«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жалғаймын деп үзіп алма, түзеймін деп бұзып алма…

0 70

Ән – қазақ сахнасының ең құнды жәдігері. Ерте кезде әнге, оған жазылған сөзге баса мән берген. Сондықтан болар халық әндерінің айтар ойы анық, берер тәрбиесі мол, жастарды дұрыс жолға салуда әлі күнге дейін сабақтастығын жоймай келеді. Қазақтың қара домбырасының өзі адамды рухтандырып, тебірентпей қоймайды. Десек те, қазіргі уақытта осы ұлттық ән өнерін дамытуға, дамытудан бөлек сақтап қалуға мән бермейтініміз өкінішті. Мәселен, қазақ сахнасында жүрген менталитетімізге мүлде сай келмейтін Q-pop деп аталатын жаңа музыкалык ағымның мақсаты не? Корейлерден енген бұл субмәдениеттің қазаққа керегі бар ма?

Q-pop музыка жанры Қазақстанға 2015 жылы келді. Негізін салушы «Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан болса, бұл жанрдың алғашқы орындушылары «Ninety One» тобы. Бес жігіттен тұратын аталмыш топ ең алғаш сахнаға «Айыптама мені» атты әнімен шықты. Аз уақыттың ішінде үлкен сахнаға шыққан бойз-бэндтердің жанкүйерлері де жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жылдам көбейді. Бар-жоғы үш жылдың ішінде бұл топ қазақтың ән сахнасына жаңа субмәдениетті оңай енгізіп жіберді. Топтың ерекшелігі әуен ырғағына сай би қимылдарының жасалуы және шығыс стиліндегі қазақ жігіттерінің өнер көрсетуі. Топ мүшелерінің айтуынша, бұл субмәдениетті енгізудегі мақсат Қазақстанды әлемге танытып, қазақ тілін өзге елдерге насихаттап, жастарды жаңашылдыққа тәрбиелеу. Шынында, солай ма?

Жаға ұстатқан жаңашылдық: «Кет-кет, дем ал, дігідік, Тігіліп қал!»

Қазіргі таңда «Тоқсан бір» тобының Қазақстанда бес жүз мыңға жуық жанкүйерлері бар екен және арнайы фанклубы да ашылып үлгеріпті. Ол фанклуб – Eaglez. Аталмыш топтың жанкүйерлері шетелдіктермен де толығып үлгерген. Өздері таратқан мәліметке сүйенсек, топтың алғашқы бейнебаяны 120-дан астам ел жастарының назарын аударған көрінеді. Атап айтқанда, бойз-бэндтердің Ресей, Украина, Ұлыбритания, Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Қытай, Автрия секілді елдерде де жанкүйерлері жетерлік. Олардың арасында осы топтың арқасында қазақ тілін үйренуге құлшынысы артқан шетел азаматтары да кездеседі-міс. Дегенмен, бұл жігіттердің өнерін елімізде сынаушылар жетеді. Көбіне сынның сойылына ілігетіндері жігіттердің жекеше стильдері мен ән сөзінің анайылығы. Аталмыш топқа қарсылық көрсеткен қазақ жанашырлары шашты түрлі түске бояу, киім кию стильдері мен ән сөзінің дөрекілігі қазақи менталитетке қарама-қайшы, жат дүние деген пікірлерін білдіруде. Тіпті, топтың өнер көрсетуіне қарсылық танытқан біраз азаматтар Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды қалаларында олардың концертін болдырмай тастады. Сонда да бой берер емес… Ендеше, мынаған назар аударайық.

Мен істеймін шынайы, стиль – жұбайым, шайқамаймын, тек дірілдетемін

Дір-дір, mic check- 1, 1, бұл flow үңгір, Тез-тез, кір-кір, PRRR!

Біз барда шоу-биз тірі, біл! Абайла, жатса тіліп тілім

Yo! Кет-кет, дем ал, дігідік, Тігіліп қал! Мә, ортан терек!

Бұл «Ninety one» тобының «Аһ Уаһ Маһ!» өлеңінің бір ғана шумағы. Жәй төрт қатардың өзі мағынасыз тіркестер мен дөрекі сөздерге толы. Жастардың санасына жаңашылдық ретінде еніп кеткен бұл өлеңсымақтар қазақ ұлттық ән өнерін тасада қалдырып жатқандай сезіледі. Тіпті бұл субмәдениеттің дамуына Ұлттық арна да қолдау көрсетті. «Жүрсіннің жүйріктері» атты телевизиялық ақындар айтысын аптаның алтыншы күні әзер көретін болсақ, «Q-pop Idols» деп аталатын тележобаны аптаның алты күні тамашалауға мүмкіндік беріп қойған.

Балаға бабадан қалған өнер керек

Жалпы, біздің басты кемшілігіміз – бейқамдығымыз. Біз ақ пен қараны айыруды білгенмен, қарамен күресуге, әсте құлықсызбыз . Болып жатқан оң не теріс жағдайларға тек өз пікірімізді білдірумен ғана шектелеміз. Жақсы нәрсе болса көтеруге, пайдасыз дүние келсе күресуге тырыспайтынымыз ақиқат.

Әдетте, әр ел өз мәдениетімен еркшеленеді. Өзіндік стиль мен мәдениеттің болуы халықтың жеке дара ұлт болып қалыптасуының негізгі қағидаларының бірі. Біздің өзгелерден де айырмашылығымыз – сол. Біз жеке дара ұлт бола тұра, неге кәрістерге еліктеуіміз керек? Мұндай пайдасыз іспен күресе білген түріктерден біздің Мәдениет министрлігінің қай жері кем?

Ән турасында әңгіме қозғалса қазақта айтар сөз таусылмас, сірә. Кезіндегі, сал-серілер, жыршы-жыраулар, әнші-ақындарымызда есеп жоқ па дерсіз. Хакім Абай айтқандай «Әннің де естісі бар, есері бар». Осы ұстанымды ұстаған ертедегі қазақтар өз ұрпақтарына ән арқылы тәлім-тәрбие беруді көздеді.

Ер жігітке жарасар,

Қолына алған найзасы.

Би жігітке жарасар,

Халқына тиген пайдасы.

Бұл Бұқар жыраудың өрелі сөзі. Қай кезде де сөз қадірін білетін қазақ халқы, ойды дөп басып, шатып емес, атып айта білген. Өлең өрнегін келістіріп, шындықты шымбайына батыра сөйлеген. Бүгінде ұлттық өнерді насихаттаушылар аз болса да, жоқ емес. Ешқандай ұлтқа еліктемей-ақ, Құрманғазының «Адай» күйімен бүкіл Германияны аузына қаратқан «Ұлытау» тобы ше?! Миллиардтар жарқыратқан Димаш Құдайбергеновтың «Дайдидауды» көрші елде шарықтата шырқағаны есімізде.

Қорытындылай келе, әр ұлт осындай өз ерекшелігімен еленуі тиіс деп ойлаймын. Басқа ұлттың мәдениетін қайталап, әлемді таң қалдыра алмайсыз. Жоғарыда айтылған екі түрлі өлеңді бір-бірімен салыстырып та керегі жоқ. Біріншісі, ұзын сонар мағынасыз бәлдір-батпақ болса, екіншісі қысқа қайрылған ұлағатты ұлы сөз. Қазақта «Шаштараз сақал түзер, өнерпаз шаһар түзер» деген әдемі сөз бар. Яғни, бүтін бір халықтың мәдениеті өнерімен мәңгі ұштасады. Сондықтан келешек ұрапағымыздың санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру үшін, оларға жеткізетін дүниеміздің дұрыстығын қадағалауымыз керек. Шет елдің мәдениетін жаңашылдық ретінде жалғаймын деп, өз мәдениетімізден айырылып қалудан сақтанайық. Бабаларымыз бойымызға сіңірген ұлылықты, балаларымыздың санасына қасиетін жоғалтпай дарыту парыз деп білемін.

Аружан МАХМҰТ,

№ 48  Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы, Қызылорда облысы Шиелі ауданы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды