантурада оқығаны белгілі болды. Ал оларға ай сайын бөлінген қаржы тиынына дейін бюджетке қайтарылмақ. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Ернар Тұрсынбеттің айтуынша, магистратурада оқу­дың бір айлық шығыны – 65 мың теңге, резидентурада – 67 мың теңге, ал докторантурада 120 мың теңгені құрайды.
«Оқудан шығарылғандар дәрі­гер­дің дипломына ие болғандар әрі олардың резидентура, магистра­тураға түсуге құқы бар. Бірақ біз олардың тізімін тек жариялап қана қоймай, Қазақстанның меди­циналық университеттеріне жібереміз. Олар енді бюджеттік негізде оқуға түсе алмайды, тек ақылы бөлімде оқи алады» дейді университет басшысы.
Жалпы, даудың бұлай өрбуі­не соңғы уақытта құжат тапсыр­ғандардың сертификатын тексе­ріп, оның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін арнайы норманың жоқтығы. Университетке анықтау міндеті де жүктелмеген. Бұған дейін жыл са­йын Білім және ғылым министрлігі сертификаттардың көшірмелерін алып отырғандықтан, мұндай деректер кездеспеген.
Ал медициналық университетке салынған айыппұлға келсек, 25 АЕК-ті құрайды. Яғни білдей оқу орны 56725 теңге айыппұл төлеп, білім беру қызметін жүргізу құқығын лицензиялау әрекетін 6 айға тоқтатқан. Айта кетейік, лицензияның уақытша жоқтығы оқу үрдісіне ешқандай әсерін тигізбейді.

Айгүл ҚАПТАҒАЕВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры

– Қалай болғанда да, бұл жағдайдан соң барлық университеттер өз базаларын тек­серіп, сертификаттардың сәйкестігіне көз жеткізді. Аталған сертификатты беретін British Council және басқа да ұйым­дармен байланысу мүмкіндігін таптық. Менің ойымша, процесс басталған сияқты. Тексеру болған жағдайда онымен Бақылау ко­митеті айналысады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды